Жол-көлік оқиғаларын қалай азайтамыз?

Түркістан қалалып полиция басқармасының бастығы Бауыржан Жанаевтың тапсырмасы бойынша шаһарда жол қауіпсіздігінің алдын алу және жол ережелерін қасақана бұзушыларды анықтау бойынша жұмыстар күшейтілді.

Screenshot_29.jpg

Жол қозғалысы ережелерін сақтау, бұзушылық деректерін болдырмау мақсатында Түркістан қаласында кең ауқымды жергілікті тексеру жұмыстары жүргізілуде.

Түркістан қаласының полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері бір тәулікте шаһарда 100-ден аса жол қозғалысы ережесін, оның ішінде самокаттар мен мопедтерді пайдалану бөлігіне қатысты бұзушылықтарды анықтады. 

Жүргізушілер жол белгілерін және жолдың жүру бөлігі белгіленген ережелерді бұзуда, жолаушыларды тасымалдау ережелерін, жол қиылысынан өтуді, мопедтер мен скутерлерде қорғаныс құралдарын міндетті пайдалану талаптарын сақтамайды. Сондай-ақ, автокөлік жүргізушілері құжатсыз көлік құралын басқарғаны, алдыңғы және бүйір әйнектерді  қараңғылауға тыйым салу талабын бұзғаны, рульде телефонды пайдаланғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Тексерудің алғашқы күнінің қорытындысы бойынша айыппұл тұрағына жиырмаға жуық скутер мен мопед, бірнеше автокөлік құралы қойылды. Сонымен басқарма басшысының тапсырмасы бойынша, қалада жол қауіпсіздігінің алдын алу және жол ережелерін қасақана бұзушыларды анықтау мақсатында полиция қызметкерлері күнделікті рейд жұмыстарын жүргізуде.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында жол-көлік оқиғаларының елімізде көбейгенін ерекше атап өтті. «Жол апаттары қоғамның зор алаңдаушылығын туғызып отыр. Жыл басынан бері жол-көлік оқиғасынан 1300-ден астам адам қаза болып, 16 мыңнан астам азамат зардап шекті. Адамдар күн сайын жол үстінде қазаға ұшырап жатыр. Олардың арасында тұтас отбасылар да бар. Жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту және интеллектуалдық жүйені енгізу арқылы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге болады. Бұл – жергілікті ғана емес, республикалық жолдарға да қатысты мәселе. Осы салаға жауапты мекеме автокөліктердің техникалық жағдайына тиісті бақылау жасауы қажет», - дейді Президент. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда елімізде жол-көлік апаты күн өткен сайын көбейіп келеді. Ал, тас жолда зардап шеккендер саны бойынша Алматы, Шымкент қалаларымен бірге Түркістан қаласы да көш басында тұр. Сондай-ақ, көлік апаты салдарынан орын алған өлім-жітімге сәйкес, Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қарағанды және Атырау өңірлері алғашқы орында. Жалпы, біздің елде жыл сайын кем дегенде екі мың азамат жол-көлік апатынан көз жұмады екен. Бүгінгі күні статистикалық мәліметке қарап отырсақ Түркістан облысында биыл жол-көлік оқиғалары 68 пайызға оскен. Оның ішінде Түркістан қаласы да бар, - дейді Бауыржан Жанаевт. 

Байқап қарасаңыз, жыл сайын көлік апатына тап болып, адамдардың мерт болу факторлары автокөлік санының өсуімен бірге көбейіп келеді. Оқыс оқиға қаза тапқандардың жақындарының жанына жара салып, тіпті, кейбір ата-аналар болашағынан зор үміт күткен ұл-қыздарынан айырылуда. Қынжылтатыны, қанша дабыл қағылса да өлім-жітім азаймай тұр. Ішкі істер министрлігі қазіргі уақытта жол-көлік оқиғалары салдарынан болатын өлім-жітімнің үш түрлі себебі кең тарағанын мәлімдеді. Олар – қарама-қарсы жолаққа шығып соқтығысу, жаяу жүргіншілерді қағып кету және көліктердің аударылуы. Осы үш себеп – жол-көлік оқиғаларында қаза болғандардың 56 пайызын құрайды екен. Әрбір бесінші оқиға жылдамдықтың артуына байланысты болса, әрбір алтыншы оқиға маневр жасауға қатысты тіркелуде.

Түркістан қалалық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімі бастығының орынбасары Әдрахман Тоқбергенов «жол ережесін сақтамайтындар өкінішке орай өзінің ғана емес, өзгелердің өміріне де қауіп төндіретінін, өзгенің де өмірін күйретіп жатқанын түсінуі тиіс», дейді. Ал ол өз сөзінде кейінгі жылдары бұған қатысты заң күшейіп, азаматтар сәл де болса қоғамдық жауапкершілікті сезіне бастағанын жеткізді. «Мемлекет басшысы Жолдауында жол апаттары туралы айта отырып, жергілікті және республикалық жолдардың инфрақұрылымын жақсарту жайына тоқталды. Себебі, жол сапасы – қауіпсіздікке тікелей әсер ететін бірден-бір фактор. Ойдым жолдан қашамын деп от басып жатқандар қаншама? Жолдардың жүктемеге төтеп бере алмауы, жаяу жүргіншілер жолағы мен тиісті белгілердің дұрыс құрылмауы, кейбір аймақтардағы сапасы сын көтермейтін немесе тым тар жолдар, сондай-ақ түнгі уақыттарда тас жол жиегінде жайылатын қараусыз мал қайғылы оқиғалардың орын алуы-на әкеліп соқтырады. Кейбір аймақтарда әлі күнге дейін аудан орталықтарына баратын күре жолдардың сапасы сын көтермейді. Шалғайдағы елді мекендердің жайы айтпаса да түсінікті. Деректерге көз жүгіртсек, қайғылы оқиғаларда ережені елемеудің үлесі басым. Мас күйде көлік жүргізу қылмысы түбегейлі тыйылмай тұр. Мұндай оқиғалар, әсіресе жаңа жыл қарсаңында үдей түсетіні белгілі», – дейді ол. 

Қазіргі күні ел аумағындағы көлік жүргізу құқығына ие азаматтардың саны 5 миллион 800 мыңнан асады. Демек, әр жыл сайын шамамен 120 мың азамат көлік жүргізу құқығына ие болуда. Ал, тұрғындардың жартысынан көбі ескі көліктерді тізгіндейді. Мамандар тозығы жеткен техника жолдағы көлік апаттарына жиі себеп болады деген пікірде. Мәселен, қоғам белсендісі Елназар Ахметбек дамыған елдерде мұндай көліктердің жүруіне мүлде рұқсат берілмейтінін алға тартады. «Ел тұрғындары тізгіндеген көліктердің жартысына жуығы 20 жылдан асқан. Олардың заманауи қауіпсіздік жүйесі жоқ. Техникалық байқаудан амалын тауып өтіп жүр. Сандық көрсеткішпен алсақ, бұл – 3 миллион көлік. Әлбетте, жұрттың бәрі жарқыратып жаңа көлік міне алмасы тағы анық. Өйткені, жаңа көліктің бағасы шарықтап тұр. Көптеген оқиға адами фактордан, азаматтардың салғырттығы мен жауапкершілігінің төмендігінен белең алып жатыр. Жүргізушілердің жауапкершілігін оятып, түрлі келеңсіздіктің алдын алу үшін заңды барынша күшейту керек», – дейді ол.

Айта кетейік, үш ай бұрын Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Ержан Сәденов жол-көлік апаттарының алдын алу үшін 4 және одан да көп жолағы бар 6 мың шақырымнан аса жол салу қажеттігін айтқан. Ведомство басшысы елді мекендердегі инфрақұрылым мәселесі маңызды екенін, жол апатының 85 пайызы сол жерлерде орын алатынына тоқталды. «Өлім-жітімнің төрттен бірі жаяу жүргіншілерді қағып кетуден орын алады. Олардың ең көп үлесі – Маңғыстау, Алматы мен Қызылорда облыстарына тиесілі. Себеп – жаяу жүргінші жолдарының, жарықтардың, тротуарлардың болмауы», – деді министр.

Ал, өңірде соңғы 8 айда түркістан полицейлердің жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша атқарған кешенді іс-шараларына қарамастан, жол-көлік оқиғалары өскені байқалады. Түркістан облысының жолдарында 8 айда 64 рет жол-көлікті оқиға болған. Соның салдарынан 89 адам дене жарақатын алды, ал 21 адам көз жұмған. 

Атап өтерлігі, жол-көлік апаттарының орын алуына масаң күйде көлік тізгіндейтіндер, қауіпсіздік белдігін тағуды ескермейтіндер мен көлікті басқарып келе жатып ұялы телефонмен тілдесетіндер себепкер болуда. Нақ осындай қарапайым ережелерді қаперден шығарған кейбір жүргізушілер қайғыға душар болатыны да содан. Сол себепті, әлеуметтік желі қолданушылары мас күйінде көлік басқарғандарды 7 жылға ғана емес, өмір бойы көлік жүргізу құқығынан айыру керек деп есептейді.

Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, Сингапурда мас күйінде көлік тізгіндегендер жүргізуші құқығынан айырылып, үлкен көлемде айыппұл төлегені өз алдына, мемлекет заңын сыйламағаны үшін оған дүре соғылатын көрінеді. Ал, Қытай мен Тайландта мас күйде көлік тізгіндеп, кісі өліміне соқтырған жол-көлік апаты үшін жүргізуші өлім жазасына кесілуі мүмкін. Жапонияда ішімдік ішкен жанның көлігіне отырған кез келген жолаушыға үлкен көлемде айыппұл салынады екен. Әйтсе де, ережені мың жерден күшейтсек те, еліміздің әрбір азаматы жауапкершіліктің салмағын шын сезінбесе, бұл жағдай өзгермейтіні тағы шындық.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Отаншылдық та өз еліңе, өз жеріңе, өз тарихыңа деген сыйластықтықтан басталады
  • Әйелін ұрып, баласын жылатқанды заң басынан сипай қоймайды
  • Адамдардың құқықтық сауаттылығын арттыру қажет
  • Конституциялық сотқа тікелей жүгіну – конституциялық бақылау органының басты ерекшелігі
  • Заңмен тыйым салынған вейппен күрес тоқтамайды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер