Мемлекет басшысы биылғы халыққа Жолдауын «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» деп атады. Бұл мақсатта ел ертеңіне бағытталған он түрлі маңызды міндетті алға тартты. Осы аталған басым міндеттердің бірі – жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі.
Қоғамда «көлеңкелі экономикадағы» келеңсіз әрекеттер әлі де азаяр емес. Сондықтан бүгінгі уақыт талабына сай мемлекеттік органдардағы процестерді, оның ішінде олардың халықпен, бизнеспен қарым-қатынасын цифрландыру – кезек күттірмейтін маңызды мәселенің бірі болып отыр.
Айта кетейік, Мақтаарал ауданы бойынша «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын орындау үшін аудан әкімімен жұмыс жоспары бекітіліп, бірнеше жобалар іске аспақшы. «Smart Maktaaral» деп аталатын жоба бойынша аудандағы базарлар мен сауда нүктелерінің, қызмет көрсету орындарының жұмысын автоматтандыру, білім беру ұйымдарында IT сыныптарын ашу, аудан бойынша тегін Wi-fi желілерін құру, коммуналдық төлемдерді терминалдар және смартфон арқылы онлайн төлеу, электронды ақша айналымына жағдай туғызу, ауданның маңызды жолдарында ақылды жарықтандыру жүйелерін орнату, бейнебақылау жүйелерін дамыту, ақылды суару жүйелерін енгізу сияқты т.б. жұмыстар атқарылатын болады.
Аудан әкімдігіне қарасты дербес бөлімдер, кенттер мен ауылдық округтері әкімдері аппараттарының ғимараттарында тұрғындардың «Өзіне-өзі қызмет көрсету» бұрыштары ашылған. Осы бұрыштарда азаматтар өзіне қажетті қызметті алу мүмкіндіктері бар.