Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керек. Мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігін тиімді пайдаланған жөн. Медицина – инвестиция салуға қолайлы сала. Тек оған дұрыс жағдай жасау қажет» деп тапсырды. Дәл осы бағытта қолға алынған Түркістан қаласында медициналық нысандардың саны артып келеді. Солардың бірі – жаңадан іске қосылған «DOCTOR D» стоматологиялық орталығы.
Заманауи құрылғылармен жабдықталған Қоғамдық денсаулық басқармасына қарасты стоматологиялық орталықты облыс басшысымен бірге Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков арнайы барып көрді, тыныс-тіршілігімен танысты. Мұнда заманауи жабдықтар, 3D – тістердің компьютерлік томографиясы, хирургиялық, терапиялық, ортопедиялық кабинеттер және балалар стоматологиясы жұмыс істейді. Білікті дәрігерлер қызмет атқарады. Мамандар шетелдің озық үлгідегі клиникаларында оқып, тағылымдамадан өткен.
– Орталық соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған. Мұнда емделуге келген тұрғындардың тістерін 3D дентальды компьютерлік томографиясына түсіріп, тіс ауруларының қатерсіз, қатерлі екеніне дәл диагноз қойып, білікті мамандарымыз емдейді, – дейді «DOCTOR D» стоматологиялық орталығының бас дәрігері Данияр Юнусалиев.
Түркістан қаласы әкімдігінің қолдауымен «DOCTOR D» стоматологиялық орталығының іске қосылуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында айтылған денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру қажеттігін жүзеге асыру болып табылады. Бұл бағытта Президент тапсырмасымен ел Үкіметі былтыр күзде арнайы қаулысымен «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау ұлттық жобасын бекіткені белгілі. Аталған ұлттық жобаның төрт бағытының бірі әрбір азаматқа қолжетімді және сапалы медициналық көмек көрсетуді қалыптастыру екенін ескерсек, енді бұл орталықта заманауи үлгідегі дәрігерлік қызметтің халыққа қолжетімділігі арта түсетіні анық. Мұнда кәмелет жасқа толмағандар мен жүкті әйелдерге тегін қызмет көрсетіледі. Сонымен қатар, бас дәрігердің айтуынша мемлекеттік қызметшілер де ақысыз емделеді.
А.ҚҰНАНБАЙҰЛЫ