Түркістан облысында су үнемдеу технологиялары жоспар бойынша алқаптарға енгізілуде

Oinet.kz 10-10-2024 22

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында да ауыл шаруашылығы саласына басымдық беріп отыр. Бүгінгі күні Президент  тапсырмасына сәйкес Түркістан облысына ауыл шаруашылығы саласында елеулі көңіл бөлінуде. 

Screenshot_14.jpg

Ең алдымен өңірде су үнемдеу технологиясын енгізу, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге басымдық берілуде. Атап айтқанда, өңірде алдағы 5 жылда су үнемдеу технологияларын 216 мың гектарға жеткізіп, суармалы алқаптардың 40 пайызына ендіру жоспарланған. Бүгінде су үнемдеу технологиялары 50 мың гектарға ендірілді. Суару технологиялардың қолжетімділігін арттыру үшін, «BNK Group», «Тұран су» секілді 3 жергілікті кәсіпорын іске қосылды. Нәтижесінде, осы кәсіпорындар арқылы су үнемдеу технологияларымен облыс және көршілес өңірлер толық қамтамасыз етілуде. 

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың айтуынша, облыста жыл сайын 100 мың гектарға мақта дақылы егіліп, 300 мың тоннадан астам өнім жиналады. Облыста «ақ алтынның» элиталық сорттарын өсіруді және шикізатты терең өңдеуді қамтитын мақта-тоқыма кластерін құру қолға алынған. Жобаны іске асыру 141 миллиард теңге инвестиция тартуға және мақта өнімділігін 2,5 есе артуына мүмкіндік береді. 4 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылады. 

«Биыл тәжірибе негізінде жаңа әдіспен 2 мың гектарға егілген мақта дақылы (суды, энергияны, еңбек ресурстарын және минералды тыңайтқыштарды үнемдей отырып) 60 центнерден өнім алуға мүмкіндік беріп отыр. Бұл өңірдің орташа көрсеткішінен 2,5 есеге жоғары. Жалпы өңірде мақта шаруашылығын дамыту бойынша 2027 жылға дейін 9 мақта кластерін құру көзделуде. Жобаны толық іске асыру нәтижесінде мақта бағасына тәуелділік толығымен жойылады. Бүгінгі күні Арыста мақта шаруашылығын дамыту ісі басталды. «Түркістан мақта агроөнеркәсіп кешені» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биыл қолға алған жобаға 4,3 миллиард теңге инвестиция тартылған. 1600 гектар жерде жүзеге асатын жоба арқылы 9000 тонна өнім алынады деп күтілуде. 40 адам тұрақты жұмыспен, 120 тұрғын маусымдық жұмыспен қамтылған. Мұнда заманауи тамшылатып суару технологиялары қолданылып, жоғары сұрыпты мақта өсіріледі», - дейді облыс әкімінің орынбасары.

Шардара ауданындағы Алатау ауылдық округінде орналасқан «International company of Cotton» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде мақта талшығы шығарылады. Аталған жобаға 5475 миллион тенге инвестиция тартылған. Жылына 60 мың тонна өнім шығаратын зауытта 200 адам жұмыспен қамтылған. Өнімдерінің басым бөлігі Қытайға экспортталады.

Жалпы биылғы 9 айда Түркістан облысында ауыл шаруашылығында 747,3 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Бұл көрсеткіш бойынша өңір республикада көш бастап тұр. 

Ал су үнемдеу технологиялары Төлеби ауданында жоспарға сәйкес атқарылуда. Мұндағы аудан тұрғындарының негізгі күн көрісі – ауыл шаруашылығы саласы. Аудандағы ауыл шаруашылығы алқаптарының жалпы жер көлемі 92990 гектарды құраса, оның ішінде егістік жерлер 63274 гектар. Ал суармалы жерлер көлемі  9813 гектар, көп жылдық екпе ағаштары 2547 гектар, шабындық жерлер 1187 гектар, жайылым жерлер 25982 гектарды құрайды.

- Таулы аймақтың климаттық жағдайы ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы болып келеді. Ауданда қыста қар қалың жауып, көктемі жаңбырлы болғанымен жазда аптап ыстықтарында ағын су тапшылығы сезіледі. Аталған мәселені шешу мақсатында, шаруаларға ағын су жеткізуді қолға алып, Кемеқалған ауылдық округінде 13 гектар жерге сыйымдылығы 1040 мың текше метрді құрайтын «Қарақуыс» су қоймасының құрылысы жүргізілуде. Жоба құны  – 1 123 миллион теңге. Құрылыс жұмыстары 2025 жылы аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Тоған іске қосылғанда суармалы жер көлемі 350 гектарға ұлғайып, Абай елді мекені ағын сумен қамтылады. 2024 жылы аудан тарапынан 43,3 шақырым болатын 9 каналды механикалық тазалаудан өтті. Егістік  көлемі 65,5 мың гектар, қарқынды бау аумағы 80 гектарды құрады. Бұл жұмыстар Төлеби ауданымен қатар облыстың өзге де аудандарында қолға алынған, - дейді облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов. 

Жетісай ауданында инвесторлар күшімен көп жұмыстар атқарылуда
Төлеби ауданында ағаш көшеттері отырғызылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу