Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды. Медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керек. Медицина – инвестиция салуға қолайлы сала. Тек оған дұрыс жағдай жасау қажет. Денсаулық сақтау саласы бәсекеге қабілетті болуы үшін дәрігерлер дайындау жүйесін жетілдірген жөн. Медициналық жоғары оқу орындарының жанынан көпбейінді ауруханалар және клиникалар ашылады. Алдағы үш жылда резидентураға бөлінетін грант саны 70 пайызға көбейеді. Мұның бәрі ұлт денсаулығын сөз жүзінде емес, іс жүзінде жақсартуға септігін тигізеді» деп тапсырған болатын.
Орта Азияның бариатриалық хирургиясында алғаш рет KARL STORZ Rubina 4K ICG бейне түсірілімі бар инфрақызыл түсті спектрде перфузиялық диагностика технологиясы қолданылған ота түркі әлемінің рухани астанасы атанған Түркістан қаласында жасалды. Асқазанның ажыратылған бөлігін фундопликациялаумен лапараскопиялық бір анастомозды гастрошунттау отасы отандық дәрігерлермен бірге Әзірбайжан, Өзбекстан, Ресей және Литва мемлекеттерінің бариатриалық хирургия саласының мамандарына онлайн режимде көрсетілді.
– Басқа ғылымдар сияқты медицина да заман ағымына ілесіп, жылдан жылға даму үстінде. Жаңа технологиялар, жаңаша емдеу тәсілдері ендірілуде. Сондай оңды өзгерістер Түркістан облысының денсаулық сақтау саласында да жүзеге асырылып келеді. Соның бірі – облыс орталығы Түркістанда заман талабына сай, тіпті Қазақстанда баламасы жоқ жаңа кешенді аурухана салынуда. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Денсаулық сақтау министрілігі мен Түркия мемлекетінің компаниясы құрылысын жүргізіп жатқан медициналық кешен 2023 жылы пайдалануға берілмек. Іске қосылғанда Түркістанда да жоғары технологиялық оталар көптеп жасалатын болады, – деді Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов.
Ал, Орта Азияның бариатриалық хирургиясында KARL STORZ Rubina 4K ICG бейне түсірілімі бар инфрақызыл түсті спектрде перфузиялық диагностика технологиясы қолданылған алғашқы отаны Түркістан қалалық орталық ауруханасының базасында Қазақстандық бариатриялық және метаболизмдік хирургтар қоғамы республикалық бірлестігінің президенті Орал Оспанов жергілікті дәрігерлермен бірге жасады.
– Біз іссапармен Қазақстан қалаларын көп аралаймыз. Дәрігерлерді оқытып үйретіп, тәжірибелерімізбен бөлісеміз. Түркістанға келуіміздің бір себебі мұнда да білікті хирургтар көп, аурухана ұжымы жақсы. Түркістан қалалық орталық ауруханасының базасында отаның жаңа түрын ендіріп, хирургиялық ем шара жүргізіп жатқанымызға екінші күн болды. Бүгін конференцияның ашылуына қатысып, азаннан бірнеше ауру белгілері бар Ақтау қаласынан келген пациентке ота жасауға кірісіп кеттік. Сонымен қатар, бүгін асқазанға ота жасауды жоспарлап отырмыз. Асқазанды кішірейту пациентімізді бірқатар ауруларынан арылтып, денсаулығын жақсартуына көмектеседі. Ота шамамаен 1,5-2 сағатқа созылады. Лапароскопиялық құрылғының көмегімен жасаймыз. Біз мұнда осы ауруханадағы микроскоппен ғана қарауға болатын ұсақты да үлкейтіп көрсету мүмкіндігі өте жоғары озық үлгідегі заманауи медициналық аппаратты қолданамыз. Бұл жаңа медициналық кешенге мамандар даярлау. Жаңа ауруханада хирургиялық ем шара жүргізуге бұдан да жоғары қолайлы жағдай жасалады, – дейді профессор Орал Оспанов.
Түркістан қалалық орталық ауруханасының ІІ дәрежелі хирургы Бекжан Асибековтің айтуынша, бұл оның практикасындағы алғашқы отасы.
– Мұндай оталар тек Астана, Алматы секілді үлкен қалаларда жүзеге асып келген. Профессор Орал Базарбайұлының қатысуымен отаның жаңа түрін жасауды үйреніп жатқаныма қуаныштымын. Құдай қаласа, Түрікстан қаласында мұндай оталардың көптеп орындалып, отандастарымның денсаулығын жақсартуға үлесімді қосамын, – дейді медицина магистрі.
Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының хирургия бөлімі меңгерушісі Жеңіс Серғазиннің айтуынша, мамандардың кәсібиліктерін арттыруда онлайн болса да халықаралық конференцияның берері мол.
– Екі жыл бұрын Түркістан қаласында алғаш рет семіздік дертіне қарсы ота жасап, дамытып келеміз. Бірақ, ас қорыту жүйесінде қосымша аурулары пациенттерге симультантты оталар бүгін осы ғылыми тәжіріибелік конференцияның аясында Түркістанда бірінші рет жасалып жатыр. Семіздік, қант диабеті, метаболикалық синдром диагноздары қазіргі кезде жүрек ұстамасы, инсульт ауруларының барлығының бастамасы болыа тұр. Көп аурулардың емделу жағдайларын күрделендіретін бұл факторларды ХХІ ғасырдың үлкен дерттері десек те болады. Біз жасап жатқан оталар – профилактикалық хирургия адамдарды көптеген асқынулардан аман алып қалады, – дейді хирург.
Бірінші операция 22 жастағы артық салмақпен ауыратын бойжеткенге істелді. Қазір жас қыз 70 келі, енді отадан кейін салмақ тастайды.
Онлайн бас қосуда қант диабеті мен патологиялық семіздікті лапораскопиялық ота арқылы емдеу жолдары түсіндірілді. Жалпы коронавирустан қайтыс болғандардың 90 пайызы қант диабеті мен семіздікпен зардап шеккендер екен.
А.ДОС.