Бас прокуратура Украинадағы соғысқа қатысты үндеу жариялады

47ba3bf7bc76dd35c2171689ce5.jpg

Бас прокуратура Украинадағы соғысқа қатысты қазақстандықтарға үндеу жариялады. 

-2022 жылдың ақпан айынан бастап бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Ресей Федерациясы мен Украина арасындағы қақтығысқа қатысты материалдар (жарияланымдар, бейнесюжеттер, хабарламалар, пікірлер) белсенді жариялануда. Бұл ретте олардың ішінен жекелегендері Қазақстан азаматтарын осы жанжалға қатысуға шақырулармен, ұлттық араздықты қоздыру, екі тараптың да азаматтарының ұлттық ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлау белгілері бар қасақана арандатушылық мәлімдемелермен және көрінеу жалған ақпаратпен сүйемелденеді. Бұдан бөлек, әлеуметтік желілердің кейбір пайдаланушылары, соның ішінде Қазақстан азаматтарының арасынан болып жатқан оқиғаларға жария түрде түсіндірме бере отырып, оларға еліміздің аумағының тұтастығына қатысты сепаратистік үндеулерді орналастыруда. Бұл әрекеттерге Қазақстан Конституциясымен, біздің еліміз қатысушы болып табылатын жалпыға танылған халықаралық-құқықтық құжаттармен тыйым салынған.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қоғамдық-саяси жағдайдың тұрақсыздануына жол бермеу мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде осындай арандатушылық сөздер мен шақыруларға берілмеуге шақырамыз.

Қазақстан азаматының шет мемлекет аумағындағы соғыс қимылдарына қасақана құқыққа қайшы қатысуы, сол сияқты ұлттық алауыздықты қоздыруға бағытталған қасақана іс-әрекеттер, бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, Қазақстанның тұтастығын, оның аумағына қол сұғылмауын және бөлінбеуін бұзуға жария түрде шақыру қылмыстық жазаланатын әрекеттер болып табылатынын (ҚК-нің 172, 174, 180-баптары) және 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соқтыратынын түсіндіреміз.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабына сәйкес қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, елеулі зиян келтіру қаупін туғызатын көрінеу жалған ақпарат таратқан үшін жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделгенін ескертеміз.

Мазмұндалғанның негізінде, азаматтарды және бұқаралық ақпарат құралдарын, әлеуметтік желілерді пайдаланушыларды жоғарыда келтірілген кез келген құқық бұзушылықтарды жасаудан аулақ болуға, осындай арандатушылық сөздер мен шақыруларға жол бермеуге және олардың алдын алуға шақырамыз,-делінген үндеуде. 


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Ирак бір жыныстыларды қатаң жазалайтын заң қабылдады(Суретті)
  • Дін мен діншілдік тақырыбы талқыланды
  • Қазақстан мен Өзбекстан арасында медициналық қарым-қатынас тереңдей түспек
  • Жеңіс күніне орай ардагерлер мен полицейлер арасында турнир өтті
  • 17 жылда 7 түрлі лауазымда қызмет атқарған Ерлан
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер