Республика Президенті Н.Ә. Назарбаев жыл сайынғы халыққа жолдауларында ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық тұрақтылыққа төнген қатер ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі жалпыұлттық кешенді бағдарламаны дәйекті түрде жүзеге асырудың қажеттігін айтып өтеді.
Бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агентігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бас маманы Ғ.Жүндібаев Түркістан қаласының Әділет басқармасының ұжымына түсіндіру жұмыстарын өткізді.
Кездесудің негізгі мақсаты - Жолдаудың басым бағыттарын, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықпен күрес шараларын күшейтумен қатар оның алдын алу жолдарының маңызды бағыттарын түсіндіру болды. Жиынға басқарма ұжымымен бірге, мемлекеттік және жеке сот орындаушылары қатысты.
Іс-шарада сөз сөйлеген Ғабит Өмірәліұлы Елбасы өз Жолдауында сыбайлас жемқорлықпен белсенді күрес жалғасатын болады деп атап өтті. Демек, Агенттік тарапынан тиісті жұмыстар, жаңа жобалар жүзеге асырылуда, бірақ, жемқорлықпен күресу тек Агенттіктің ғана емес, бүкіл қоғамның, бірінші кезекте мемлекеттік қызметшілердің міндеті. Сондықтан мемлекеттік қызметшілер басқа да мемлекеттік қызметшілер тарапынан болатын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға жол бермеу керек екенін айтып, жемқорлықпен бірге күрес жүргізуге шақырды.
Жиын соңында қатысушыларға тақырыптық бейнероликтер көрсетіліп, жадынамалар таратылды.