Әрекет түбі – берекет

njk 9.jpeg

Төлеби ауданында 36 ауыл табиғи газбен қамтылған. Өткен жылы он ауылға газдың құрылысы жүріп, бүгінде үшеуі іске қосылса, қалған жетеуіне газ кіргізу бойынша құжат реттелуде. Аудандағы барлық ауыл 2020 жылы толығымен газбен қамтылады. Леңгірде үлкен саябақ бой көтеріп, көшелері толықтай абаттандырылады. Ауданда 2400 гектар жеміс бағы болса, қарқынды бау көлемі 240 гектарды құрайды. Туристерге қызмет ететін жетпіске жуық демалыс және киелі орындар бар. Жақында Ақмешіт шатқалында «Таңсұлу» демалыс аймағы ашылады. Сайрамсу өзені бойынан да  жаңа демалыс орындары бой көтермек. Бұл орайда ақпараттық қолдау  мақсатында Леңгір қаласында туристік мәлімет алатын орталық ашылады, арнайы сайт жасалып, мобильді қосымшасы дамымақ. Таяуда журналистермен жүздескен Төлеби ауданының әкімі Бауыржан Омарбеков де осындай  жетістіктерге тоқталды. «Әрекет түбі - берекет»  екенін  айтты.

толе би 11.jpg

Аудан көлемінде газбен қамту көрсеткіші 87 пайызды құрап отыр. Енді жеті ауылға қажетті қаржы қарастырылса, 2020 жылдың соңына аудан жүз пайыз табиғи газбен қамтылады. Ақпарат құралдарының өкілдері арнайы пресс-тур аясында алдымен “көгілдір отынды” пайдаланып отырған Алатау ауылдық округіне қарасты Қайнар ауылына аялдап, тұрғындардың тыныс-тіршілігімен танысты. Ауыл тұрғыны Әбдіқадыр Құдабаевтың анасы Мәуегүл 103 жаста екен. Өмір бойы отын тасып, көмір жаққан әженің ендігі ұрпағы “көгілдір отынның” рахатын көрмек. Қарияның жүрісі ширақ болғанмен, құлағы ауыр. Бірақ, жатып қалмай, бақшасында өзі жүріп тұрады. «Мені сыйласаңдар сендерді Құдай сыйласын» деп тілегін жаудырған апа, өзіне төніп, бірдеңе сұрағысы келіп тұрған жастарға қарап: «неғыласыңдар мені, не пайдам бар?» деп күледі. Ғасыр жасаған «Тыл ардагері» ұлы ның айтуынша, әзірге газ асүйдегі плитаға келіп тұр. Күн суытқанша толық жалғап алмақ. Ауыл  әкімі Болысбек Ешімбетовтің айтуынша, Қайнар ауылындағы 290 үйде 1500-ден аса тұрғын тұрады. Алатау ауылдық округінде он елді мекен болса, жетеуі “көгілдір отынмен” 2011-2013 жылдарға дейін қамтылыпты. Биыл Қайнар, Нысанбек, Жаңатұрмыс  елді мекендерінде газ құбырының құрылысы жүрген. Қайнар ауылында жол жақсы. Жүз пайыз құбыр арқылы келетін ауыз суды халық 24 сағат тұтынады. Әкім айтпақшы, тағы бір артықшылығы - таза ауасы. Жалпы Алатау ауылдық округінде тұратын 9 мыңнан аса халық ауыл шаруашылығымен және жеке кәсіппен айналысады. құрт, май әзірлеп, нан жауып тауға демалуға бара жатқандарға сатады. 

Көпір көпке шыдайды 

толе би.jpg

Ақмешіт шатқалына апаратын Екпінді – Ақмешіт жолындағы  көпірге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы желтоқсанда басталып биыл тамызда аякталады деп жоспарланған жөндеу жұмысы көктемгі толассыз жауында біраз тоқтап қалған. Он бес жылға кепілдігі бар көпірді салуға 48 млн. теңге қаралған. Ұзындығы  - 30, ені 10 метр,  екі көлік қатар сиятын, 60 тонналық жүкке арналған көпір маусым айында пайдалануға берілмек. «Шынымен ұзақ мерзімге шыдас бере ме?» деген тілшілер сауалына жауапты мамандар  тереңдігі үш метрге дейін бетондалғанын айтты. Екпінді – Ақмешіттен бөлек, Қаратөбе, Шахта Тоғыс, Ханарық ауылдарындағы  үш көпірдің жөнделуіне аудан бюджетінен 200 млн. теңге бөлініп, құрылысы жүргізілуде. Бәрі осы жаз айларында пайдалануға беріледі.

Таза су тұтынуда

толе би 4.jpg

 Бірінші Мамыр ауылдық округіне қарасты Тағайна ауылының тұрғындары осы уақытқа дейін ауыз суды есік алдындағы  7-8 метр тереңдіктегі құдықтан, Бадам өзенінен, бұлақтардан сүзілмеген күйде тұтынып келген. Ал, өткен жылы ел игілігіне берілген құбыр арқылы жеткізілетін таза ауыз су жер астынан 400 метр тереңдіктен алынып, сүзгіден өткізіледі. Тағайнада 300-дей отбасы бар. Аудандағы 55 ауылдың  53-і орталықтандырылған ауыз су құбырымен қамтылған. Қалған екеудің бірі Ақайдар ауылының биыл құжаты әзірленсе, жыл соңына дейін су келеді. Келесі кезек Жаңакүш ауылында. Аудан тұрғындары үшін ауыз судың бір кубы 87 теңгеден болса, оның 30 теңгесін тұрғындар төлеп, қалған 57 теңгесі республикадан бөлінген қаржы ретінде субсидияланады.   

    Жаңалығы көп жаңа жоба 

тол 6.jpg

Аудандық білім бөлімінің меңгерушісі  Роза Аманова «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында интернет желісі арқылы «Tolebі.bіlіm malіmet»  жобасы жүзеге асырыла бастағанын Ленгір қаласындағы №7 мектепте интерактивті тақта арқылы түсіндірді. Роза Сәрсенбекқызының айтуынша, білім бөліміне керекті мектептерден жинақталатын есептерді, сауалнама, мәліметтерді интернет желісі арқылы сол мезет жолдай алады. Қағазбастылықтан арылтып, уақытты үнемдейді. Сыбайлас жемқорлықты жоюға ықпал етеді. Ақпаратты телефон немесе интернет арқылы кез келген ауылдан жіберуге болады. Бақылау жұмысының қорытындысы сынды білім сапасы жайлы мәліметті ұстаздар аудандық білім бөліміне әкеліп уақыт жоғалтпай, осы жоба арқылы жылдам жібере алады.  Базаға жиналған мәліметтер арқылы автоматты түрде білім сапасы есептеліп шығады. 67 мектеп, 2597 оқушы бар ауданда интернет желісін тартуға 33 млн. теңге қаралған. Қыркүйектен бастап бейнебақылау қосылады. “Телеграм” мессенжерінде арнайы «Төле би аудандық білім бөлімінің» чаты ашылған. Ата-аналар, мұғалімдер білім бөлімінің басшысына тікелей осы жерден сұрақ қоя алады. Кейбір мәселелерді басшыға тіке айтуға мүмкіндік туады.

толе 5.jpg

 Аудандағы екі мектептегі бірінші сыныптағылар  үй тапсырмасын мектепте оқуда. Бірінші сынып оқушыларының оқулықтары ауыр. Кітаптарды үйге тасығанмен, ата-анасының сабақ үйретуге уақыты бола бермейді. Сондықтан балабақшадағыдай, арнайы шкафтар дайындап соған балалардың кітаптары мен киімдері қойылады. Түскі үзілісте мектеп тек шай берсе, ата-аналарының көмектесуімен тамақтанып, түс қайта үйге берілген тапсырманы орындап үйге тапсырма да, кітап та алмай қайтады. Бұл жоба әзірге №7 және №4 мектепте эксперимент ретінде қолданылуда. Ұстаздарға түс қайта қалғаны үшін 30 пайыз айлығына қосымша ақы төленуде. Тоқсанның соңында басқа мектептермен салыстырмалы түрде білім сапасының деңгейі анықталады. Жақсы нәтиже берсе өзге мектептерге де қолданылады. Балалар  оқулықтарды тасымау үшін электронды оқулықтарды сынып жетекшісі ата-анасының телефонына жіберу арқылы орындауға болады. 

толе би 3.jpg

Киелітас ауылындағы М.Әуезов мектебін ауыл тұрғындары асарлатып жарым-жартылай салған екен. Соны толықтыру үшін спорт зал, акт залы, асхана, шеберхана, кітапхананың құрылысы салынып, жақын күнде пайдалануға берілмек.

 Көшетті Италиядан әкелді 

толе би 2.jpg

Журналистер, сондай-ақ Кемеқалған ауылдық округіне қарасты Абай ауылында  «Қазығұрт бақтары» өндірістік кооперативінің жұмысымен танысты.   – 110  гектарға Италиядан әкелген алманың төрт сорты, яғни 270 мың көшет егілді. Өзге елдерде де осы алмаларға сұраныс көп әрі таулы ауданның ауа-райына қолайлы екен. Әр жыл сайын аздап салғанмен, үш жылдан соң 80 тоннаға дейін өнім алуға, оны эскпорттауға болады. Мемлекеттің қолдауымен«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы қаржыландыруымен жұмыс жүзеге асқан. Әрқайсысының құны 4-7 доллар тұратын көшетті науқан кезінде 180 адам жабылып еккен, қазір тамшылатып суғару күтіміне 150-дей маман жұмылуда,- деді жауапты маманның бірі Ералы Жұманов. Баудың егесі облыстық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер Әсет Қайыпбеков. 

Одан кейін «Ғайып Ерен-Қырық Шілтен» зиярат ету орнында 200 адамға арналып соғылған қонақ үйді көрдік. Екі мезгіл тамағы, жуынатын орны бар жаңа бөлмелерге қонатын зиярат етушілер күніне 2-3 мың теңге көлемінде төлейді.

тол 8.jpg



 Аудан орталығы ажарлана түседі 

 Леңгір қаласының көшелерін реттеуге, абаттандыруға аудандық бюджеттен де қаржы бөлінбек. Соның нәтижесінде  орталық көшелерді жарықтандыру, аялдамаларды реттеу, жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары толығымен іске асады. Аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық,  жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұрлан Өксікбаевтың айтуынша, биыл әр ауданды көріктендіруге облыстан қосымша 1 млрд теңге қарастырылған. Ол қаржыға Леңгір қаласының жөнделуге тиіс көшелерінің бәріне асфальт төселеді. Жергілікті бюджеттен 27 көшені жөндеуге 600 млн. теңге қаралыпты. Аудан көлемінде  асфальттанған көшелердің көлемі 50 пайызға жақындаған. Қысқасы, таулы аймақтағы  жолдардың 80 пайызы қанағаттанарлық жағдайда. 

Динар БОРАНБЕКҚЫЗЫ, "Рейтинг" газеті 

Сурет авторы Азат Дидарбек 


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Түркістан: Абаттандыру талаптарын бұзғандарға хаттама толтырылды
  • Мақсат – сыбайлас жемқорлықтан таза қоғам қалыптастыру
  • Түркістан: Жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізілді
  • Мақсат—сыбайластыққа жол беретін себептерді жою
  • Түркістан: Өтініштер мерзімінде қаралуда
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер