Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шараға қатысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Мерейтойға Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар жетекшілері, қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар, шығармашылық зиялы қауым және жұртшылық өкілдері қатысты.
Іс-шараға қатысушылар Бұқар жырау ескерткішіне гүл шоғын қойды. Одан кейін «Күміс көмей әулие» атты театрландырылған қойылымды тамашалады.
Мемлекеттік хатшы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың салтанатты іс-шараға қатысушыларға арналған құттықтау хатын оқып берді. Онда Бұқар жырау қиын-қыстау жылдарда өткір жырларымен елді ұйытып, ата мекенімізді жаудан қорғауға шақырған көрнекті тұлға делінген. Біз – бақытты ұрпақпыз, өйткені ұлы бабамыз армандаған біртұтас ұлт және қуатты мемлекет құрдық. Сондықтан Бұқар жырау мұрасы әрдайым өзекті болып қала береді.
Бұқар жырау – ХVIII ғасырдағы ауыз әдебиеті поэзиясының ұлы өкілі. Ол Тəуке ханның тұсындағы ықпалды билердің бірі, сондай-ақ Абылай ханның бас кеңесшісі болды. Төле, Қаз дауысты Қазыбек жəне Əйтеке билермен бірлесіп, жалпы қазақ құқық заңдарының жиынтығы «Жеті жарғыны» әзірлеуге қатысты.
Жырау араб, парсы, қытай тілдерін жетік меңгерген, әділеттіктің жақтаушысы ретінде ізгілік пен ақиқатты ту қылып ұстады, табиғаттың таңғажайып көрінісін жырлады. Жыраудың басты ұстанымы халықтың бірлігі болды.
Іс-шара аясында эстрада жұлдыздарының, Қарағанды облысының шығармашыл топтарының – Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрінің және Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестік өнерпаздарының қатысуымен концерт өтті.
Сондай-ақ қазақша күрес, аударыспақ, аламан бәйге, топ бәйге, қыз қуу, көкпар және басқа да ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті.