Түркістанға өзге облыстың балалары да ем іздеп келеді

07-01.jpg

Биылғы 2022 Барыс жылын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ба­лалар жылы» деп жариялап, «Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі», деп денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қол­дау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек екенін айтып, тапсырма бер­ген еді. Мемлекет басшысы «Әңгіме жалаң ұран мен мерекелік шаралар туралы емес. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз», – деп, бұл жылда істелетін жұмыс нәтижесін құр даңғыра сөзбен емес, нақты іспен көрсету керектігін ескерткен болатын. Сондай-ақ ол өскелең ұрпақтың мә­се­лесіне мән беру арқылы, ұлт тағ­дыры шешілетінін, ал оларға жол ашу үшін барлық жағдайды жасау керегін жеткізген еді.

Сонымен қатар, Ел Президенті Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды. Медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керек. Денсаулық сақтау саласы бәсекеге қабілетті болуы үшін дәрігерлер дайындау жүйесін жетілдірген жөн. Медициналық жоғары оқу орындарының жанынан көпбейінді ауруханалар және клиникалар ашылады. Алдағы үш жылда резидентураға бөлінетін грант саны 70 пайызға көбейеді. Мұның бәрі ұлт денсаулығын сөз жүзінде емес, іс жүзінде жақсартуға септігін тигізеді» деп тапсырды. Бұл бағытта Түркістан қаласында қолға алынған ауқымды істердің ордасы – Түркістан қалалық балалар ауруханасы.

Аты қалалық болғанмен заты облыстықтан кем емес. Өйткені Түркістан қалалық балалар ауруханасы облыс орталығының тұрғындарына ғана дәрігерлік көмек көрсетпейді. Мұнда Кентау қаласы мен Созақ, Бәйдібек, Отырар аудандарынан да балаларының дертіне шипа іздеп келетіндер бар. Көрші Қызылорда облысының, Жаңақорған ауданының кішкентай тұрғындары көбіне осында емделеді. Осылай облыстық, облысаралық деңгейде медициналық қызмет көрсетіп келе жатқан емдеу мекемесінде бұрын соңды жасалмаған оталар да сәтті жүзеге асырылуда екен. Былтыр 800-ден астамы жасалыпты. Бұл туралы бізге аурухананың басшысы Әбдішүкір Егізбаевтың өзі айтып берді.

– Бұрын соматикалық аурулар облыстық клиникалық балалар ауруханасына жөнелтілетін. Атап айтқанда, солардың қатарындағы Шымкентке жіберіліп жүрген қант диабетіне шалдыққан балалар қазір Түркістаннан шықпай-ақ осында ем қабылдай алады. Сол сияқты қан аздығы ауруына шалдыққан балалар да Шымкентке жіберілетін. Өйткені Түркістан қалалық балалар ауруханасында балалар эндокринологы, гематолог мамандар бұрын болмаған. Жедел дәрігерлік көмек көрсетілетін де, дереу Шымкентке жолданатын. Қазір арнайы маман даярлап, эндокринолог шақырттық. Облыстық клиникалық балалар ауруханасы мамандарымен кеңесіп, ондай дертті балалардың барлығын өзімізде емдеп жатырмыз. Хирургия саласында кейбір күрделі оталарды да Шымкенттен маман шақыртып жасататынбыз. Немесе санавиация көмегімен облыстық клиникалық балалар ауруханасына ауыстырып жататынбыз. Бүгінде бар мүмкіндігімізді пайдаланып, ондай оталарды осында жасап жатырмыз. Балалар урологиясында кездесетін аурулар бар. Гидронефроз, гипоспадия, рефлюкс деген аурулар бар. Олардың барлығы Шымкентке не Алматы мен Астанағаа ем іздеп кететін. Соңғы жылдары олардың ешқайсысын жіберіп жатқан жоқпыз. Барлығын осында емдеудеміз. Мен өзім басшыдан бұрын балалар урологы болғасын урологиялық аурулардың 80-90 пайызын осында тексеріп, нақты диагнозын қойып, отасын жасап емдеуді қолға алдық. Соған сай хиуруг, неонотолог секілді мамандарымызды Алматы, Астана қалаларына, одан әрі Ресей, Түркия сынды медицинасы алдыңғы қатарлы дамыған шет елдерге жіберіп, тәжірибе жинақтап, кәсіби шеберліктерін арттырып, оқытып алдық. Тәжірибе алмасулар бұлармен ғана шектеліп қалмайды. Ізденісітерімізді арттыра береміз. Өйткені медицина тәжірибе алмасулар арқылы дамиды, – дейді Әбдішүкір Қазыбайұлы.

Басшының айтуынша, елімізде жаңа туған шақалақтарда туа біткен ақаулар көп. Солардың Түркістан қаласындағы №3 облыстық перинаталды орталығында дүниеге келгендері Шымкенттегі облыстық балалалар ауруханасына жіберіледі екен. Олардың қатарында жағдайы ауыр, әрі қарай тасымалдауға төзе алмайтын нәрестелер кездесіп жатады. Сондай сәбилерге қалалық балалар ауруханасы мамандары ота жасап көмектесуді жоспарлап отыр. Дегенмен, мерзімінен ерте туған сәбилердің салмағы аздары осында ауыстырылып, отбасыларына күш жинап, өмірге бейімделіп оралады екен. 

07-03.jpg

– Келешекте біз облыстық орталыққа айналамыз. Соған қазірден бастап дайын болуымыз қажет. Түркістан қалалық балалар ауруханасына жапсарлас 190 төсек орынға лайықталған төрт қабатты жаңа ғимарат салынбақ. Ол жерде хирургияға көп басымдық берілетін болады. Нейрохирургия, кардиохирургия, офтольмология, онкология, лор, жақ-бет хирургиясы бар, барлығына бүгіннен мамандар даярлауға кірісіп кеттік. Реаниматологтарды оқытып жатырмыз. Бұлардан бөлек, Алматы, астанада тәжірибе жинаған, Түркістанда жұмыс істеймін дейтін білікті дәрігерлер болса, қуана құшақ жайып қарсы аламыз. Хабарласуына болады. Өйткені хирургиялық кешен іске қосылған кезде ол жерде жұмыс істейтін мамандар болуы керек, – дейді Егізбаев. 

Бұрын да Түркістанда соқырішек, шап жарығының қысылып қалғаны бар, әртүрлі жарақатпен түсетін балаларға жедел оталардың барлығы жасалып келген. Енді қалалық балалар ауруханасының базасында қасиетті шаһарда бұрын емделмеген урологиялық ауруларға ота жасау қолға алыныпты. Рас, бұған дейін Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің клиникасында профессор Сейденовтің жетекшілігімен біраз оталар жасалған. Аурухана ұжымы осы саланы әрі қарай дамытып, балаларға көмектесуді көздейді. Ол үшін орталыққа білікті мамандардың шоғырлануы аздық етеді. Хирургтардың жұмыс жасауына қолайлылық қажет. Заманауи медициналық аппараттар орнатылуы тиіс. Әбдішүкір Егізбаев жоғарыда айтқан хирургия кешені іске қосылса, жұрт жобаланған істердің игілігін көретін күн алыс емес. Сол хирургиялық кешенмен алдағы уақытта статусы да өзгеруі мүмкін Түркістан қалалық балалар ауруханасының бүгінгі 214 төсек орны 400-ден аспақ.

07.jpg

– Бізде компьютерлі томограф, рентген аппараттарымыз бұрыннан бар. Жылжымалы ренггеннің алтауы бар. Соның көмегімен балаларды рентген кабинетке апармай-ақ жатқан жерінде түсіре береміз. Ары-бері сандалтпаймыз. Лапараскопиялық тіреулеріміз де әжетімізге жарап тұр. Жаңаларына тапсырыс бергенбіз. Заманауыи медициналық құрылғылар көбейген сайын кеспей жасайтын оталар саны да артады. Жалпы жеделін, жоспарлысын қосқанда жыл сайын мыңға жуық ота жасап жүрмыз. Олардың арасында жұмыс бабымен астана, Алматыға көшіп кетіп, Түркістанға оралғанда ауруханамызда ота жасатып кетіп жатқан жерлестеріміз де бар, – дейді хирург.

Бас дәрігердің айтқандарын оқырмандарымызға жеткізу үшін аурухананы аралап көруге рұқсат сұрадық. Келісім алған соң бізге талапқа сай аяғымыздан басымызға дейін бір реттік киім берілді. Бірінші кезекте бетпердемізді жаңаладық. Ал ішке кіргенімізде...

Біз көргенімізді суреттермен жеткізіп, қалғанын мамандардың өздері айтқанын жөн санадық.

– 1983 жылы институтты бітіріп келгенімде балалар ауруханасы үш-ақ бөлімнен тұратын. 1995 жылы жансақтау бөлімі ашылды. Ескі ғимаратта 130 медицина қызметкері бар 115 төсек орынды емдеу мекемесі еді. Сосын қазіргі жаңарған, заман талаптарына ғимаратқа 2015 жылы көшкенде ауруханада реанимацияны қосқанда 9 бөлім жұмыс істеді. Соған сай медицина қызметкерлерінің саны 380-нен асты. Жаңа заман талаптарына сай медициналық аппараттармен жабдықталды. Төсек орын да көбейді, 200-ге жетті. Бүгінде – 214. Оған күндізгі стационарды қоссақ, 240-ты құрайды. Түркістан қалалық ауруханасы мамандандырылған медициналық ұйым саналады. Екі жыл бұрын палиативті көмек бөлімшесі ашылды. Мұнда ем қонбайтын балаларға күтім жасалады. Басында 4 төсек орын болса, бүгінде 8 балаға күтім қызметтері көрсетілуде. Біз Қоғамдық денсаулық басқармасынан төсек орын санын көбейтуді сұрап отырмыз. Бұдан басқа оңалтуға арналған 10 төсек орнымыз бар. Оның 5-еуі нефрология, 3-еуі кардиология, 2-еуі хирургияға арналған. Мұны да бөлімшеге айналдыруымыз керек. Осы бағытта жұмыстар жүріп жатыр. Өйткені қалалық болсақ та облыс орталығындағы балалар ауруханасы саналатындықтан осында өңірдің басқа аудан-ауылдарынан ем іздеп келетіндер көбеюде, – деп аурухананың жетістіктерін тізбелеп жеткізген статист-дәрігер Сәуле апай аталған аурухананы 11 жыл басқарған.   

Жансақтау бөлімінің меңгерушісі Бахрам Сайдуллаевтың айтуынша, реанимация 12 төсек орынды. Мұнда пациенттер ауыр хәлде жеткізіледі. Оларға жағдайына қарай симтоматикалық және синдромалдық ем жүргізіледі. Беті бері қарағандар жақсы болса палатаға ауыстырылады. Жағдайы ауырлары концилиумнан кейін қажет болған жағдайда санавиация қызметімен облыстық клиникалық балалар ауруханасына ауыстрылады. Телемедицина арқылы білікті мамандардың көмегімен емдеу шараларын жүргізетін кездері де болады. Науқасты қозғау қауіпті болса, кәсіби мамандардың өздері шақырылады.

– Жүрек ақауларынан басқа аурулардың барлығы осы ауруханада емделеді. Хирургия, нейрохирургия жолға қойылған. Тіпті басынан ауыр соққы алған науқастар да бас-миына ота жасалып, жақсы болғанша жансақтау бөлімінде аппараттардың көмегімен тыныстап, бақылауға алынып, емін жалғастырады. Жылына 450-ге дейін бала жатып, сауығып шығады, – дейді осы салада 28 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Бахрам.

Хирургия бөлімінің меңгерушісі Бағдат Байкеев ауруханада Түркістан облыс орталығына айналғалы ота жасау көбейгенін айтады. Әбдішүкір Егізбаев осында бас дәрігер болғалы бері урологиялық оталар қолға алынып, жедел құрсақ, кеуде қуысына жасалатын операциялар жасалуда екен. Бағдат ауруханада бір жылда жасалатын оталардың кемінде жартысы өзінің қатысуымен өтетінін жасырмайды. Бүгінге дейін ол жасаған отаның саны үш мыңға жуықтаған.

– Гипоспадия – зәр шығару жолдарында туабітті ақауы бар балаларға  Түркістанда бұрын мүлдем ота жасалмаған. Хирург, уролог басшысымыз Әбдішүкір Қазыбайұлының жетекшілігімен ауруханамызда жүзеге асуда. Гидронефрозға шалдыққан балалар бірінші кезекте Шымкентке шипа іздеп баратын. Одан әрі қажеттілік туындаса ем алуға республикалық орталықтарға жіберілетін. Бүгінде бізде жасалмайтын урологиялық оталар үшін пациенттер тікелей республикалық орталықтарға барады. Өйткені үшінші мегаполисте жүзеге асып жатқан оталардың барлығын Түркістан қалалық ауруханасында жасауға болады. Деңгейіміз бірдей, – дейді хирургия бөлімінің меңгерушісі.  

Ерте жастағы балалар бөлімі 40 төсек орынға арналған. Біз бас сұққанда 39 бала ем қабылдауда екен. Мұнда бір айлық сәбиден екі жасқа дейінгі балалар аналарымен жатып сауықтырылады. Бөлім меңгерушісінің айтуынша былтыр 1495 бала осында сырқатынан жазылып үйлеріне оралыпты.

– Шала туған, мерзімінен өтіп туған, сарғайған, туғанда травма алған нәрестелер осында ем алады. Жағдайына қарай 28 күн, арасында екі ай жататындары да болады. Көбінде бірінші рет босанған аналар баласын емізуді білмейді. Бала сарғаяды, ему қабілеті төмендегеннен кейін әлсірейді. Сондықтан ең алдымен жас аналарға ана сүтінің маңыздылығын түсіндіріп, дұрыс емізуді үйретеміз. Көп босанған аналардың депрессияға ұшырайтындары болады. Олармен сұхбат жүргізіп, психологиялық көмек көрсетеміз. Сосын әлеуметтік жағдай төмен отбасылардың балалары суықтап қалып түсіп жатады. Оңалып шығып, алғысын айтып кетіп жатқан аналар көп, – дейді сырқат нәрестелер бөлімінің меңгерушісі Роза Байжұматова.

Білікті дәрігер, балалар хирургы, уролог Әбдішүкір Егізбаевтың жетекшілігімен облыстықтан кем емес қалалық балалар ауруханасына Хирургиялық кешені іске қосылса, Түркістанға шипа іздеп келетін балақайлардың көбейетіні күмән келтірмейді. Дегенмен, балалар ауырмасыншы...

А.ДОС


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Листериоз туралы нені білу керек?
  • Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу әрбір азаматтың басты міндеті!
  • Абайлаңыз Құтыру!
  • Емдеу мекемелеріне қойылатын талаптар
  • Түркістан облысында эпидемиологиялық жағдай күрделі
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер