Түркістан облысы әкімдігі мен қытайлық «BYD» компаниясы арасында бұған дейін бірқатар келісімдер жасалған болатын. Осы келіссөздер аясында шетелдік компания облыста туризмді дамытуға ат салысатын болды. Облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев қытайлық компания өкілдерімен кездесу өткізді. Шетелдік әріптестер Түркістан қаласында туристерге арналған жеңіл теміржол пойызын құрастыру мақсатында жергілікті мекенді зерттеуге келді. Алдағы үш күн бойы қытайлық сарапшылар пойыздың жүру бағыты бойынша жолдарды, стансаларды және инфрақұрылымдарды егжей-тегжейіне дейін саралайтын болады.
Айта кетейік, «BYD» – жоғары технологиялық компания, ҚХР-дағы жеңіл теміржол көліктерін және электрлі вагондар жасау бойынша ең ірі өндіруші. 1995 жылы құрылған. Қызметкерлер саны – 240 мың адам. «BYD» компаниясы электроника, автокөліктер, жаңа энергетика және теміржол транзиті салалары бойынша 30-дан астам индустриалды парктерге ие. Компания Гонконг және Шэньчжэньнің қор биржаларында тіркелген. Кірістер мен нарықтық капиталдандыру 15 млн. АҚШ долларын құрайды. Енді белді компаниямен түркістандықтар да тығыз жұмыс істемек