Бүгін Түркістан қаласында Түркістан облысы мен Шымкент қаласы əкімдіктерінің арасында меморандум жасалды. Меморандумға қол қойған Түркістан облысының əкімі Жансейіт Түймебаев Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бір-бірін қолдап, бірге дамитынын айтты.
- Өздеріңіз білетіндей биыл Шымкент қаласы республикалық маңызға ие мегаполиске айналды. Ал, 19 маусымда Елбасы Жарлығымен Түркістан облысы құрылып, Түркістан қаласы облыс орталығы болып бекітілді. Бүгін республикалық статусқа ие Шымкент қаласының əкімі Ғабидолла Рахматоллаұлымен бірлескен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойып отырмыз. Елбасы 1 қыркүйекте өткен Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Түркістан мен Шымкентті дамыту мəселесіне ерекше тоқталып өтті. Қырғызстанда өткен Түркі мемлекеттері басшыларының кеңесінде де Түркістанның маңыздылығына мән берді. Шымкент - Түркістан облысына ең жақын қала. Сондықтан өңірдің дамуына ең бірінші кезекте Шымкент қаласының қосар үлесі зор. Біз бір-бірімізді қолдай отырып, облыс пен қаланы, сол арқылы республикамызды дамыта беруіміз керек, - деді Жансейіт Қансейітұлы.
Өз кезегінде Шымкент қаласының əкімі Ғабидолла Əбдірахымов "Түркістанның Қазақстан үшін, жалпы Түркі əлемі үшін маңызы зор. Шымкент қаласы мен Түркістан облысы арасында əкімшілік шекара бар шығар, бірақ, біз əрқашан біргеміз. Елді ешкім бөле алмайды. Жансейіт Қансейітұлы, Бас жоспар бекітілген соң Түркістан қаласындағы ең бірінші ғимаратты Шымкент қаласы əкімдігі салып берсін. Сіздің тарапыңыздан бізге тапсырма болса болды. Шымкент қаласы əрқашан Түрікістанмен біргеміз, - деді.
Меморандум бойынша əлеуметтік-экономикалық жəне кәсіпкерлік саласында, инфрақұрылымды дамыту, ғылым мен мəдениет саласында жəне басқа да мəселелер бойынша əкімшілік-аумақтық құрылымдар арасында тығыз байланыс пен əріптестік орнату көзделіп отыр. Меморандум аясында өнеркәсіп, шағын жəне орта бизнес, денсаулық сақтау, мəдениет, құрылыс, цифрландыру, кәсіби аппарат жасақтау, тұрғын үй-коммуналдық жəне өзге де салалар бойынша əріптестік орнатылады.