Түркістан қалалық орталық ауруханасында эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлері ішінен коронавирус инфекциясын жұқтырған 11 маманға, оның ішінде 8 дәрігерге мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 2 млн теңге бір реттік төлемақы төленген. Бұл туралы мекеменің бас дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты Жанболат Ділдәбеков мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі таңда аурухана медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Түркістан қаласындағы «Яссы» шағын ауданында 200 төсектік орынды модульдік типтегі жұқпалы аурулар ауруханасының жаңа ғимаратының құрылысы басталды. Дәрі-дәрмектер, дезинфекциялық заттар мен жеке қорғаныш киімдерінің екі айлық қоры қоймаға жеткізілді. Сондай-ақ қалалық әкімдіктің қолдауымен оттегі бекеті іске қосылды. Жалпы, аурухана өзінің кезекпен және кезектен тыс түскен науқастарына жоғары технологиялық қызметтер көрсетіп келеді.
Айта кетейік, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Түркістан облысы бойынша филиалы коронавирус инфекциясының алдын алуға, диагностикалауға, емдеуге, эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысқан медицина қызметкерлеріне үстемеақы төлеуге 12,7 млрд теңге бөлген. Қор филиалы медициналық қызмет көрсету сапасын мониторингтеу бөлімінің бас сарапшысы А.Ибрагимованың мәліметінше, биылдың наурыз-қыркүйек айлары аралығында 9,3 млрд теңге төленген. Оның ішінде эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлерінің үстемеақысы 6,6 млрд теңге болып отыр. Сондай-ақ науқастарды провизорлық және карантиндік стационарларға емдеуге жатқызуды қаржыландыруға 1,8 млрд теңге жұмсалған. Облыс бойынша 395 мобильді бригада қызмет көрсетеді. Қор бригаданың әрбір шақыруға шыққаны үшін 5 400 теңге ақы төлейді.