Каспий маңы мемлекеттерінің Ақтау саммиті Каспий теңізінің мәртебесі туралы аса маңызды тарихи уағдаластыққа қол жеткізілген елеулі оқиға ретінде тарихта қалады. ҚР Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Зүлфия Аманжолова Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы қабылданған Конвенцияның маңызы жайында айтып берді, деп хабарлайды PrimeMinister.kz.
Бесінші Каспий саммитінің қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарына арнаған мәлімдемесінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Конвенция Каспий теңізінің конституциясы деген сипаттама берді. Осы негіз қалаушы құжат жағалау маңындағы елдердің жан-жақты өзара іс-қимылын одан әрі қарқындатуға бағытталған.
Зүлфия Аманжолова Конвенция Каспий теңізінің суын, түбін, қазба байлықтарын, табиғи ресурстары мен әуе кеңістігін қоса алғанда, Каспийге қатысты тараптардың құқықтары мен міндеттерін реттейтін негізгі жан-жақты құжат екенін еске салды.
«Су айдынын бөлу мәселелері айқындалды. Аумақтық су көлемі 15 теңіз милі етіп бекітілді. Оның сыртқы шекарасы мемлекеттік мәртебеге ие болады. Аумақтық суға 10 мильдік балық аулау аймағы жалғасады. Онда әрбір мемлекет балық аулау кәсібінде ерекше құқыққа ие болады. Балық аулау келісілген ұлттық квоталар негізінде жүзеге асырылады. Теңіздің балық аулау аймағынан тыс бөлігі ортақ су кеңістігі болып қала береді. Мемлекеттік теңіз шекарасынан тыс аумақта Каспий жағасындағы елдердің туы бар кемелері еркін жүзе беретін болады», — деді ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі З. Аманжолова.
Айта кеткен жөн, Саммитте Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның ережелерін орындау мақсатында Каспий маңы елдерінің президенттері сыртқы істер министрліктеріне нақты міндеттер қоюға келісті. З. Аманжолованың айтуынша, сыртқы істер министрліктеріне Каспий теңізі мәселелері бойынша жоғары деңгейдегі топты құру тапсырылды. Бұл топтың таяу келешекке арналған міндеті — Каспий теңізінде тікелей бастапқы желілерді белгілеу әдістемесі туралы келісімді әзірлеу және келістіру.
Сондай-ақ, Мемлекеттердің басшылары Каспий теңізіндегі сенім шаралары туралы келісімді әзірлеу қажеттігі туралы келісімге келді. Бұл келісім аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің ортақ мақсаттарына қызмет етуі тиіс.
Президенттер Каспий теңізінің биологиялық ресурстарын заңсыз кәсіпке айналдырғандарға қарсы күрес жүргізуге бағытталған келісім жұмыстарын аяқтау туралы жағалаудағы мемлекеттердің келіссөз жүргізетін топтарына тапсырма жүктеді. Саммит барысында қол қойылған маңызды құжаттар арасында Каспий маңы мемлекеттерінің сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімі, сондай-ақ Көлік саласындағы ынтымақтастық туралы келісім бар.
Зүлфия Аманжолова Конвенцияны қабылдаудың Қазақстанға пайдасы туралы айтып берді.
«Біз аумақтың бүкіл периметрі бойынша мемлекеттік шекараны анықтадық, яғни, егер Қазақстанда Конвенцияға қол қойғанға дейін заң жүзінде рәсімделген құрлықтық шекарасы болса, Конвенция Қазақстанға теңізде де егемендік шектерін айқындауға мүмкіндік береді», — деді сарапшы.
Құжатқа сәйкес, әрбір мемлекет өз бөлігінің шегіндегі теңіз түбінің байлықтарына қатысты егемендік құқығын жүзеге асырады.
Қазіргі таңда Каспийдің солтүстік және орталық бөлігіндегі түбі мен қойнауына шек қойылған. Қазақстан Ресеймен тиісті Келісімді 1998 жылы, ал оған тіркелген Хаттаманы 2002 жылы бекітті. Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы теңіз түбінің шектеуі 2001 жылғы Келiсiмде және 2003 жылғы оған тіркелген Хаттамада белгіленген. Сонымен қатар 2003 жылы қол қойылған Каспий теңізі түбінің шектес учаскелерін шектеу сызықтарының торабы бойынша Қазақстан – Әзербайжан – Ресей келісімі бар. Қазақстан мен Түрікменстанның теңіз түбін делимитациялау туралы уағдаластығы 2014 жылғы Келісіммен бекітілді.
«Теңіз түбінің шектес учаскелерін шектеу сызықтары торабының аумағы Әзербайжан және Түрікменстанмен үшжақты форматта анықталған соң, біз Каспий теңізінде жер қойнауын пайдалану бойынша егемендiк құқықтардың шегін заңды рәсімдеуді аяқтады деп айта аламыз», — деп түсіндірді З. Аманжолова.
Бұдан өзге, Саммитте қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісінің айтуынша, тараптардың бұл жағдаяттар бойынша ұстанымдары келіссөздердің басынан бастап жақын болды. Бұл өз кезегінде экологиялық аспектілерге қатысты ережелерді ертерек келістіруге мүмкіндік берді. Каспий теңізінің қоршаған ортасын сақтау мәселелеріне ортақ тәсілдер негізінде 2003 жылы тараптар Тегеран конвенциясы деп аталатын Каспий теңізінің табиғи қоршаған ортасын қорғау туралы шектелмелі Конвенцияға қол қойды. Ақтау конвенциясына сәйкес, Каспий теңізінде биологиялық алуантүрлілікке зиян келтіретін кез келген іс-әрекетке тыйым салынады. Сондай-ақ, тараптар Каспий теңізіндегі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыру ережелеріне келісті.