Түркістан облысының құрылғанына 1 жыл толуына орай өңірде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Соның ішінде «Ұлы даланың Түркістаны» атты республикалық фотоэкспедицияның орны бөлек. Себебі мұнда облыс орталығының тарихымен фото арқылы танысуға болады. Мұндай мүмкіндікті Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасы және аудан, қала әкімдіктері беріп отыр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында өткен шараға «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылхан Әбдірайымұлы бастаған фототілшілер қатысуда. Олардың арасында Балмұрат Орынбай, Оңғарбек Алхаров, Мерей Қайнарұлы, Айтжан Мурзанов, Қайрат Шалтақбаев және өзге де танымал фотографтар бар.
Сурет саласының майталмандары Түркістан, Кентау қалаларымен қатар, Созақ, Бәйдібек, Отырар, Сайрам, Төле би, Түлкібас және Қазығұрт ауданының киелі және туристік орындарын суретке түсіреді. Бір аптаға созылған экспедицияда түсірілген туындылар 17 маусымда Түркістан қаласында өтетін «Ұлы даланың Түркістаны» атты сурет көрмесінде ел назарына ұсынылмақ.
Айта кетейік, 2019 жылы 19 маусымда Елбасы, ҚР Тұңғыш Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Түркістан облысы құрылған болатын. Бұл ақжолтай жаңалықты қазақ халқы ғана емес, түркітілдес мемлекеттер де қуанышпен қабылдады. Осы бір жыл көлемінде Түркістанда ауқымды жұмыстар қолға алынды.