Салыхан Полатов: «Созақ-жыр, Созақ-қария, Созақ-өнер»

Screenshot_1.jpg

Қарт Қаратаудың еңісін жайлаған Созақ ауданын халық Теріскей деп те таниды. Аудан 1928 жылы Теріскейді мекендеген 6 болыс ел мен Жылыбұлақ болысы негізінде құрылды. Кеңес дәуірі кезінде Созақ ауданы ауыл шаруашылық саласында қаракөл өндіруден облыс бойынша бірінші орында болған. Ауданның орталығы 1934 жылдан Шолаққорған ауылы. Ауданның әкімшілік-басқару құрылымына 10 ауылдық, 2 поселкелік әкімшілік және олардың қарамағына 39 елді мекен кіреді.  Созақ ауданы тарихи жерлерге және ескерткіштерге өте бай. 

Созақ ауылы ХІІ–ші ғасырдағы жазбаша деректерде көп аталады, ал ХVІ- ХVІІ ғасырларда Қазақ хандығының астанасы болған. Созақ топырағында Баба Түкті Шашты Әзіз, Ысқақ баб, Қарабура, Саңғыл би әулиелерінің кесене-тарихи ескерткіштері бар. Созақ, Бабата, Құмкент елді мекендері кезінде, Ұлы Жібек жолы бойында өте маңызды орын алған. Созақтан шыққан өнерпаздар жетерлік. Атап айтар болсақ ақын Құлыншақ Кемелұлы, талантты жазушылар Тәкен Әлімқұлов, Асқар Сүлейменов,  даңқты күйшілер  Сүгір, Төлеген Момбеков, қобызшы Жаппас Қаламбаев, тағы басқа да танымал азаматтар. 

Ертедегі бабаларымыз «Әзіреті Қаратау әулиенің кені еді» деп бекер айтпаса керек. Бүкіл түркі әлеміне танымал қазақ жеріне ислам дінін уағыздаушы, ендіруші Баба Түкті Шашты Әзіз әулиенің мекені бұл Созақ. Шашты Әзіз «Алпамыс батыр» жырындағы ірі тұлға болса, дала түріктеріне Ислам дінін ең алғаш таратушылардың бірі, Қожа Ахмет Яассауиге арғы ата болып келетін ірі тұлға-Ысқақ Бабтың кесенелері осы Созақ жерінде. «Қобыланды батыр», «Қамбар батыр» жырларының шығу тарихы осы Созақпен тікелей байланысты екенін біреу білсе біреу білмес.

Аудан экономикасының дамуының басты бағыттары тау-кен өндірісі мен ауыл шаруашылығы саласы. Ауданда уран кен тасы, тас-көмір өндіріледі. 8 өнеркәсіп нысаны, оның ішінде 5 уран өндірісімен, 1 алтын, күміс өндірісімен, 1 көмір өндірісімен, 1 тұз өндірісімен айналысатын кәсіпорын бар. Аудан жер асты қазба байлықтарына өте бай. Қазіргі таңда өндіріліп жатқан қазба байлықтардан бөлек, газ, мұнай, тальк, мрамор, мыс, фосфор, ванадий, керамзит, әк және тағы басқа қазба байлықтар молынан орналасқан. Өнеркәсіп кәсіпорындары облыстағы тау-кен өндірісінің негізгі /87,5 %/ өндірушілері болып табылады. Талай танымал тұлғалар түлеп ұшқан бұл өңір - көне кесенелер мен құнды жәдігерлер сақталған киелі мекен. Қойнауынан құт дарыған, шатқалынан шаттығы тасыған Созақ өңірі - ырыс пен ынтымақтың қайнар бұлағы. Халқы еңбексүйгіш, жері құнарлы мекен бүгінде өндіріс орындары өркендеп, агроөнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы  дамыған  аудан  ретінде танылып отыр. 

Осы орайда ауданда атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар мен торқалы той 90 жылдықты аудан халқы қалай тойлайтындығы жайында білу үшін Созақ ауданының әкімі Салыхан Полатовпен сұхбаттасқан болатынбыз.

- Салыхан Сабырұлы, алдымен Созақ ауданының 90 жылдық дүбірлі тойымен өзіңізді және де өзіңіз басқарып отырған аудан халқын шын жүректен құттықтаймыз! Жалпы, аудан тізгінін Сіз ұстағалы бергі уақытта қандай тыңғылықты тірліктер атқарылды, соған тоқталып өтсеңіз?

- Рахмет! Жалпы, аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Маған дейін де ауданды басқарған басшылар көптеген жұмыстарды атқарып  кетті. Бүгінгі күні ауданның көркеюі жолында жасалынып жатқан тірліктер толастаған емес. Өткен жыл мен ағымдағы жылдағы атқарылған жұмыстар мен халыққа пайдалануға берілген нысандарға қысқаша тоқталып өтсем.

Индустриялды аймақта бірнеше зауыттар өндіріске қажетті құрал-жабдықтар шығарып отыр.  «UKO-S Star» Металл құрастыру зауыты» ЖШС, «Дархан-АС» ӨК ас тұзын өндіру зауыты, «Благо Лизинг НПЗ» ЖШС және «Сырлы-Созақ» ЖШС зауыттары полимер қалдықтарын қайта өңдеп, төменгі қысымға арналған полиэтилен құбырларын шығарумен айналысып, 98 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Ал, өткен жылы «UKO-S Star» ЖШС металл бөшкелер құрастыру зауыты іске қосылып, 25 адам тұрақты жұмыс орнын тапты. Аталған зауыт жылына техникалық майларға арналған 120 000 бөшке шығаруға қауқарлы. Жалпы, уран өндірісі мен  ауыл шаруашылығынарқа сүйеген  аудан болған Созақ өңіріне орта және шағын бизнес негізгі  локоматив ретінде өңірдің дамуына серпін беріп отырғанын айтып өткеніміз жөн. Сонымен қатар, біраз уақыттан бері мәселе туындап, құрылыс аяқталмай тұрған аудан орталығындағы «Тәуелсіздік» саябағын өткен жылы іске қостық. Демеушілер есебінен әр ауылдан спорт алаңшаларын соқтық. Жекеменшік балабақшалар пайдалануға беріліп жатыр. Шолаққорған-Шымкент тас жолының екі шетіне тал егіп, абаттандыру жұмыстарын жалғастырдық. Шолаққорған-Созақ бағытындағы айналма жол іске қосылды. Бір сөзбен айтқанда, атқарылып жатқан істер аз емес. Алдағы уақытта осы сынды жұмыстар жалғасын таба беретін болады.

- Мерейтой қарсаңында халыққа қандай тартулар жасалынып жатыр?

- Бұл мерекенің аудан халқы үшін маңызы ерекше деп білемін. Себебі, 90 жылда Созақ ауданының халқы басынан талай қиыншылықты өткізгені баршаңызға аян. Бірақ, уақыт емші демекші, ауданның қазірге келбеті Елбасының жүргізіп отырған салиқалы саясатының арқасында адам танымастай өзгерген. Біз бұл мерейтойдың жоғары деңгейде аталып өтілуіне бар күшімізді салып жұмыс жасаудамыз. Жылдың басынан бергі уақыттың өзінде ауыл-ауылдарда бюджет есебінен, демеушілерді тарту есебінен, мектеп бітіруші түлектер есебінен түрлі нысандар бой көтерді. Атап айтар болсақ, Шолаққорған ауылынан демеушілер есебінен шағын футбол алаңшасы салынып, аудандық бюджет есебінен Ж.Жабаев атындағы жалпы орта мектебінің құрылысы жүргізіліп, аудан орталығының көркін арттыру мақсатында аудандық бюджет есебінен 10 арка, ұзындығы 8,5 шақырымды құрайтын ауылға кіре берістен Жеткіншек елді мекенінің шыға берісіне дейінгі көшелер жарықтандырылды. Жеткіншек елді мекеніндегі 3 көшенің жөндеу жұмыстары аяқталды. Жартытөбе елді мекенінен жергілікті бюджеттің есебінен «Астанаға – 20 жыл» саябағы ашылды. Құмкент ауылынан аудандық бюджет пен демеушілер есебінен ойын және футбол алаңшасы, қатты қалдықтар тастайтын полигон салынып, Қызыкөл елді мекеніндегі 1 көшеге жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Созақ ауылынан облыстық бюджет есебінен №1 колледждің құрылысы және де аудандық бюджет есебінен 2 этажды 10 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Сызған ауылына келер болсақ, аудандық бюджеттен 1 көше жарықтандырылып, ауыл тұрғындары есебінен «Бәйге» алаңы салынды. Қарақұр ауылында демеушілер есебінен футбол алаңшасы, аудандық бюджеттен жастар саябағы, облыстық бюджеттен 2 ФАП құрылысы жүргізіліп жатыр. Қаратау ауылында облыстық бюджеттен 1 ФАП құрылысы жүргізіліп, Жуантөбе ауылының 3 көшесі жарықтандырылды. Тасты және Шу ауылдарынан демеушілер есебінен спорт алаңшалары салынып, Шу ауылындағы ауылдық клуб аудандық бюджет есебінен ағымдағы жөндеуден өтіп, ауыл жастарының көз қуанышына айналды. Сондай-ақ, Қыземшек кентіндегі ауылдық клуб та ағымдағы жөндеуден өткізілді.

- Ағымдағы жылдың өзінде біршама халық игілігіне арналған нысандардың бой көтергеніне көз жеткізіп отырмыз. Бұл әрине көңіл қуантарлық жәйт.  Міне бүгін басталып үлгерген торқалы тойдың барысына тоқталсаңыз.  

- Мерекеге жоғарыда айтып кеткенімдей, жыл басынан бері, тіпті өткен жылдан бастап та дайындықты бастап кеткенбіз. Мерейтойды біз «Созақ-жыр, Созақ-қария, Созақ-өнер» тақырыбының аясындағы іс-шаралар жоспары бойынша тойлауға кіріскенбіз. Бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес мерейтойды тойлау екі күнге яғни бүгін-ертең, 11-12 қазан күндеріне жалғасады. Осы екі күн ішінде Шолаққорған ауылынан «Айжан» балабақшасы, ЫАлтынсарин атындағы жалпы орта мектебі жанынан демалыс аймағы, Жартытөбе ауылынан футбол алаңшасы, «Асылжан» балабақшасы, Құмкент ауылынан спорт кешені, Таукент кентінен спорт алаңшасы, ауылдық клубтың жаңа келбеті, Қарақұрдан ойын алаңшасы сынды ауыл-ауылдарда түрлі нысандардың ашылу салтанаты өтеді. Сонымен қатар, республикалық ақындар айтысы, «Тәуелсіздік» алаңынан ауданымыздан шыққан «Еңбек ерлеріне» қойылған кеуде мүсіндерінің салтанатты ашылу рәсімі, «Созақ-жыр, Созақ-сөз, Созақ-өнер» ғылыми-теориялық конференция, ауданның 90 жылдығына арналған ұлттық ат спортының ойындары, аудан жетістіктерін қамтитын деректі фильмдер, «Теріскей – таланттар мекені» атты гала концерт тамашаланбақ. Міне, біздің ауданымыздың қазіргі ахуалы, мерейтойды қарсы алуы  осындай жоғары дәрежеде деп мен толық сеніммен айта аламын. Бәріңізді Қасиетті Қаратаудың баурайын мекендеген Сырлы Созақ елінің 90 жылдық мерейтойының  ортасында болуға шақырамын!

Сұхбаттасқан Нұрсұлтан Қанатұлы,

"Рейтинг" газеті

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Ирак бір жыныстыларды қатаң жазалайтын заң қабылдады(Суретті)
  • Дін мен діншілдік тақырыбы талқыланды
  • Қазақстан мен Өзбекстан арасында медициналық қарым-қатынас тереңдей түспек
  • Жеңіс күніне орай ардагерлер мен полицейлер арасында турнир өтті
  • 17 жылда 7 түрлі лауазымда қызмет атқарған Ерлан
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер