Түркістанда күн сайын 6-7 күрделі ота жасалады

06-02.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе.  Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды. Медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керек. Мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігін тиімді пайдаланған жөн. Медицина – инвестиция салуға қолайлы сала. Тек оған дұрыс жағдай жасау қажет. Денсаулық сақтау саласы бәсекеге қабілетті болуы үшін дәрігерлер дайындау жүйесін жетілдірген жөн. Медициналық жоғары оқу орындарының жанынан көпбейінді ауруханалар және клиникалар ашылады. Алдағы үш жылда резидентураға бөлінетін грант саны 70 пайызға көбейеді. Мұның бәрі ұлт денсаулығын сөз жүзінде емес, іс жүзінде жақсартуға септігін тигізеді» деп тапсырды. Бұл бағытта Түркістанда атқарылған ауқымды жұмыстар жұмыстарды ауыз толтырып айтуға болады.

Еліміздің рухани астанасы – Түркістан қаласы облыс орталығына айналғалы бері мұнда халық саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Тұрғындар саны өскен сайын барлық қызмет түріне, оның ішінде әсіресе медицина саласына деген сұраныстың артатыны белгілі. Бұл тұрғыда Түркістан қалалық орталық ауруханасы халыққа жоғары сапалы қызмет ұсынып келе жатқан медициналық мекеме ретінде танылып келеді. Білікті басшы Бекзат Берденовтың ұйымдастыруымен аурухана тәулік бойы, аптасына 7 күн науқастарға шұғыл және жоспарлы көмек көрсетуде.

Аурухана тек Түркістан қаласына емес, шаһар сыртындағы елді мекендерге де көмек көрсетеді. Қала мен осы төңіректегі барлық ауылдарды қосқанда 200 мыңнан аса халыққа қызмет жасайды. Инсульт, жүрек инфаркті, хирургиялық сырқаттармен түскен науқастарға тәулік бойы қызмет көрсетіледі.

– Түркістан қалалық орталық ауруханасы облыс орталығының ғана емес, шаһармен шекаралас, іргелес жатқан аудандардың тұрғындарына да жедел және жоспарлы медициналық көмек көрсетеді. Емдеу орталығында кардиология, травматология, хирургия, пульманология, урология, лор бөлімшелері жұмыс істейді. Бүгінде мұндағы 340 төсек орында пациенттер жатып ем қабылдайды. Аурухананың іске қосылған осы жаңа ғимаратында көптеген жаңа медициналық аппараттар орнатылды. Басқа да қосымша заманауи зерттеу аппараттары, қабылдау бөлімінде компьютерлік томография, ФГДС, жаңа УДЗ аппараттары  қолданысқа енгізіліп жатыр. Қабылдау бөліміне түскен науқастарға жедел және жоспарлы ем-шаралар жасалады. Эндоскопия, кіші ота залы, кішігірім жарақат, ауыр сырқат жағдайларында дәрігерлік көмек көрсетіледі, – дейді қабылдау бөлімінің меңгерушісі Лесбек Нахыпов.

12 клиникалық бөлімшесі бар аурухана триаж жүйелеріне сай жабдықталған. Былтыр халыққа көмек көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын арттыру мақсатында пульмонология, урология, ангиохирурхия, лор, тамырға арналған ота бөлімшелері ашылды. Лор бөлімшесінде балаларға да отаның көптеген түрлері жасалады.

– Оториноларингология бөлімшесі 2021 жылдың 1 қарашасында ашылды. Содан бері халыққа үздіксіз дәрігерлік көмек көрсетіп келеді. Мұндағы 25 төсек орынның 20-сы ересектерге, 5-еуі балаларға арналған. Осында бүгінге дейін 50-ден астам ота сәтті жүзеге асырылды. Нәрестелерге де хирургиялық ем жасалады. Бөлімшеде қосымша жақ бет сүйек науқастарына арналған 10 төсек орын бар. Оның 5-еуі ересектерге, 5-еуі балаларға арналған. Құдай қаласа, наурыз айында жақ бет сүйек дәрігерлері келіп, аурухана базасында күрделі оталар жасайтын болады. Бөлімшеде ақылы қабылдайтын азаматтарға да арналған 2 төсек орын бар, толық қолайлы сервистік жағдай жасалған. Құлаққа эндоскопиялық, микроскопиялық оталар жасаудамыз. Түркістан қаласы мен осы облыс тұрғындарына тегін, портал арқылы келіп емделуіне де болады. Осында ересек науқастармен қатар нәрестелерге де жедел көмек көрсетіледі,  – дейді Оториноларингология бөлімінің меңгерушісі Мақсат Ерубай.

Шұғыл жағдайларда жарақат алған пациентке амбулаториялық жедел медициналық жәрдем көрсету мақсатында травматологиялық пункт ашылды. Инсульт орталығының ішінде нейрореанимация, реабилитация бөлімдері жұмыс істейді.

Ауруханадағы 340 төсек орынның 10-ы екі жансақтау бөліміне арналған. 128-ші кескіндегі компьютерлік томография орнатылған. Ең бастысы – бұл компьютер қазіргі індет өршіп тұрғанда науқастың өкпесінің қанша пайызы зақымдағанын есептеп бере алады. Пандемия кезінде халыққа көмек көрсету мақсатында компьютерлік томографтың көп себі тиді.

06-01.jpg

Түркістан қалалық ауруханасында жаңа медициналық технологиялардың белсенді түрде енгізілуі мен осында білікті дәрігер-мамандардың шоғырлануы  жаңа белестерді бағындыруға жол ашты. 

– Түркістан қалалық орталық ауруханасының жаңа ғимаратында шұғыл және жоспарлы оталарға арналған екі ота залымыз бар. Түркістанда бұған дейін болмаған инновациялық хирургиялық емдеу әдістері қолға алына бастаған соң жергілікті тұрғындар мен өңір азаматтарының облыс орталығына шипа іздеп келуі жиіледі. Астанаға, Алматы мен Шымкентке бармай-ақ осында жасатуға болатын ота түрлері көбеюіне байланысты жуық арада тағы екі ота залын іске қосамыз. Әзірге оларды жабдықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өткен жылдың қазан айынан бері орталық аурухана базасында мыңнан астам ота жасалды. Оның 400-ден астамы шұғыл оталар болса, 600-дейі жоспарлы хирургиялық ем-шара. Жүкті науқасқа оталар жасалды. Заманауи медициналық техникалардың көмегімен лапароскопиялық, эндоскопиялық және микроскопиялық оталар сәтті жүзеге асырылуда. Ота залымызда екі лапароскопиялық стойкамыз, екі наркоз, бір миркоскоп аппаратымыз бар. Мұнда күн сайын отаның 6-7 түрі жасалады, – дейді ота бөлімінің меңгерушісі Сапарәлі Адамбекұлы.

Орта Азияның бариатриалық хирургиясында KARL STORZ Rubina   бейне түсірілімі бар инфрақызыл түсті спектрдегі перфузиялық диагностика технологиясын алғаш рет қолданған Түркістан қалалық орталық ауруханасының базасында қазақстандық бариатриялық және метаболизмдік хирургтар қоғамы республикалық бірлестігінің президенті Орал Оспанов жергілікті дәрігерлермен бірге күрделі ота жасады. 

Хирургия бөлімінің меңгерушісі Абай Түймебаев Израильде білімін жетілдіріп, күнделікті тәжірибесінде қолдануда. Сондай-ақ, 12 дәрігер Түркияда, 2 маман Америка құрама штаттарында кәсіби біліктіліктерін арттырды.

Осындай айтулы табыстарға толы жетістіктері мол Түркістан қалалық орталық ауруханасы алдағы уақытта да медициналық қызмет көрсету сапасын арттыра бермек.

А.БЕК


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Листериоз туралы нені білу керек?
  • Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу әрбір азаматтың басты міндеті!
  • Абайлаңыз Құтыру!
  • Емдеу мекемелеріне қойылатын талаптар
  • Түркістан облысында эпидемиологиялық жағдай күрделі
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер