Түркістанда медициналық хаб қалыптасып келеді

05-00.jpg

Халықтың медициналық қызметтер сапасына қанағаттану деңгейін 2020 жылғы 53,3 пайыздан 2025 жылы 80 пайызға дейін жеткізуді көздейтін «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы 4 бағытта жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, ұлттық жобада қолжетімді және сапалы медициналық көмек, эпидемиологиялық болжау мен ден қоюдың қазіргі заманғы жүйесін қалыптастыру, отандық өндірістің қолжетімді дәрілік заттары мен медициналық бұйымдары, салауатты өмір салтын ұстанатын халықтың үлесін арттыру және бұқаралық спортты дамыту қарастырылған. Нәтижесінде азаматтардың өмір сүру ұзақтығын 2020 жылғы 71,37 жастан 2025 жылы 75 жасқа дейін ұлғайту межеленген.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен былтыр күзде іске қосылған «Дені сау ұлт» ұлттық жобасын жүзеге асыруға Түркістан қаласы әкімдігі белсене кірісіп кетті деуге болады. Құрылғанына 4 жыл болған өңірде бұлай болуы да заңдылық. Бұрын аудан орталығы деңгейінде қарастырылып келген Түркістан қаласын облыс орталығы ғана емес, түркі әлемінің рухани астанасы ретінде дамыту, туризм орталығына айналдыру бағытында қолға алынған қыруар тірліктердің нәтижесінде шаһар жаңарып, тұрғындарының саны жылдан жылға артып келеді. Сонымен қатар, Түркістанның даму жоспарына сай өңір медицинасына тиісті деңгейде көңіл бөлініп, денсаулық сақтау саласында бұрын соңды болмаған оң өзгерістер орын алуда.

Тұрғындар саны өскен сайын барлық қызмет түріне, оның ішінде әсіресе медицина саласына деген сұраныстың артатыны белгілі. Бұл тұрғыда Түркістан қалалық орталық ауруханасы халыққа жоғары сапалы қызмет ұсынып келе жатқан медициналық мекеме ретінде танылып келеді. Жаңа ғимаратқа көшкен аурухана тәулік бойы, аптасына 7 күн науқастарға шұғыл және жоспарлы көмек көрсетуде.

06-01.jpg

Аурухана тек Түркістан қаласына емес, шаһар сыртындағы елді мекендерге де көмек көрсетеді. Қала мен осы төңіректегі барлық ауылдарды қосқанда 200 мыңнан аса халыққа қызмет жасайды. Мұнда инсульт, жүрек инфаркті, басқа да хирургиялық сырқаттармен түскен науқастарға тәулік бойы қызмет көрсетіледі. Осындай жетістіктері жетерлік, «Дені сау ұлт» ұлттық жобасында айтылғандай әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді дәрігерлік көмек беруге ұмтылған аурухананың жай-күйімен танысуға Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков арнайы барды. Өңір басшысы Түркістан қалалық орталық ауруханасының биыл пайдалануға берілген жаңа әсем ғимаратын аралап көрді.

200 төсек орынды емдеу мекемесі бір жылда салынып, іске қосылған. Бір қабатты ғимараттың жалпы ауданы 8200 шаршы метрді құрайды. Жоба республикалық және облыстық бюджеттен қаржыландырылып, іске асырылды. Аурухана 9 блоктан тұрады (қабылдау бөлімі, жан сақтау, оттегі станциясы, әкімшілік, асхана, медициналық қалдықтарды залалсыздандыру, қазандық т.б). 100 пайыз оттегімен, компьютерлік томография және рентген жабдықтарымен қамтамасыз етілген. Науқастарға сапалы медициналық көмек көрсету үшін заманауи техникамен жабдықталған.

– Жаңа медициналық мекемелер қала тұрғындарымен қатар облыс халқына да сапалы медициналық қызметтер көрсетіп, елдің денсаулығын нығайтуға үлес қосады деп сенемін. Түркістанда медициналық хаб қалыптасып келеді. Медицина мамандарының кәсіби деңдейде дамуын қамтамасыз етіп, әлемнің денсаулық сақтау саласында озық елдерінде оқыттық. Бұл бағыттағы дәрігерлердің ізденулері де, облыс әкімдігі тарапынан қолдау да жалғасын табатын болады. Өздеріңіз білетіндей, Түркістан қаласында облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы салынды. Таяуда іске қосылады. Сонымен бірге халықаралық деңгейдегі 570 орындық көпсалалы аурухана, «Ана мен бала» орталығы да іске қосылып, елге қолжетімді сапалы медициналық көмек көрсететін болады. Бұның бәрі еліміздің бұдан әрі көркейіп, кемелдене беруіне өз үлестерін қоса береді деп сенемін, – деген облыс басшысы дәрігерлермен пікір алмасып, ұсыныстарын тыңдады, медицина саласын дамыту бағытында жұмыстар жалағаса беретінін айтты.

– Түркістан қалалық орталық ауруханасы облыс орталығының ғана емес, шаһармен шекаралас, іргелес жатқан аудандардың тұрғындарына да жедел және жоспарлы медициналық көмек көрсетеді. Емдеу орталығында кардиология, травматология, хирургия, пульманология, урология, лор бөлімшелері жұмыс істейді. Бүгінде мұндағы 340 төсек орында пациенттер жатып ем қабылдайды. Аурухананың іске қосылған осы жаңа ғимаратында көптеген жаңа медициналық аппараттар орнатылды. Басқа да қосымша заманауи зерттеу аппараттары, қабылдау бөлімінде компьютерлік томография, ФГДС, жаңа УДЗ аппараттары  қолданысқа енгізіліп жатыр. Қабылдау бөліміне түскен науқастарға жедел және жоспарлы ем-шаралар жасалады. Облыс әкімдігінің қолдауымен, Қоғамдық денсаулық басқармасы басшылығының ұйымдастырумен шетелде кәсіби біліктіліктерін арттырған мамандарымыз Түркістанда бұрын соңды жасалмаған ота түрлерін сәтті жүзеге асыруда, – дейді емдеу мекемесінің басшысы.

12 клиникалық бөлімшесі бар аурухана триаж жүйелеріне сай жабдықталған. Былтыр халыққа көмек көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын арттыру мақсатында пульмонология, урология, ангиохирурхия, лор, тамырға арналған ота бөлімшелері ашылды. Лор бөлімшесінде балаларға да отаның көптеген түрлері жасалады.

2021 жылдың 1 қарашасында ашылған Оториноларингология бөлімшесіндегі 25 төсек орынның 20-сы ересектерге, 5-еуі балаларға арналған. Осында бүгінге дейін 100-ге жуық ота сәтті жүзеге асырылды. Нәрестелерге де хирургиялық ем жасалады. Бөлімшеде қосымша жақ бет сүйек науқастарына арналған 10 төсек орын бар. Оның 5-еуі ересектерге, 5-еуі балаларға арналған. Бөлімшеде ақылы қабылдайтын азаматтарға да арналған 2 төсек орын бар, толық қолайлы сервистік жағдай жасалған. Құлаққа эндоскопиялық, микроскопиялық оталар жасалуда. Мұнда түрксітнадықтармен қатар облыс тұрғындары да портал арқылы келіп тегін емделуіне де болады. Сондай-ақ, нәрестелерге де жедел көмек көрсетіледі.

Шұғыл жағдайларда жарақат алған пациентке амбулаториялық жедел медициналық жәрдем көрсету мақсатында травматологиялық пункт ашылды. Инсульт орталығының ішінде нейрореанимация, реабилитация бөлімдері жұмыс істейді.

Ауруханадағы 340 төсек орынның 10-ы екі жансақтау бөліміне арналған. 128-ші кескіндегі компьютерлік томография орнатылған. Түркістан қалалық ауруханасында жаңа медициналық технологиялардың белсенді түрде енгізілуі мен осында білікті дәрігер-мамандардың шоғырлануы жаңа белестерді бағындыруға жол ашты. 

Аурухананың жаңа ғимаратында шұғыл және жоспарлы оталарға арналған екі ота залы бар. Түркістанда бұған дейін болмаған инновациялық хирургиялық емдеу әдістері қолға алына бастаған соң жергілікті тұрғындар мен өңір азаматтарының облыс орталығына шипа іздеп келуі жиіледі. Астанаға, Алматы мен Шымкентке бармай-ақ осында жасатуға болатын ота түрлері көбеюіне байланысты жуық арада тағы екі ота залын іске қосу жоспарлануда. Әзірге оларды жабдықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы, өткен жылдың қазан айынан бері орталық аурухана базасында 500-ден астам ота жасалды. Оның 200-ден астамы шұғыл оталар болса, 300-дейі жоспарлы хирургиялық ем-шара. 22 жүкті науқасқа ота жасалды. Заманауы медициналық техникалардың көмегімен лапароскопиялық, эндоскопиялық және микроскопиялық оталар сәтті жүзеге асырылуда. Мұнда күн сайын отаның 6-7 түрі жасалады.

Түркістан қаласында жаңадан бой көтеріп жатқан тағы бір медициналық нысан, еліміздегі ең ірі ауруханалардың бірі – көпсалалы облыстық аурухана. Жалпы аумағы 16 гектар жерді құрайтын 8 қабатты көпсалалы медициналық орталық 570 төсек-орынға шақталған. Заманауи емдеу кешені Қазақстан Республикасында жоспарланған ірі жиырма аурухананың алғашқысы.

Инвестициялық жобаны Денсаулық сақтау министрлігі арқылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында YDA Group түрік инвесторы жүзеге асыруда. Нысанның құны 200 млрд. теңгеден асады. 2019 жылы басталған құрылысты биыл аяқтау жоспарланған.

Өңірдегі ғана емес, республикадағы ең ірі медициналық мекемелердің бірі болатын аурухананың жалпы ауданы 80 мың шаршы метрден асады. Әлемдік стандарттарға сай салынып жатқан аурухана толық пайдалануға берілгеннен кейін 2000-нан астам медицина қызметкері тұрақты жұмыспен қамтылады. Жобаға сәйкес, мұнда 13 бейінді бөлімше, сондай-ақ жүрек-қантамыр және коронарлық реанимация, гематология, оның ішінде күйікпен емдеудің 2 қарқынды терапиясы (ICU) төсегі іске қосылмақ. Бұдан басқа, көпсалалы аурухана базасында 16 операциялық бөлме, оның ішінде 13 жоспарлы және 3 шұғыл көмек жұмыс істейтін болады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керек. Мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігін тиімді пайдаланған жөн. Медицина – инвестиция салуға қолайлы сала. Тек оған дұрыс жағдай жасау қажет» деп тапсырды. Бұл бағытта Түркістан қаласында қолға алынған нысандардың бірі – облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы да таяуда ел игілігіне берілмек. 25 бригадаға арналған ғимарат құрылысын Түркістан облысының әкімдігі мен «Қазақстандық-Француздық «КАТКО» бірлескен кәсіпорны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Мұнда кардиологиялық, педиатриялық, реанимациялық-хирургиялық, неврологиялық, психиатриялық, токсикологиялық бригадалар болады. Жақын күндері пайдалануға берілетін орталықта ересектер мен балаларға тәулік бойы тегін жедел және шұғыл медициналық көмек көрсетіледі. Жедел медициналық жәрдем станциясының бригадалары жылына 70 мың шақыртуға шыға алады.

Айта кетейік, жобаның технологиялық бөлігі әкімшілік-тұрмыстық корпусты, орталық зарарсыздандыру бөлімшесі ғимараты мен кір жуатын орынды, 25 арнайы медициналық көлікке арналған гараж бен бақылау-өткізу пунктін қарастырады. Орталықтың технологиялық бөлігі оның қауіпсіздігі мен барлық нормативтік талаптардың орындалуын толығымен қамтамасыз етеді. Жедел медициналық жәрдем станциясының жалпы жер аумағы 2,2 гектарды құрайды.

Қорыта айтқанда, биыл Түркістан медицинасының даму қарқынын еселейтін  жыл болмақ. Аталған медициналық мекемелері толықтай іске қосылғанда «Дені сау ұлт» ұлттық жобасында көзделген әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді отандық медицина қалыптасатынына сенім мол.


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Листериоз туралы нені білу керек?
  • Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу әрбір азаматтың басты міндеті!
  • Абайлаңыз Құтыру!
  • Емдеу мекемелеріне қойылатын талаптар
  • Түркістан облысында эпидемиологиялық жағдай күрделі
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер