
20 қаңтар күні Ерімбетов пен Рысқұлов көшелерінің қиылысында көлік жүргізушілері мен жолаушыларының қатысуымен жанжал орын алған. Оқиға нәтижесінде 40 жастағы ер адам алған пышақ жарақаттарынан оқиға орнында қаза тауып, тағы бір азамат медициналық мекемеге жеткізілді.
Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, жедел-іздестіру іс-шараларының қорытындысы бойынша аталған қылмысқа қатысы бар деген күдікпен төрт ер адам анықталып, ұсталды.
— Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі уақытта жедел-іздестіру шаралары жалғасуда. Аталған дерек бойынша «Адам өлтіру», «Бұзақылық» және «Адамды ұрлау» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды, — делінген полиция хабарламасында.
Күдіктілерді ұстау барысында Полиция департаментінің барлық қажетті күштері мен құралдары жұмылдырылды. Қазіргі уақытта қылмыстық істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
