Бүгін Түркістан облыстық Ауыл шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрбек Бадырақов Өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өткізді. Баспасөз жиынында өңірде мал басы артып, сыртқа ет жібере бастағаны белгілі болды. Бұл жөнінде облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, биыл 9 айда ірі қара мал басы саны 11 пайызға артып, 972,6 мыңға жеткен. Қой мен ешкі саны 4,2 пайызға артып, 4323,0 мың басқа, жылқы 7,9 пайызға артып, 304,0 мың басқа, түйе 6,8 пайызға артып, 27,5 мың басқа, құс 8,2 пайызға артып, 1934,0 мың басқа көбейген.
– Мал басы санының көбейгеніне байланысты өңірдегі ет өндіру көрсеткіші 7 пайызға артқан. Нәтижесінде өндірілген ет көлемі 154,7 мың тоннаға жетіп отыр. Ал, жұмыртқа өнімі 9,2 пайызға артып, 146,7 млн. дананы құрады. Сүт 3,2 пайызға артып, 555 мың тоннаны құрады. Жалпы облыста 4,5 мың тонна ірі қараның еті алыс жақын шет елдерге экспортталып, тапсырма 4,5 есеге орындалды. Бұл етті экспорттау бойынша өңіріміздің республикада 1-орында тұрғанын білдіреді, – деді Нұрбек Бадырақов.
Бүгінде 2018-2027 жылдарға арналған ұзақ мерзімді етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасына сәйкес Түркістан облысының жұмыс жоспары әзірленіп, Ауыл шаруашылығы министрлігімен келісіліп, бекітілген.