9 ай бойы мектеп қабырғасында білім алған оқушлыр 3 ай жазғы демалысты бос өткізбеу керек. Олар бұл кезде өздерін жетілдіретін түрлі үйірме, лагерьлерге барып бойындағы әлеуетті дұрыс бағытқа бұра білген жөн. Осыған орай, өңірлерде жазғы демалысты тиімді өткізуді ұйымдастыратын лагерьлер санын көбейткен абзал.
Мінекей, Жетісай ауданына қарасты Қызылқұм ауылдық округіндегі Ябек Есенбеков атындағы ескі мектеп алдағы уақытта 200-ге жуық оқушынының жазғы демалысын қамтамасыз ететін лагерге айналмақ. Ол үшін бір жылдан бері қолданыссыз жатқан мектепте барлық мүмкіндіктер бар. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Яғни оқу ғимараттары мен ойын алаңшасын қайта қалыпқа келтіруге болады. Аумағы екі жарым гектарды құрайтын нысанды қайта құрылымдау үшін тез арада жобалық сметалық құжаттама әзірленуі тиіс.
Сондай-ақ, Ж. Ералиев ауыл округіне қарасты қазір қолданыстан алынған «Сырдария» орта мектебін де 100 оқушыға лайықты лагерь ету мәселесін қарастыруымыз қажет. Бұл туралы аталған білім ошақтарын аралап көру барысында Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев мәлім етті.
Алдымен аудан басшысы Ябек Есенбеков мектебінің бүгінгі жай-күйімен танысып, ескі нысандарды қайта құрылымдап, лагерге икемдеуге болатынына көз жеткізді. Осы ретте әкім мектеп аумағына күзетті күшейтіп, қажетті құрылыс материалдарының қолды болып кетпеуін тапсырды. Алдағы 1 айда аталған екі нысанға да сметалық құжаттама әзірлеп, аудандық құрылыс бөліміне тапсырылмақ. Егер жоба толық іске асып жатса, Жетісай ауданындағы 300 оқушыны жазғы демалыс орнымен қамтамасыз етуге мүмкіндік тумақ.