Технологиялық прогресс экологиялық жағдайдың нашарлауына әкеп соғады. Үлкен аумағы бар, табиғи ресурстарға бай Қазақстан да шектеу емес. Дегенмен, ел басшылығы экологияны жақсарту, жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды кеңейту, табиғатқа ұқыпты қарауды дамыту мәселелеріне баса назар аударады. Қазақстан Президенті Қ. Тоқаев «Cындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында осы бағыттардағы жұмысты жандандыруды тапсырды.
Экологиялық сауат мектеп қабырғасында қалыптасады. Экологиялық білім беру, экологиялық тәрбие беру мәселесі өзекті екені сөзсіз, сол себепті Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында мектеп бағдарламасына «Балалардың экологиялық білімі« пәнін енгізу туралы тапсырма берген болатын. Онымен қоса Президенттің тапсырмасына сәйкес әзірленген «Жасыл Қазақстан» Ұлттық жобасында экологиялық аспектілерді ресми білім беру және ағарту жүйесіне біріктіру керектігін айқан еді. Аталған тапсырма бойынша мектептің 6-сынып бағдарламасына таңдау бойынша жаңа курс ретінде «Экологияны» енгізіп, осы бағыттағы ағарту орталықтары желісін құру көзделген. Экологиялық тәрбие – мектептегі тәрбие жүйесінің негізгі бағыттарының бірі. Табиғатқа деген сүйіспеншілік, оны құрметтеу бірден келе бермейді. Сол себепті жоғарыда аталған Президенттің тапсырмасы бұл оқушыларды табиғатты қорғау ісіне жан-жақты қатысуға (мектепте және үйде жабық өсімдіктерді көбейту және өсіру) сабақта, сабақтан және сабақтан тыс жұмыстарда табиғатты зерттеуге жол ашады. Осы арқылы мектеп оқушыларын табиғатты қорғап қана қоймай, энергия көздерін, шикізатты тиімді қолдануға жастайынан тәрбиелеуге мүмкіндік береді.
Осы ретте түркістандық мектеп оқушылары сабақ барысында түрлі ғылыми тәжірибе жүргізіп жүр. Ол үшін Германия, Франция, АҚШ-тан арнайы лабораториялық құрылғылар әкелінген. Түркістан қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде өсімдіктер мен гүлдер өсіруге арналған экожүйе қарастырлыған. Тіпті, білім алушылардың деректі фильм түсіріп, телешоулар ұйымдастыру мүмкіндігі бар.
Назарбаев мектебіндегі цифрлық зертханада 55-ке тарта жобалық-зерттеу жүргізуге болады. Бұл - жоғарғы сыныптардың тәжірибелік жұмысын ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
«Мұнда оқушылар өздерінің эксперименттерін жасап, жобаларын жасап отырады. Солардың бірі өсімдіктерді зерттеуге арналған құрал. Осы арқылы оқушылар қандай ағашты қалай отырғызған тиімді екенін анықтай алады. Біздің шәкірттер қазір осы тақырыпты тереңінен зерттеп, дайын жобаны ұсынып отыр»,- дейді биология пәнінің мұғалімі Сандуғаш Тәліп.
Арнайы құрылған экожүйеде 1000-нан аса гүл өсіп тұр. Бұл оқушылардың ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысуға қызығушылығын арттырады. Мұнда балық пен өсімдікті бір жүйеде өсіру әдісі қолданылады. Осы технологияның арқасында, балықтар үшін таза су алынса, ал өсімдіктер үшін органикалық қалдықтар жинауға мол мүмкіндік бар.
Сондай-ақ, мұнда телерадио студия, хореография залы, қыш құмыра сыныбы, жатақхана, нанотехнология мен биотехнология сыныбы, тынығу бөлмесі бар.
Мектептің айналасы жасыл желекке оранған. Білім ордасының әр бұрышында түрлі өсімдіктер, гүлдер ауаның тазаруына өзіндік үлесін қосуда. Жақында ғана 7А мен 7В сынып оқушылары мектеп алдындағы жасыл желекке 100-ден аса бозарша екті. Зияткерлік білім ошағының көгалдануына бүгінде әсем көрініске енуіне оқушылар ерекше ынтамен атсалысуда.
Айта кетейік, Түркістан қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі 2021 жылдың 26 қарашасында ашылған болатын. Қазіргі таңда онда 410 оқушы білім алады. 23 мың шаршы метр аумақты алып жатқан мектепте 120 балаға арналған жатақхана, 360 орындық асхана, кітапхана, спорт кешені және мәжіліс залы жұмыс істеп тұр. Спорттың бірнеше түрін дамытуға жағдай жасалған.