Бекжан Тұрыс: «Халқым деген сөз – қазір менің мүлкім» деген сияқты

20170708203752497_big.jpg

Өзінің қарапайым ауылдан шыққанын айтып, «халқым» деп сөйлейтін әншілер тойға келгенде сол халқының түсіне кірмейтін ақшаны сұрайды. Қандай әншінің қатысқанына байланысты тойдың да «авторитеті» көтерілетіні белгілі. Сосын, жағдайы келмесе де өзгеден қалмау үшін беделділерін тойға шақырып, жылдар бойы несие төлейтіндер бар. Осы қаламақының соңғы жылдары неге көтеріліп кеткенін білгіміз келген. Сөйтсек, тойдан-тойға қатысып, уыстап ақша тапқанмен, кейбір әншілердің үйі жоқ екен. Атақты әншілер өнері үшін  халықтан неге көп ақша сұрайды? Бұл сұраққа актер Бекжан Тұрыс былай деп жауап берді:

– Кісінің ақшасын есептемейтін адаммын. Әркім тойға әнші шақырарда өз шамасын білгені жақсы. Бұрын тойды ағайынмен арасы суымау үшін жасаса, қазір бір-бірімен жарысады.  Бір шетінен әншілерді шақырып, дарақылық танытып, қымбат қаламақы беріп отырған да сол – халық. Бір кездері өзім де тамада болдым. Той иесіне бағаны айтуға ұятың қысып тұрады. 4-5 ән айтатын әншіге 2000, маған 1000 доллар төлейді. Әнім де, әзілім де бар,  тойдың басынан аяғына дейін басқарам деп бағаны өсіріңкіресең «сізге сол болады ғой» деп 1000 долларды қимайды. Осы әділдікке жата ма? Жоғары бағаны талап ететін әншілерді шақырмай-ақ қойсын. Олардан да мықтылары  бар. Қаламақысы қымбат әншілерді тойыма шақырғанша, ондай жағдайым  болса қайырымдылық жасар едім. Атақтылардан кем болмайтын, қаншама тасада танылмай жүрген таланттар бар. Соларды шақырсын, әлгі атақты әншінің әнін орындап береді. Бүгінде әншілердің қаламақысының қымбаттығынан да маңызды нәрселер жетерлік. Біз өсіп келе жатқан ұрпақты жалтақтыққа, жағымпаздыққа үйретудеміз. Бүгінгі қоғамның адамдары шектен шыққан әділетсіздіктен, парақорлықтан, мансапқорлықтан ар-ұятты ұмытты. Ақселеу аға: «Дана қазақ «Адам баласы қасиет тұтар үш ғажайып бар. Біріншісі – нан, екіншісі – әйел, үшіншісі – кітап» деп айтыпты дейтін. Бірінші нанға тоқталайық. «Халықтың дені сау, қарны тоқ, қабағы ашық болуы керек» дейді. Қазір халықтың қарны тоқ, қабағы ашық деп айта аласыз ба? Неге қазір суицидтен Қазақстан Азияда бірінші орын алып, әлемде ондыққа кіріп отыр? Осы жайлы дабыл көтеріп жатқандар бар ма? Өз басымдағы жағдай болса ақылмен, сабырмен жеңдірер едім. Ал ұлттың басындағы жағдайды ақылға қалай жеңдіреміз? Мен үшін мұның қасында әншілердің еңбек ақысы, өзге де материалдық құндылықтар ұсақ-түйек болып көрінеді. Қазір өтірікпен уланып жатқан қомағай қоғамның кемшіліктерін көбірек көзге ілу керек. Елдің жақсылығын бәрі айтады. Ал жаманына көз салатындар аз. Бірдеңе десең бәрін саясатпен байланыстырады. Бұл саясат емес қой, азаматтық позиция. Азаматтық ұстанымның тапшылығы мұңайтады. Рас, қазір әншісі мейлі басқасы болсын бәрі «халқым!» деп сөйлейді. «Менің халқым» деген – «менің мүлкім» деген сияқты оларға. «Халқым» дейтін болса, сол халқының қазіргі жағдайын көрсін, елмен бірге болсын. Жер саудасы сынды мәселе көтерілгенде бәрі бөркін баса киіп, бөксесін тығып алып отырады. Сондықтан, бұлай сөйлейтіндерге онша сене бермеймін. 

Жазып алған Динар БОРАНБЕКҚЫЗЫ, 

"Рейтинг" газеті

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Түркістан облысының тұрғындары өз қаржыларына емхана мен мешіт салды
  • «Ситсен» бағдарламасымен еден жуушыны мектепке жұмыс алу қанша тұрады?
  • Шымкент: Еңбекші ауданынан құрылған тексеру тобы қоғамдық көліктерге рейд жүргізді
  • Шымкент: Әл-Фараби ауданында карантиндік режимді сақтамаған тағы бір сауда орны жабылды
  • Шымкент: Әл-Фараби ауданында санитарлық талапты сақтамаған нысан жабылды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер