Халықтың хал-ахуалын білу мақсатында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Берік Оспанов арнайы іссапармен Созақ ауданында болды. Халық қалаулысы Сызған ауылдык округі тұрғындарымен кездесу өткізді. Ауылдық клуб ғимаратына жиналған халықпен кездесу жиынын аудан әкімі С.Полатов ашып, жүргізіп отырды.
Мәжілісмен тұрғындарды қазіргі таңда еліміздін заң шығарушы органында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып өтті. Әсіресе, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі ретінде жер реформасы мәселесі бойынша құрылған Ұлттық комиссияның күн тәртібінде талқыланып жатқан, қабылданып жатқан шешімдер жайлы кеңінен айтып берді. Өз кезегінде ауылдық округ ардагерлер кеңесінің төрағасы Маханбет Шоңбаев, ауыл тұрғыны Байзақ Таңатаров, жастар атынан Мәди Маханбетов, шаруа қожалықтарының өкілдері сұрақтар қойып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Мәжіліс депутатының ауданға іссапарына аудандық мәслихаттың хатшысы Бегімбет Байғараев, аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ролан Әлжанов, Сызған ауылдық округінің әкімі Серік Маманов, ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Кайырбек Мейірманов қатынасып отырды.
Бұл кездесуде мәжілісмен аудандағы қордаланып жатқан мәселелермен танысып, оны жуық арада шешетінін айтып, аудан тұрғындарына уәде берді.