Танымал әнші Бейбіт Күшқалиев "Жұлдыздар отбасы" журналына берген сұхбатында сахнада ашық-шашық киімімен ерекшеленетін қазақ әншілерін сынап тастады. Ол Ресейде өнер көрсеткен Назиманы дарыны үшін емес, образы үшін ғана қолдамайтынын айтты деп жазады NUR.KZ.
Күшқалиев шетелде жүрген қарындасына образы үшін қолдау білдіре алмайтынын ашып айтқан.
"... Бірақ "ақша керек екен" деп сахнада ашық-шашық киініп, өнер көрсететіндерге түбегейлі қарсымын. Өнердің де, пайда табудың да шегі бар. Мысалы, жақында ғана Ресейдегі "Песни" жобасына Назима қарындасымыз қатысып жүр. Әлеуметтік желіде жұрттар "неге қолдау көрсетпейсіз" деп ренжіп жатады. Кешіріңіздер, маған ол қарындасымыздың образы ұнамайды. Иә, мен Назиманың талантты екенін мойындаймын. Алайда, ашық-шашық киініп, сахнада өнер көрсетсе, қолдау көрсете алмаймын", - деп айтты Күшқалиев.
Сондай-ақ әнші сұхбат барысында қазіргі тыңдарманның музыкалық талғамы мен орындаушылардың образына да тоқтала кетті.
"Халық ренжімесін. Бірақ, қазір не істесең де, әйтеуір сынауға дайын. Кейде сындары орынсыз болып жатады. Көңіл-күйі жоқ болса, бір жеңіл әнді тыңдайды да негативті түрде бағалап жатады. Халықтың өзі де шетелдің мән-мағынасы жоқ әндерін де тыңдап жатады ғой. Оның қасында біздің әндер дұрыс.
Ал енді ақылға ақыл қосатын, терең мағыналы ән тыңдағылары келсе, терме тыңдасын. Мен термеші емеспін", - деп жауап берді ол өзінің әнін сынайтындарға.