Мақтаарал ауданында жаңа технологияның арқасында өнімділік 2,5 есеге ұлғайған
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында Үкіметке ирригация жүйелері және жалпы су шаруашылығы мәселесімен мұқият айналысу қажеттігін тапсырған болатын. Осыған орай Мақтаарал ауданында біраз жұмыс атқарылып отыр.
Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асановтың айтуынша, биыл ауданда жалпы 2 мың гектар алқапқа тамшылатып суғару технологиясын енгізу жоспарланған болса, бүгінгі таңда 1,5 мың гектарға су үнемдеу технологиясы енгізілген. Атап айтқанда, оның 500 гектары мақта, 1000 гектары бақша, көкөніс алқаптары.
- Президентіміздің Жолдауда берілген тапсырмаға сәйкес, ағын суды үнемді пайдалану мақсатында 2030 жылға дейін суғармалы егістік алқаптарында тамшылатып суғару технологиясын кеңінен қолдану керектігі айтылған болатын. Біз «Суды барынша үнемдеу жұмысын ұйымдастыру керек. Бұл – ең алдымен, ауыл шаруашылығына қатысты мәселе, яғни су үнемдеу технологиясын, әсіресе, ауыл шаруашылығында кеңінен қолдану қажет. Су қорын жинап, оны тиімді пайдаланып, ирригация жүйесін дұрыс қолдана алсақ, бұл салаға да инвестиция тартуға болады. Сондықтан тариф саясатын реттеп, инвесторларға тиімді қолдау шараларын ұсыну қажет. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндет. Нақты жұмысқа кірісу керек» деген Президенттің тапсырмасын орындаудамыз. Осы бағытта биыл 1,5 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологиясы енгіздік. Су үнемдеу технологиясы енгізілген мақта мен бақша және көкөніс алқаптарынан жақсы өнім жиналды. Алдағы уақытта бұл тәжірибені өзге егіс алқаптарына да енгізуді жоспарлап, отырмыз, - дейді аудан әкімі.
Осы орайда жаңа технологияны пайдалана отырып, мақта өсірген «Хамро ата» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінде аудандық семинар-кеңес өткізілді. Оған аудандағы мақта өсірушілермен қатар өзге де шаруа қожалық жетекшілері қатысты. «Хамро ата» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі биыл 310 гектар алқапқа мақта дақылын тамшылатып суару технологиясы арқылы баптап, бүгінде өнімін жинауға кіріскен. Кооператив төрағасының айтуынша жалпы бұл алқаптан алынған өнімділік әрбір гектардан 58-60 центнерден айналған. Ал ауданның орташа өнімділігі – 26,2 центнерді құрайды.
Шаруалардың айтуынша, су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы су көлемі біршама үнемделіп, өнім көлемі 2-2,5 есеге артқан. Сонымен қатар, тамшылатып суғару технологиясын енгізген шаруаларға мемлекет тарапынан кеткен шығынның 80 пайызы субсидия ретінде өтелетіні айтылды.