Ана денсаулығын қорғау, соның нәтижесінде өмірге дені сау ұрпақтың келуі, халық санын көбейту – қазіргі медицина саласының маңызды және басымды міндеттерінің бірі. Былтыр күзде қабылданған, 2025 жылға дейін жоспарланған «Дені сау ұлт» ұлттық жобасында айтылғандай Түркістан қаласындағы №3 облыстық перинаталды орталығының да миссиясы – ана мен сәбидің денінің саулығын қамтамасыз ету.
Қазақ көз тиеді деп үйдегі бала санын айтпауға тырысады. Әйтсе де орталық республикадағы босану көрсеткіші жоғары мекемелердің біріне жатады. Орталықта бір дәрігерге 400-470 босанушыдан келеді екен. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ өзге мекемелерде бір дәрігерге шамамен 240-270 босанушыдан келеді. Бірақ, бұл біз ойлағандай орталықта маман тапшы деген сөз емес, босанушылардың көптігінің көрсеткіші екен. Бір қуантарлығы мұнда ана мен бала денсаулығын сақтауда инновациялық емдеу тәсілдері қолданысқа енгілуде.
Кесарь тілігі – ғасырлар бойы жасалып келе жатқан хирургиялық тәсіл. Небір жансыздандыру әдістері мен антибиотик дәрілер көбейген сайын жатырды тілу арқылы босандыру әлемде қалыпты құбылысқа айналды. Кесарь тілігі деп құрсақ қуысы мен жатырды кесу арқылы нәресте мен оның жолдасын алып шығуды айтады. Кез келген отаның асқынулары болатыны секілді, кесарь тілігінің де өзіндік зиянды жақтары бар. Толғақ кезінде жатырдың мойны ашылмай, ана мен баланың өміріне қауіп төнсе немесе әйелдің денсаулық жағдайы табиғи жолмен босануды көтермесе, дәрігерлер әйелге осы әдісті қолдануы мүмкін. Әйелге кесарь тілігі бір рет жасалса одан кейінгі перзенттерін де ота арқылы алып келеді. Өйткені бір рет пышаққа ілінген пациент келесіде табиғи жолмен босана алмайды. Ал, орталықтың мамандары медицинадағы осы қатып қалған қағиданы бұза білді. Бас дәрігердің орынбасары Ардақ Аязбеков бастаған білікті мамандар мұнда бұрын кесарь тілігі жасалған әйелдерді табиғи жолмен босандырып жүр.
– Операциямен босанған әйелдің қауіпсіздігі үшін кейін оған табиғи жолмен босануға ақ халаттылар рұқсат бермейді. Алайда кесарь тілігінен кейін де әйел өздігінен босана алады. Үш айдың ішінде бізге жатырында тыртығы бар, яғни бұрын кесар тілігі жасалған 300-ге жуық әйел түсті. Соның 25 пайызын табиғи жолмен босандырып алуға бел будым. Нәтижесінде әйелдердің 24 пайызы отасыз өздері босанды. Жасаған тәжірибеміз сәтті шықты. Алдағы уақытта да мұндай пациенттердің төрттен бірін табиғи жолмен босандырып алуды көздеп отырмыз, – дейді Ардақ Керімханұлы.
Мұндағы мамандар кесарь тілігінің өзін «табиғи» жолмен жасауды меңгерген. Заманауи кесарь тілігінің хирургиялық методикасын немістің профессоры Майкл Штарк ойлап тапқан. 2015 жылы шетелдік маман қазақтың белгілі профессоры Оспан Мыңбаевтың шақыртуымен Шымкентке келіп, жергілікті мамандарға шеберлік сабағын өткізген. Профессор үйреткен тәсілді лезде меңгеріп алған орталықтың дәрігерлері бүгінде осы бағытта оталарды өздері жасап келеді. Бұл тәсіл жұмсақ немесе табиғи кесар тілігі деп аталады екен. Акушер-гинекологтың айтуынша отамен туылған баланың табиғи жолмен дүниеге келген нәрестеден сәл айырмасы болады екен. Табиғи жолмен туылған бала бірнеше сағат толғақты көреді. Толғақ кезіне баланың миына «сен қазір туыласың, өкпеңді жұмыс істет» деген секілді сигнал келеді. Босану барысында оларда өмірге деген талпыныс күйшейеді. Сондықтан тез жетіледі. Ал кесар тілігімен туылған бөпелердің ортаға бейімделуі әлсіздеу болады. Өйткені олар туылуға дайын болып жатпайды. Дайындықсыз сыртқа шыққасын бала өкпесіндегі суын шығарып үлгере алмай қалады. Кейде зейін жетіспеушілігі мен гипреактивтілік синдромы пайда болуы мүмкін дейді мамандар.
– Осындай қиындықтар туындамас үшін біз кесарь тілігін ақырын жасаймыз. Алдымен теріні, сосын жатырды асықпай ашамыз. Бұл аралықта іште жатқан бала тым болмаса өкпесімен дұрыс демалу керектігі, температураның өзгеретіндігі туралы белгіні алып үлгереді. Жатырдан алып шыққан кезде шақалақ өкпесіндегі суды шығаруына, демалуына жағдайы болады. Бір сөзбен айтқанда бала өзін табиғи жолмен туылғандай сезінеді. Ал, бұрын ота кезінде баланы жатырдан суырып ала салатын, – дейді дәрігер. Мұндай әдісті қазір Бразилия, Англия секілді көптеген елдер қолданады екен.
Перинаталды орталықта нәрестелердің өмірге сау болып келуі үшін барлық қолайлы жағдайлар жасалған. Ерте босану жағдайында да дәрігерлер іштегі баланың саулығын қамтамасыз етеді. Мәселен 27-30 апта аралығындағы жүкті келіншектің суы кетіп немесе бойындағы дерті асқынған жағдайда алдымен мамандар ананың денсаулығын барынша тұрақтандыруға тырысады. Осылайша жүктілікті бір апта, төрт күн, тіпті екі күнге болса да ұзартады. Бұл уақыт аралығында ақ халаттылар шарананың өкпесін жетілдіретін дәрілерді егіп, балада болуы мүмкін асқынулардың алдын алу үшін өзге де препараттарды салады. Дәрі-дәрмектің денеге таралуын күтеді. Осыдан кейін барып әйелді босандырады. Мұндай тәсіл нәрестелерде кездесетін туа бітті паталогиялардың алдын алып, баланың өмірге барынша жетіліп туылуына жол ашады.
Перинаталды орталықта жылына шамамен 1,5 мың кесар тілігі жасалатын көрінеді. Бұл 19,6 пайызды құрайды.
– 20 пайызға жеткізбеуге тырысамыз. Бізде кесар тілігі өзге мекемелерге қарағанда аз жасалады. Операциямен босанғысы келетін нәзік жандыларға мұның дұрыс емес екенін барынша түсіндіруге тырысамыз. Әйелдер кесар тілігінің асқынулары табиғи босануға қарағанда 17 есе жоғары екенін білуі керек. Егер ота жасауға ешқандай медициналық қарсы көрсетілім болмаса, пациенттің жеке басының өтініші арқылы кесарды жасауға болмайды. Біз мұндайға жол бермейміз, – дейді маман.
Өз ісінің нағыз шебері Ардақ Аязбеков тәжірибесі мол дәрігер. Түркістанның түлегі, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік универсиетінің Медицина факультетін тәмамдаған. 2004 жылы еңбек жолын Шымкенттегі қазіргі №2 қалалық клиникалық ауруханасында дәрігер-реаниматолог болып бастаған ол 2007 жылдан бері Түркістандағы №3 облыстық перинаталды орталығында жұмыс істеп келеді. Кейіннен біліктілікті арттыру, мамандықты қосу курстарынан өтіп, акушер-гинеколог, денсаулық сақтауды ұйымдастырушы дәрігер ретінде жұмысын жалғастырған. 2009 жылдан бастап бас дәрігердің ұйымдастыру-әдістемелік жөніндегі орынбасары, 2013 жылдан бері бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары. Оның 2009 жылы Литва мемлекетінің астанасы Каунас қаласындағы Денсаулық ғылымдары университетінде акушерліктің қыр-сырын үйреніп келген тағылымдамасы еңбегін одан әрі жемісті ете түсті. Ол кезде еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі әр облыстан бір-бір маманннан шетелде медицинасы озық мемлекеттерге тағлымдамадан өтуге жіберетін. Бағдат сол іріктеліп алынған мамандар қатарында 1,5 ай біліктілігін арттырған. Сосын Литва медицинасының жақсы тұстарын отандық денсаулық сақтау саласында енгізуге болатынан көздері жеткен соң сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысының басшылығы, Денсаулық сақтау басқармасы, 2018 жылдан бері Түркістан облысының Қоғамдық денсаулық басқармасы бір саланың бір топ маманын – гинеколог, реаниматолог, неонатолог, акушер, неонаталь мейіргерді бірге немеме бір бөлім дәрігерлерін жіберіп оқытатын тәжірибе қалыптастырды. Бүгінде дәл сондай әдіспен №3 облыстық перинаталды орталығына бекітілген Кентау қалалық, Созақ, Отырар аудандық орталық ауруханаларының мамандары Түркістанға келіп бір айлық практикалық тағлымдамадан өтіп жүр. Мәселен, Созақ ауданының бір топ маманы Түркістанға келіп үйренуге толық жұмыс процесіне кіріседі. Осы мерзімде №3 облыстық перинаталды орталығының мамандары олардың орнын алмастырып, Созақ аудандық орталық ауруханасында бір ай жұмыс істеп қайтады. Білгенімен бөлісіп, әріптестеріне тәжірибелік сағаттар өткізіп тұратын Ардақ Керімханұлының айтуынша, бұл өзін толық ақтаған өте тиімді тағылымдалық тәсіл.
2016 жылы дәрігердің «Болашақ» бағдарламасы бойынша Оңтүстік Корея елінің астанасы Сеул қаласындағы Ёнсе университетінің Каннам Северанс клиникасында 3 ай тағылымдамадан өтуі перинаталды орталыққа үлкен өзгерістер алып келді.
– Университеттің 1,5 мың төсек орынға арналған үлкен клиникасы бар. Заманауи технологиялармен жабдықталған клиника тәжірибеге арналған ғылыми орталық іспетті. Сол клиниканың акушерия-гинекология департаментінде тағлымдамадан өту барысында мұнда мамандар акушерлік әдіс-тәсілдердің соңғы үлгілерін қолданатынына көз жеткізіп, оны тәжірибеде барысында үйреніп қайттым. Кореялық ақ халаттылардың бір ерекшелігі – бір бағытқа толықтай бейімделуі. Біздегі жүйе бойынша, айталық, бауыр ауруларын бірнеше дәрігер емдейді. Бауырда патология болса терапевтке жібереміз, ал ісік болса оны онколог емдейді. Ал Оңтүстік Кореяда бір ағзаның бүкіл ауруын бір ғана маман емдейді. Мәселен, қалқанша безге өзі диагностика жасайды, диагнозын қояды, емдеу тәсілін анықтайды, қатерлі ісіктерді де емдейді, тіпті отаны да жасайды. Сол секілді гинекологиялық ауруларды да бір ғана дәрігердің емдеуіне болады, – деген дәрігер келген соң шетелде жинаған тәжірибесін осында іске асыруға кіріседі.
Түркістандағы №3 облыстық перинаталдық орталық 2007 жылдан бері халық игілігі үшін жұмыс істеп келеді. Облыстың орталығы болып халық саны артқан тұста перзентханада орын тапшылығын болдырмау мақсатында қосымша жаңа ғимарат салынып пайдалануға берілді. Емдеу мекемесінің мамандары Кентау қаласы, Сауран, Созақ, Отырар аудандарынан келген аналарға да қызмет көрсетеді. Жалпы саны 225 төсек орынға арналған.
Нысанның заманауи техникалық жабдықталуы жоғары деңгейде. Мұндағы терапевттік гипотермияға арналған кешенді – TecoTerm Neo және электроэнцефалография аппараттары орталық жүйке жүйесінің зақымдануымен туылған сәбилерге өмірлерінің алғашқы сәттерінде емдік шара көрсетеді. Ол мұқият және өте дәл мөлшерлемемен баланың дене қызуын төмендете алады. Қан айналымын жақсартып, сәбилердің бас миы жасушаларының немесе зақымданған бөліктерінің қалпына келуін бақылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ұрықтың жағдайын тексеретін кардиотокография, доплер, жасанды тыныс алу, сандық флюорография, фототерапия, шалабайларға арналған кювез аппараттары, реанимация үстелі жаңа туылған сәбилерге қызмет көрсетеді. Орталық құрамында қосымша клиникалық-диагностикалық блок, амбулаторлы қызметтер, функционалды диагностикалық және УДЗ кабинеттері бар.
Орталықта бактериологиялық лаборатория, жатыр мойны обырын скринингтік тексеру бойынша зертхана да іске қосылған.
Қағазбастылықтан арылу мақсатында кешенді медициналық ақпараттық жүйеде (КМАЖ) жұмыс істейді. Аталған жүйеге аналардың келіп тіркелгені енгізіледі. Осы арқылы мекеме жұмысын еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі мен облыстық Қоғамдық денсаулық басқармасының автоматты түрде көрулеріне мүмкіндігі бар.
Тәжірибе алмасу, өзгелерден үйрену – дәрігерге қажетті қасиеттің бірі. Тәжірибесіз дәрігер жаналғышпен тең деген сөз бар. Сондықтан адам өмірінің арашашысы ақ халаттыларға теориямен қатар практика аса қажет. Инновациялық тәсілдерді практикада қолдана білген Түркістандағы №3 облыстық перинаталды орталық еліміздің демографиясына үлес қоса отырып, дәрігерлердің біліктілігін арттыруға септігін тигізіп жүр. Көпке үлгі болып отырған ұжым мамандарды оқыту базасы ретінде де қалыптасып келеді. Облыс орталығында алдағы уақытта бірқатар медицина мекемелері бой көтергелі жатыр. Жаңа нысандарға білікті мамандар қажет-ақ. Сол мамандар қазіргі таңда осы орталықта оқып, тәжірибе жинап жүр. Құптарлық бастама.
А.БЕК