Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында «Медициналық сараптама жасайтын көптеген зертханамыз халықаралық стандартқа сай емес. «Дені сау ұлт» жобасы бойынша кемінде 12 зертхананы жоғары технологиялық құралдармен жабдықтау қажет. Соның арқасында зертханаларымыз 90 пайызға дейін халықаралық талапқа сай жұмыс істейтін болады» деп тапсырған болатын. Сонымен қатар, ауруханаларда емделіп шыққан азаматтардың қайта ауырып түспеуі үшін толыққанды ем жүргізудің тәсілі – оңалту орталықтарын ашуды міндеттеген еді. Бұл бағытта алғашқылардың бірі болып іске қосылған Түркістан қаласындағы оңалту орталығы мен вирусологиялық зертхананың жүйелі жұмыстарын атап айтуға болады.
Түркістан облысының орталығы – Түркістан қаласын 250 мыңнан астам адам мекен етеді. Осы тұрғындардың 60 пайызы Түркістан қалалық орталық емханасына тіркелген. Яғни, оларға аталған медициналық ұйымның мамандары дәрігерлік көмектер көрсетеді. Емхананың басшысы Райымбек Тасырбаевтың айтуынша, бүгінде заман талабына сай бірінші санатты емдеу мекемесіне қарасты 7 дәрігерлік отбасылық орталық, 2 амбулатория, бір жылжымалы медициналық жиынтық бар.
– Халықтың денсаулық жағдайын жақсарту, емделіп шыққан пациентті қайта қалпына келтіру мақсатында ашылған біздің қазіргі таңдағы мақтанышымыз – реабилитация бөлімшесі. Бұл оңалту орталығы 2020 жылдың 1 қыркүйегінде іске қосылған. Коронавирустан кейінгі пациенттерді оңалту мақсатында Түркістан облысында алғашқы болып ашылған орталық содан бері халыққа қалтқысыз қызмет етіп келеді, – деп басшы бізді оңалту орталығына өзі бастап ертіп апарды.
Бізге емдеу мекемесінің басшысы болса да Райымбек Тасырбаевтың қарапайымдылығы көбірек ұнады. Әйтпесе креслосынан түспей қызметкерін кабинетіне шақырып алып, жұмыс үстелінің қасында қақитып қойып, бұйыра сөйлеп тапсырма жүктеп, соңында соған қосақтап жіберетін талай басшыны көрген соң ба, мұндай қарапайымдылыққа таңырқаумен бірге сырттай сүйсіне қарадық.
Жылы жымиып жол бастаған реабилитолог дәрігер Ардақ Шеңгелбаеваның өзіне жүктелген жұмысын зор жауапкершілікпен атқарып жүргені қуантты. Ол бөлімшенің жұмысын мақтанышпен баяндады. Аралатып жүріп таныстырды.
– Емделіп шыққан пациенттерді күндізгі стационарда қабылдап, дәрігерлік қызметімізді көрсетіп келеміз. Оның ішінде коронавирустан айығып шыққандар да бар. Сонымен қатар, жүрек-қантамыр науқастарына, жүйке ауруларына түрлі травмалардан кейінгі кезеңдерде реабилитациялық оңалту көмегін береміз. Облыс деңгейінде алғашқы болып ашылған оңалту орталығында ингаляция, парафинотерапия, емдік массаж, велотренажер сынды емдік шаралары жүргізіледі. Мекеме магнитті терапия және алмаг, электрофарез, дарсонвал,УВЧ, биоптрон медициналық аппараттармен толықтырылған. Пациенттерге сырқатына байланысты емдік шаралар жүргізіледі, – дейді Ардақ Сапарқызы.
Оңалту орталық 10 орынға арналған. Бүгінге дейін бөлімше қызметкерлері 300-ге жуық емделушіге оңалту жұмыстарын жүргізіп үлгерген. Жалпы мұнда пациенттердің толық емделіп шығуы үшін білікті де білімді мамандар – 2 оңалтушы дәрігер, 2 физиотерапия кабинеті мен массаж үйретуші мамандар жұмыс істейді. Бұл жерге келген науқастар денсаулығына қарай 10-20 күн аралығында ем қабылдайды.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында медициналық оңалту «Медициналық оңалту көрсету қағидаларын бекіту туралы» Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылғы 7 қазандағы №116 бұйрығымен реттелген. Медициналық оңалту «Ауруханаға жатқызу бюросы» ақпараттық жүйесінде жүзеге асырылады.
Реабилитациялық оңалту бөлімшесінде қуана қол бұлғаған пациенттердің жақсарған жағдайын көріп, олардың медицина мамандарына ризалықытарын естіп шыққанымызда бізді тағы да бас дәрігер күтіп алды. Райымбек Берікұлы одан әрі бізді вирусологиялық лабораторияға бастап барды. Оның айтуынша, былтыр коронавирус кең тараған тұста Түркістан облысында бірінші болып іске қосылған зертхана мамандарының алғашқыда қалалық деңгейде ғана емес, облыстық масштабта ауқымды жұмыстарды атқаруларына тура келген. Облыс орталығында ашылған алғашқы бөлімше болған соң солай болуы заңды да. Кейіннен қажеттілікке байланысты осындай вирусологиялық зертханалар аудандарда да біртіндеп ашыла бастады. Мекеме басшысы бізді зерхананың меңгерушісіне табыстады.
Әлі де жүйелі жұмысын жалғастырып келе жатқан вирусологиялық лабораторияның меңгерушісі Лаура Кенжеғараева зертхана тәулігіне 500 коронавирустық сынаманы талдаудан өткізуге қауқарлы екенін жеткізді.
– Вирусологиялық лабораторияда екі дәрігер, бес зертханашы, бір кіші мейіргер жұмыс істейді. Бұл зертхана бөлімі 2020 жылдың 16 сәуірінен бастап жұмыс жасап келеді. Осында анализдердің бәрі қабылданып, тіркеуге алынады. Бұдан әрі сынамалар ішкі этапқа кіргізіледі. Арнайы тоңазытқыштарда сақталады. Мұнда таза және лас аймақтар бар. Вирусологиялық талдаулардың барлығы ішкі бокста зерттеледі. Анализдердің барлығы осы жерде тексеріліп, әрі қарай аппаратқа қойылады. Ковид анализдерін тексеруге арналған верат аппаратымыз бір мезетте 500 сынаманы тексеруден өткізе алады. Зертхана осындай аппараттармен жабдықталған, – деді Лаура Жұмабекқызы.
Түркістан қалалық орталық емханасы 2018 жылдан бастап толық цифрлық жүйеге көшкен. Табалдырықтан аттағаннан-ақ көзге түсетін үлкен монитор өз-өзіне қызмет көрсетуге арналған. Өз-өзіне қызмет көрсету бұрышында пациенттер дәрігерлерінің бейнесін үлкен экраннан көре алады. Ол үшін байланыс құралы ретіндей қолданып жүрген смартфоныңыздың бетін саусағыңызды жүгірткендей тиісті нүктелерді түртсеңіз жетіп жатыр. Сіздің денсаулығыңызды тексеретін дәрігердің бет-бейнесі ғана емес, оның кабинеті орналасқан жақ, оған қалай бару керектігі де бағытталып көрсетіледі. Осылай түркістандықтың дәрігердің жұмыс уақытын бақылауына да болады.
Айтпақшы, мұнда келмес бұрын ғаламторды ақтарып, ізденгенімізде білгеніміз еліміздегі 100 есім жобасына енген Райымбек Тасырбаев осы қызмет үшін Денсаулық сақтау министрлігінің «Үздік цифрлық дәрігер – 2018» марапына ие болған.
– Өздеріңіз куә болғандай Түркістан қалалық емханасы жалпы бір ауысымда 500 адамға қызмет көрсетуге арналған типтік ғимаратта орналасқан. Заманауи медициналық аппараттармен, құралдармен жабдықталған, – деп басшы емдеу мекемесінің басқа да мүкіндіктерімен таныстырды.
Мұнда қаладағы жүкті әйелдер дер кезінде УДЗ аппаратына түсуге мүмкіндік алса, жүрек соғысын тексеретін жаңа құрылғы инсулттың алдын алуға көмектеседі. Бүгінде үш қабатты мекеменің әр бұрышы Түркістан тұрғындары мен қонақтарының денсаулығын жақсартуға қызмет етеді. Әрине, бұл біздің емхананың бас ғимаратынан көргеніміз ғана. Алдағы уақытта ақ халаттыларға еріп, ел аралап, көрген-білгенімізді оқырмандарымызға жеткізсек деген де ойымыз бар. Бастысы – Түркістан қалалық емханасы қызметкерлерінің жұмысы мұнымен ғана шектелмейді.