Нашақорлықпен күрес үздіксіз жалғасуда

Жолдауда көтерілген тағы бір мәселе – нашақорлықпен күресті күшейту. Түркістан қаласында есепте тұратын тұлғалар тарапынан қылмыс пен басқа да құқық бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында олармен алдын-алу жұмыстары жүргізілуде. 

Screenshot_30.jpg

Профилактикалық есепте ішімдікке салынған, есірткіге әуес, бұрын сотты  болған, жүйке ауруымен ауыратын, мерзімінен бұрын шартты түрде босанғандар жүзге тарта азамат бар. Жалпы есепте тұратын маскүнемдер мен нашақорлар тарапынан құқық бұзушылықтардың алдын-алу мақсатында профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, Түркістан қаласындағы еріксіз емдеу орталығына маскүнемдікке салынған бірнеше азаматы соттың шешімімен орналастырылды.  

Статистика көрсеткендей жаман жолға түскендердің барлық қала мен ауылда кездесетіндігі қорқынышты. Алайда, үздіксіз жұмыс жүргізудің арқасында нашақорлар мен есірткі бизнесімен айналысатындардың саны жыл сайын азайып келеді. «Қазіргі таңда қала әкімдігімен бірлесе «Дрон» құрылғысын алуға «Билборд» эскиздері бойынша сұрау хаттары берілді және осы техникалық құрылғымен есірткі қылмыстарын анықтауда ҚР ҚК-нің 300-бабы арқылы оң нәтиже шығару жоспарлануда, – дейді жергілікті полиция бөлімінің өкілдері.

Нашақорлық пен есірткі саудасының алдын алу үшін Түркістан қалалық прокуратурасы да нақты жұмыстар жүргізуде. Ал қалалық аурухананың мәліметіне қарайтын болсақ, бүгінгі күні шаһарда 400-ден аса адам есепке алынған. Олардың көпшілігі 18-35 жас аралығындағылар. 

- Түркістан қаласында нашақорлықпен күрес жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқанымен есірткіге елітіп, тәуелді болып қалушылар аз емес. Сонымен қатар бүгінде есірткінің синтетикалық түрлері көбейген. Бұл орайда өз міндетін мінсіз атқарып жүрген полиция қызметкерлері қырағылық танытып, есірткі саудасының алдын алуда. Есірткіге қарсы күресті бәсеңдетпеген тәртіп сақшылар қала тұрғындарын зиянды әдеттерден бас тартып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырады. Сондай-ақ есірткі заттарын заңсыз сақ¬тағаны, өткізгені, өсіргені және контрабандасы үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын үнемі ескертіп те келеді. Қазірде Түркістан қаласындағы өтіп жатқан іс шаралардың негізгі мақсаты есірткі құралдарының заңсыз айналымымымен байланысты қылмыстардың алдын алу және жолын кесу, күдіктілерді есірткіні сақтау мен өткізу кезінде ұстау бағытында түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Бүгінде өңірде шамамен 400-ден астам нашақор есепте тұр. Ал жыл басынан бері алты айда есірткінің заңсыз айналымына қатысты жүзден аса есірткімен байланысты дерек анықталған, - дейді Түркістан қалалық полиция басқармасының бастығы Бауыржан Жанаев.

Бір сөзбен айтқанда, қалада нашақорлықтан, есірткіден есі кеткендердің саны азаймай, біржолата тыйылмай отыр. «Саламатты өмір салтын орнықтырамыз» деп үгіт-насихат жұмыстарын жүргізгенімізбен, қоғамды жайлап бара жатқан бұл кеселдің алдын алу үшін әлі де болса құқық қорғау органдары, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік ұйымдар бірлесе жұмыс істеу керек. Әсіресе, жастар орталықтары белсене араласулары қажет. Ақсақалдар кеңесінің де көмегі тиетінін байқап жүрміз. Мысалы, өткен жылдары Түркістан қаласында бір отбасы ішімдікке салынып, балалары сабаққа бармай, азғындау фактісі тіркелгенде, сол шаһардың сол ауданындағы билер алқасы әлгінің үйіне барып, ортаға салып, ақырында ол отбасын азып-тозудан сақтап қалды. Мұндай оқиға қаланың басқа да аудандарында кездесті. Қалалық ардагерлер ұйымының, оның қасындағы билер кеңесінің билердің араласуымен кеселдің алды алынды», - дейді «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан қалалық филиалының төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов.

Нашақорлықпен, есірткі саудасымен күресу үшін соңғы жылдары заңдар қатаңдатылды. Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілу кезінде шетелдік тәжірибелер де сарапталды. Халықаралық тәжірибе бүгінгі күні есірткімен күресуде қылмыстық шараларды қатаңдатпай, оны жою мүмкін емес екендігін көрсетті. Мысалы, Ұлыбритания, Бельгия, Грекия, Ирландия, Канада, Франция және басқа да елдер осы қылмыстар үшін өмір бойы бас бостандығынан айыруды белгіледі. Есірткіні сатқаны үшін өлім жазасына кесу Иран, Қытай, Сингапур, АҚШ және Тайланд заңнамаларында көрсетілген. Осыған байланысты «Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық-іс жүргізу кодекстеріне және Есірткінің заңсыз айналымы аясындағы жауапкершілікті күшейту мәселелері» бойынша «Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылықтары жөніндегі кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы әзірленіп, маусым айында қабылданды. Бұл заң тек аса ауыр есірткі қылмыстары үшін қылмыстық жауапкершілікке тартады, олар ҚР ҚК-нің 250, 259, 260, 262, 264 және 266 баптары бойынша белгіленеді. Осылайша жаңа заңға сәйкес, келесі қылмыстық санкциялар қолданылуы мүмкін. Атап айтсақ:

    – аса ірі көлемде есірткі контрабандасы үшін – 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыруға; лауазымды тұлғаның қызметтік жағдайын пайдаланып, есірткіні сатқаны үшін – 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруға;

    – оқу орындарында және кәмелетке толмағандардың есірткіні сатқаны үшін – 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыруға; ұйымдасқан қылмыстық топпен есірткіні сатқаны үшін – 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыруға; кәмелетке толмағандарды, екі немесе одан да көп адамдарды, сондай-ақ күш көрсетумен есірткіні пайдалануға тартқаны үшін – 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруға;

    – есірткіні пайдалануға тартып, соның негізінде адам өліміне әкеліп соққаны үшін - 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыруға;

    – есірткіні пайдалану үшін притондар ұйымдастырғаны үшін – 3 жылдан 7 жылға дейін, ал қызметтік жағдайын пайдаланғаны немесе ұйымдасқан топпен ұйымдастырғаны үшін 7 жылдан 12 жылға дейін.

Сонымен қатар, есірткі қылмысы тікелей заңсыз табыс табумен байланысты болғандықтан, осындай қылмыстың әрбір құрамы үшін мүліктерін міндетті түрде тәркілеу енгізілген.

- Қазірде Түркістан қаласында есірткі саудасының алдын алу шаралары жүйелі түрде жүргізілуде. Есірткі саудасы әлемдік деңгейдегі ауқымды трансұлттық қылмыс түріне жатады. Қаламыздың түкпір түкпірінен полиция қызметкерлері түрлі есірткі бизнесімен айналысатын тұрғындарды құрықтап, есіркі тәркілеуде. Бұл проблема қаланың емес, елдің, әлемнің проблемасы болып табылады. Ресми деректерге сүйенсек, қазіргі таңда Қазақстанда есірткіге тәуелді 110 мың адам есепте тұр екен. Содан да болар, есірткімен күреске елімізде ерекше назар аударылып отыр. Мәселен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында есірткінің, оның ішінде синтетикалық есіркінің таралуы – болашақ ұрпақтың жағдайына қауіп төндіретінін атап өткен болатын. Ал, әлемде нашақорлар саны 275 миллионға жеткен екен. Сөйтіп, жыл сайын есірткі 500 мыңнан астам адамның өліміне себеп болып отыр. Нашақорлық – ғасыр дерті, оны қолданған адамның өмірі қысқа әрі мәнсіз өтеді. Оған әуес, тәуелді болған адам өзіне барлық зиян әрекеттерді жинап жүреді. Оның көптеген түрлері болады, мысалы біреулер оны темекі ретінде пайдаланса, енді біреулер дәрі түрінде қолданып жатады. Оны қолданған адамдар оған бір-ақ күнде тәуелді болып қалып, өмір сүру уақыты өте тез қысқарады. Оның адам өміріне зардабы көп, - дейді Бауыржан Жанаев. 

Заң талаптарын жұртшылыққа түсіндіру құқық қорғау органдарының басты міндеттерінің бірі деп білеміз. Бұл жерде жалпақ шешейлікке жол беруге мүлдем болмайды. Өйтсек, ұлтымыздың болашағына балта шабамыз. Сыртқы күштердің де арманы – халқымыздың санасын улау, тәні мен жанының сапасын құрту, сөйтіп, өздерінің ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстау. Айналып келгенде, мәңгүрт ұлтты басқару оңай. Осыны әрбір адам түсіну керек. Ұлтымыздың ұсақталып кетуіне жол бермеуіміз керек.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Общественные деятели проявили активную гражданскую позицию
  • Түркістан жоғары көпсалалы, қолөнер колледжінде АЭС-ке байлансты жиналыс өтті
  • «Қолынан іс келеді»: Президент Дархан Сатыбалдыға қандай баға берді?
  • АЭС энергетикалық тапшылықты шешеді
  • В Шымкенте проведена информационно-разъяснительная работа по вопросам религии
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер