Димаш Құдайберген әйгілі “Форбс” журналының тізіміне кірді.
Басылым 30 жасқа дейін жетістікке жеткен қазақстандықтардың тізімін жариялады. Табысты жастар көшін есімі әлемге танылған Димаш Құдайберген мен актриса әрі продюсер Құралай Анарбекова бастаған. Сондай-ақ, аталған тізімге Скриптонит пен Jah khalib те енген. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
MTV Music Awards, Top Chinese Music Awards, Hollywood Music In Media Award – бұл Димаштың қоржынындағы халықаралық жүлделердің бір бөлігі ғана. Дәл осы себепті әйгілі басылым қазақ баласын табысты жастардың тізіміне қосуды жөн деп тапқан. Халық арасында “Әминка-Витаминка” танылып кеткен блогер Әмина Малғаждар табысты жастардың қатарына кірді. “Қазіргі кезде Әмина жалғыз өзі де, Әдиямен бірге де подиумдарға шығып тұрады. Бірақ, «Антенаның» атынан шыққан, және оның бренд-амбадассоры болғанды мақтан тұтамыз”, – дейді Әминаның анасы Арай Малғаждар. Табыстылар тізіміне енген жалғыз вайнер Әмина емес. Танымал «Yuframe» тобы да бар.
Сондай-ақ, белгілі актриса әрі кинопродюсер Құралай Анарбекова табысты жастардың қатарына кірді. “Қазақ кинотарихында «Жаужүрек мың бала», «Бизнес по-казахски» және мен продюсерлік еткен «Брат или Брак» атты картиналар ең табысты саналады. Үшеуінде де негізгі рөлді сомдадым”, – дейді Құралай. Forbes басылымы ерек тізімді әзірлеуде хип-хоп орындушыларын да ұмытпапты. Атышулы рэпер Скриптонит пен Jah khalib та табысымен таңқалдырғандар қатарында.