Төлеби ауданында ағаш көшеттері отырғызылды
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы елімізде жалғасын тауып жатыр.
Тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, «Адал адам – адал еңбек – адал табыс» патриотизм құндылықтарын дәріптеу, сондай-ақ қоршаған ортаға ұқыпты қарауға бағытталған жоба аясында тазалық шаралары Төлеби ауданда тұрақты түрде өткізіліп келеді.
- Кеше Төлеби ауданында кезекті жалпы аудандық сенбілік өтті. Бұл сенбілік Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған «Таза Қазақстан» акция аясында ұйымдастырылды. Тазалық барлығымызға ортақ іс. Сенбілік барысында аудан тұрғындары көше бойларын, арық-атыздарды күл-қоқыстан тазартты. Елді мекендерді көгалдандыру бағытында жол жиектеріне, саябақтарға күздік ағаш көшеттері отырғызылды. Оған аудан ардагерлері де жастардан қалмай өз үлестерін қосты, - дейді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаев.
Бұл сенбілікке Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров, ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаев, аудандық мәслихат депутаттары, ардагерлер, аудан тұрғындары, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен бірге «Төлеби баба» саябағының аумағына көшет отырғызды.
- Сенбіліктің қоғамның назарын, қала көшелерінің тазалығын сақтауға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруда маңызы зор екендігін ескерген тұрғындар өз аумақтарында жаппай тазалық шарасына қатысып, ауданды көркейтуге үлестерін қосты. Ауданның көркі мен дамуы үшін маңызды болып саналатын аталған шарада 4000 түп ағаш көшеті отырғызылды. Жалпы сенбілік жұмыстарына 5000-нан астам азамат атсалысып, жол жиегі мен арықтарды қоқыстан тазартып, 70 техниканың көмегімен шығарылған күл-қоқыс полигонға жеткізілді, - дейді аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров.