Мүмкіндігі шектеулі көпбалалы әке баспаналы болды

Screenshot_2.jpg

«Адам ұрпағымен мың жасайды». «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады». Қазақ халқында із жалғар балаға қатысты мұндай сөздер көп. Бүгінгі жәутеңкөз бала – ертеңгі ел іргесін көтерер азамат. Ата-ана қартайып, бойынан күш-қуаты кеткенде оларды ұл-қыздары  бағып-қағады. Дегенмен, бала – жаңа егілген көшет секілді. Одан жеміс алу үшін өсіру керек. Сапалы білім алуына жағдай жасау керек. Өкінішке қарай, бұған әлеуметтік әлеуеті жетпейтін жандар аз емес. Олар балаларына лайықты жағдай жасай алмай қысылып-қымтырылады. Міне, осындайда әлгіндей мұқтаж жандарға қайырымды азаматтар қол ұшын созып қуантып жатады. 

Түлкібас ауданы қайырымды жандардан, қайырылымдылық жасаудан кенде емес. Аудан әкімдігі көмекке қатты мұқтаж жандарды ешқашан назардан тыс қалдырған емес.  Ауданда Ғалымжан Демешов есімді азамат бар. 1 топтағы мүгедек. Бұған дейін басына қатерлі ісікке ота жасалған. Соның салдарынан бір аяғы мен қолы жансызданып жүре алмай қалған. Еңбекке жарамсыз болып қалған мүмкіндігі шектеулі азамат тағдыр тауқыметін тартып жатқан жан жары мен 5 баласын ойлап қатты қамығатын. Ақыры, күнкөріс қиындап кеткен соң Демешовтар отбасы аудан әкімдігіне жүгінді. Әкімдік қызметкерлері оның өтінішін ескерусіз қалдырмады. Дереу 1 топтағы мүгедек азаматқа көмектесу жолдарын іздестірді. Нәтижесінде аудан әкімдігі «Харекет» қорымен бірлесе отырып Ғалымжан Демешовты Қадір түнінде қуантты. Олар мүмкіндігі шектеулі азаматқа үй сыйлады. Аяқ астынан баспаналы болған көпбалалы әке қуаныштан көзіне жас алып, игі іске мұрындық болған барша жанға алғысын білдірді. Балаларының енді тар пәтерде емес, барлық жағдайы жасалған еңселі үйде тұрып, сапалы өмір сүретінін айтып қуанышын жеткізді. 

Түлкібас ауданы әкімдігі Демешовтар отбасына тек үй беруге ұйытқы болып тоқмейілсіп отырған жоқ. Олар бұл отбасыға жан-жақты көмек беріп келеді. Көпбалалы әкенің балаларына - 18 жасқа дейінгі жәрдемақы, "Өрлеу" бағдарламасы, шартты атаулы әлеуметтік көмек және 2015-2019 жылдар аралығында шартсыз атаулы әлеуметтік көмектер көрсетіліп келеді. Алдағы уақытта Түлкібаста басқа да көмекке мұқтаж азаматтарға рет-ретімен зор қолдау көрсетіледі.    

®RG media - ақпараттық агенттігі
Бөлісу тақырыбы: Мүмкіндігі шектеулі көпбалалы әке баспаналы болды