Дедолларизация болғандықтан халық бұрынғыдай үрейге беріліп, алаңдаушылық білдіріп жатқан жоқ. Бұл жайында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің Экономикалық зерттеулер орталығының директоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Саябек Зиядин Baq.kz тілшісімен сұхбаттасу барысында айтты.
Сарапшы теңгенің құлдырауына қандай факторлар әсер ететініне тоқталып өтті.
«Әзірге азық-түліктің бағасы қымбаттамаған.Теңгенің құлдырауына екі фактор әсер етеді, олар ішкі және сыртқы. Қазақстандық экономикаға ішкі факторға қарағанда сыртқы фактор қатты әсер етеді, атап айтсақ мұнай мен газдың баррельге қатысты доллар бағасының өзгеруі. Тағы бір фактор әлемдік аренадағы саяси-экономикалық жағдайдың тұрақсыздығы да әсер етуде»,- дейді ол.
Оның айтуынша, соңғы кездегі доллар курсының көтерілуі халыққа қатты әсер етіп жатқан жоқ. Көпшілік қазір долларды пайдаланбайды, сондықтан олар аса сезініп жатқан жоқ.
«Дедолларизация болғандықтан халық бұрынғыдай үрейге беріліп, алаңдаушылық білдіріп жатқан жоқ. Естеріңізде болса алғашқы толқында доллар өсе салысымен дүкендегі тауардың бағасы да бірден көтерілген еді. Кеше өзім дүкенді аралап көрдім, ештеңе өзгермеген. Бензин бағасы орнында, нан, дәптер бағасы да көтерілмеген. Былтыр осы уақытта доллар 345 теңгеге дейін көтерілген. Сондықтан бұл өтпелі кезең, қысқа қарай 340 теңгенің деңгейіне қайтып келеді», -дейді ол.
Сарапшы доллар курсының өсуін жеміс-жидектің пісіп, сауда-саттықтың қыза түсуінің де әсері бар дейді.
«Қазір жеміс-жидектің пісіп жатқан кезі, сауда-саттық қызып тұр. Сондықтан осындай деңгейге жетіп отыр. Алайда біздің тауардың экспорты үшін доллардың осы курсы тиімді, бірақта оның келесі жағы импорт кезінде халыққа қымбатталған зат келуі мүмкін», деді- С. Зиядин.
Сөз арасында ол туризм саласын зерттейтіндігін, доллардың өсуі сыртқа шығатын азаматтар үшін қолайсыздық тудыратындығын айтып өтті.
«Әсіресе, сыртқа демалуға баратын қарапайым халық үшін оңайға соқпайды. Қазір ұшақ билеттері өсіп жатқан жоқ, дегенімен отандастарымыз шетелде долларды пайдаланатыны белгілі. Осы тұста олардың бұрыннан жинап жүрген қаржысы мардымсыздау болып қалады. Мәселен, билетті алдын ала брондағандар үшін де қолайсыздық тудырып тұр. Өйткені олар үстіне тағы ақша қосып төлейді. Ал, шетелде фирмасы бар, жұмысы бар және үнемі шығып жүргендер бұл жағдайды аса сезе қоймайды. Олар тіптен теңгені қолданбайды да», -дейді ол.