Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің өсіп-өркендеу үшін ең алдымен ұлт денсаулығына айрықша көңіл бөліп келеді. Президенттің былтыр Қазақстан халқына арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында ел Үкіметіне әр тұрғынға сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруды тапсырғаны белгілі. Соның негізінде «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы қабылданып, әр азаматқа сапалы медициналық көмек көрсету жұмыстары қолға алынды. Бұл бағытта Түркістан қаласында да біршама жұмыстар жүзеге асуда.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Осыған байланысты Түркістан облысы әкімдігінің кешенді жоспары бекітілген. Оның 3-бөлімінде балалардың және мүмкіндіктері шектеулі балалардың денсаулығын нығайту мен қорғау шараларын іске асыру жоспарланған. Балалардың денсаулығын жақсарту, мақсатында Түркістан облысының қоғамдық денсаулық басқармасы балаларға арналған оңалту төсек орындарын көбейтуде. Қазіргі таңда 613 оңалту төсек-орны бар, соның ішінде балаларға арналған үш оңалту орталығы, бір шипажай мен екі «Қамқорлық» орталығы қызмет атқарып жатыр.
Түркістан қаласында жаңа технологиямен жабдықталған «Қамқорлық» балалар оңалту орталығы жүйке жүйесі мен тірек-қимыл аппаратының бұзылыстары бар науқас балаларды қабылдап, ем-дом көрсетеді. Қоғамдық денсаулық басқармасына қарасты «Қамқорлық» балалар оңалту орталығы заманауи үлгіде жасақталған.
«Адам өміріндегі ең үлкен әрі маңызды мәселе – балаларының денсаулығы, болашағы, олардың бақытты болуы. Облысымыз елімізде ең халық тығыз орналасқан аймақ болғандықтан біз денсаулық сақтау мәселесін назарда ұстап келеміз. Орталық өте сапалы әрі жақсы салынған. Жергілікті бюджет арқылы ғимарат жөнделді. Облыс әкімдігімен бірлесе жұмыс атқарып, құрылғыларды алуға қолдау көрсеткен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына рахмет. Өздеріңіз көріп тұрсыздар. Іші заманауи әрі бұл өңірде жоқ құрал-жабдықтармен қамтылған. Бұл оңалту орталығы балалардың денсаулығын жақсартуға оң ықпалын тигізері анық», – дейді дәрігерлер.
Оңалту орталығының төсек орын саны 50 күндізгі және 10 тәуліктік болып жабдықталған. Орталықта тұз шахтасы, шунгит бөлмесі, эрготерапия, сенсорлық бөлме, механотерапия, бальнеотерпаия, интерактивті бөлме, емдік дене шынықтыру, ойын бөлмелері бар. Қазіргі таңда мұнда 1-14 жас аралығындағы жүйке жүйесі мен тірек-қимыл аппаратының бұзылыстары бар науқас балаларға көмек көрсетіліп жатыр.