Елімізге аты әйгілі әнші, халық әртісі Роза Рымбаева соңғы уақытта өзін концертке шақырып алып, тізімнен шығарып тастайтындарды түсінбейтінін айтты. Бұл туралы aikyn.kz сайтына сілтеме жасаған NUR.KZ хабарлайды.
Қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыз - Роза Рымбаева соңғы уақытта сахнадан не себепті көрінбей кеткенін түсіндірді.
Ол қазір концертке шақырып, артынан тізімнен шығарып тастайтындардың бар екенін жасырмады. Тіпті, әншінің "Әлия" әнін басқа орындаушы айтқан кездер де болыпты.
"Кейде менен "Сахнада неге көрінбей кеттіңіз?" деп сұрайтындар бар. Ондай сұрақты маған қоюдың қажеті жоқ. Мені тізімнен сызып тастайтындардан сұрау керек шығар. Менің тыңдарманым бір адамның сатқындығына қарап қалған жоқ. Роза Рымбаева деген ат мені сақтап келеді. Сақтай да береді", - деді әнші.
Сұхбат барысында Айқын газетінің тілшісі әншіге бірнеше сұрақ қойды:
– Дінге қалай қарайсыз?
– Дінге құрметім бөлек. Адамды билейтін бір Жаратылыстың бар екенін сеземін.
– Досыңыз көп пе, дұшпаныңыз ба?
– Досым көп шығар. Дұшпаным бар болса да, оларды жақсы білмеймін.
– Қиналған сәтіңізде кімге бірінші қоңырау шаласыз?
– Қиналған сәтімде көп нәрсені өзім шешемін.
– Адамдарға көп сенесіз бе?
– Сенетін адамдарым көп.
– Алданған сәтіңіз болды ма?
– Ондай сәттерім де көп.
– Өзіңізді баймын деп есептейсіз бе?
– Орта деңгейдегі адаммын. Құдайға шүкір, үйім бар, фортепианам, көлігім бар.
– Кедергілерден қалай өтесіз?
– Қатты кедергі болды деп айта алмаймын. Бірақ талай рет концертке шақырып тұрып, алып тастаған сәттер кездесті. «Әлиямды» да басқа әншіге орындатқан кездерді де бастан өткердім.
– Осындай сәттерде сізді не құтқарады?
–Егер әнші өте жоғары деңгейде орындап тұрса, оған қатты қуанамын. Ал егер әнші төмен деңгейде орындаса, онда әннің бағасын түсіреді. Бір нәрсе анық: маған ән айтқызбады деп сынып кете алмаймын. Түрлі кедергілерге де, сатқындыққа да үйрендім. Кейде менен «Сахнада неге көрінбей кеттіңіз?» деп сұрайтындар бар. Ондай сұрақты маған қоюдың қажеті жоқ. Мені тізімнен сызып тастайтындардан сұрау керек шығар. Менің тыңдарманым бір адамның сатқындығына қарап қалған жоқ. Роза Рымбаева деген ат мені сақтап келеді. Сақтай да береді.
– Өнер адамдарының арасында бәсекелестік, бақталастық бола ма?
– Таза шығармашылық бәсеке болуы тиіс. Аяқтан шалу, бақай есеппен дос болу дегенді түсінбеймін. Ондай өз өмірімде болған емес. Өзім де ешкімнің жолын кескен жоқпын.