Балығы тулаған Шардара су қоймасымен ғана емес мақта, күріш егу шаруашылығымен де танымал өңірлердің бірі. Биыл жергілікті диқандар күріштік алқапты 1350 гектарға жеткізіп отыр. Ал өткен жылы бұл меже 1115 гектарды құраған болатын.
Шаруалар енді міне күріш ору науқанына кіріспек. Айталық Ұзыната ауылындағы «Айткүл – Атақоныс» фермерлiк қожалығы Кемi гектарына 70 центнер өнім алуды жоспарлап отыр. Қожалық биыл 40 гектар жерге күріш дақылын еккен. Оның 17 гектары жоғары элиталы «Лазер» тұқымы болса, қалғаны «Мустахиллик» сорты. «Былтыр «Лазер» тұқымын 1,5 гектарға егiп, өсiрген едiм. Сол алқаптың өнiмiн сатпастан, көбейтiп, биыл 17 гектарға сеуiп шықтым. Түсiм жаман емес. Бұл күрiш базар нарығында өзге сорттарға қарағанда екi-үш есе жоғары бағаланады. Элиталы тұқымның көлемiн осылайша жайлап көбейтiп алуды жоспарлап отырмын» дейді қожалық төрағасы Рахымберді Айтмырзаев. Қожалық иесі күріш егілген жерге келесі жылы шырмауық, сәмек, қамыс және жантақ сынды шөптердің шықпайтынын, ауыспалы егістің сақталып, жердің сорланбайтынын айтады. Кеңестік дәуірде ақ маржанмен аты шыққан Ұзынаталықтар күрiштiң салысын көршi ауылдағы Ержан Қарабаевтың диірменіне тартқызып, сол азаматтың көмегімен шет елге экспорттайды екен. Қалғаны жергілікті тұрғындардан артылмайтын көрінеді.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлiмi басшысының орынбасары Абылай Махановтың мәліметінше шардаралық шаруалар 2017 жылы 896 гектарға, 2018 жылы 1115 гектарға күрiш ексе, биыл 1350 гектар алқапқа күріш тұқымын сепкен. Өнiмдiлiк көлемi былтыр гектарына 71,1 центнерден айналып, қырманға 7930 тонна таза күрiш жиналса, биыл гектарына 71,2 центнерден өнім алып, 9612 тонна ақталған күрiш жинауды жоспарлап отыр.