Алғыс арқалаған мамандар Түркістанда қызмет етеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауда айтылған тапсырмасымен бекітілген 2021-2025 жылдарға арналған «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасының басты бағыттарының бірі – халықтың медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасына қанағаттану деңгейін 2025 жылы 80 пайызға дейін арттыру. Бастысы – санға емес сапаға жұмыс істеу. Түркістан қаласындағы жедел медициналық жәрдем сатанциясы мамандарының қызметтерін дәл осы бағытта жүзеге асып жатқан жүйелі жұмыстар деп ауыз толтырып атап айтуға әбден болады. Расында да Түркітандағы мамандар халықтың дәрігерлікке көмектерге қолжетімділігін арттыруға жағдай жасап отыр. Сөзіміз дәлелді болуы үшін түркістандық медицина мамандарының нәтижелі жұмыстарын көптеп мысалға келтіруге де болады. Соның бірі – Түркістан қаласында орналасқан облыстық жедел жәрдем беру станциясының оперативті бөлім диспетчері Шоира Шакирова телефон арқылы жүкті келіншекті босандырып алды.

Оқиға 11 шілде күні Арыс қаласы Ақдала ауылында болған. Ай-күні жетіп толғақ қысқан ауыл тұрғыны Феруза Еркінова түнде сағат 4.00 шамасында жедел жәрдемге қоңырау соққан. Тұтқаны көтерген диспетчер Шоира Шакирова арнайы бригаданы бағыттайды. Дегенмен, ауыл мен қала арасы алыс болғандықтан, көліктің жетуіне біршама уақыт қажет болған. Ал, жүкті келіншектің жолдасы толғақтың күшейіп жатқанын айтып қайта телефон соғады. Шоира жағдайды бірден түсінгендіктен, телефон арқылы кеңес бере бастайды. Сонымен, отбасында үшінші қызды әкесі мен енесі және Түркістанда отырған диспетчер босандырып алады. Кіндігін қайшымен кесіп, үлкен жаялыққа орап қояды. Осы сәтте жедел жәрдемде жетеді...

7c10e0f7-bf01-4f81-a89a-4cb951106c32.jpg

– Ертеңіне қарай басшылықтан хабарласып, мені шақыртты. «Не бүлдіргенсің?» дегенде түсінбей қалдым. Ал, кейіннен қолыма Ферузаның жазған алғыс хатын табыс етіп, әжесіне хабарласуымды сұрады. Әжесімен сөйлескенде рақметін айтып, жаңа туған қыздың есімін Әмина деп қойғанын жеткізді. Қуанып қалдым, – дейді Шоира Атажанқызы.

Бүгінде Әминаның дүниеге келгеніне 2 ай болды. Сәбидің жағдайы қалыпты. Ата-анасының көз алдында өсіп келеді.

– Әуелі Алла, содан соң себепші болған Шоираға отбасымыздың атынан алғысымызды айтамыз, – дейді Феруза Еркінова.

Шоира Шакирова қазірде Түркістан облыстық жедел жәрдем беру станциясының оперативті бөлім диспетчері қызмет атқарып жатыр. Жедел желіде күнделікті тұрғындардан қоңырау қабылдап, жедел жәрдем бригадасын бағыттап отырады. Тіпті, кей сәттері телефон арқылы алғашқы көмек көрсетіп, кеңес береді.

– Біз күнделікті тәжірибе алмасып, білімімізді шыңдап тұрамыз. Оперативті бөлім меңгерушісі Тахир Абдиев әр кезекшілік сайын атқарған жұмыстың есебін қабылдап, бағыт бағдар беріп отырады. Мен ол кісден көп нәрсені үйрендім. Бізге тәжірибесімен үлгі бола білген Тахир Батырбекұлына алғысымды білдіремін. Сондай-ақ, әрдайым курстарға қатысып білімімізді жетілдіріп тұрамыз. Мол мүмкіндік беріп, үлкен жағдай жасап отырған Түркістан облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының басшысы Қанат Тұмановқа рақметімді айтамын, – дейді ол.

Шойра Атажанқызы жедел жәрдемде қызмет етуді бала кезінен армандаған. Мектеп оқып жүргенде дәрігер болу үшін көп дайындалыпты. Кейіннен Түркістан көпсалалы медицина колледжінде «фельдшер» мамандығын меңгерді. Еңбек жолын мейіргер болып бастады. Енді бала күнгі арманы фельдшерлік салаға ауысып, халыққа қызмет көрсетіп, көмек беруді жопсарлап отыр.

– Мен фельдшер болып, жедел жәрдемде қызмет атқаруды бала кезімнен армандағанмын. Адамдарға көмектескім келіп тұрады. Өсіріп отырған ұл-қызымды да болашақта дәрігер мамандығын меңгертсем деймін, – дейді ол.

Тәулік бойы алғашқы көмек көрсетуге асығатын жедел жәрдем қызметкерлерінің жұмыстары қиын да қызықты сәттерге толы. Тіпті, өмірлеріне қауіп төнетін кездер де болады.

220910143826391e.jpg

Түркістандық Құралай Шалабаева жедел жәрдем қызметінде 22 жылдан бері еңбек етіп келеді. Осы уақыт аралығында ақ халатты абзал жан көптеген науқастарға алғашқы көмек көрсетіп алғысын алған. Тіпті, өлім мен өмірдің ортасында қалған жандарға да көмек беріп, қол ұшын созған кездері жетерлік.

– Шақырту бойынша барған үйіміздің ауласы кең екен. Тіпті үй қақпадан біраз жерде орналасқан. Содан біз қолымыздағы құрылғылармен кіріп бардық. Сол сәтте науқас есін жоғалтып, клиникалық өлімге кетті. Қолымда көгеріп барады. Көмекшімді дефибрилляторға жұмсадым да, өзім көмек көрсетуге кірісіп кеттім. Өзі де кішкене ащы судан ішкен екен, арасында құсып жатыр. Оған қарайтын біз жоқ, аузынан үрлеп, ауа беріп, кеудесін ұрғылап бетін бері қараттық. Содан ауруханаға алып бардық. Есін жиған соң, оның «мені неге ауруханаға алып келгенсіңдер?» деп ашуланып, шу шығарғаны бар, – дейді ол.

Жалпы Құралай Тынысбекқызының еңбек жолында мұндай сәттер көп. Мәселен, жаңа туған жас ананың да өмірін сақтап қалған. Көп қан кеткендіктен жолда қажетті ем-дом жасап, ауруханаға жеткізген. Ал, нашақорлардың ортасына түсіп қалуын бүгінде қызықты жайтқа балап, күліп еске алады.

– Бірде шақыртуға барғанымызда 4 нашақордың ортасына түсіп қалдық. Екі қызбыз. Қатты қорықтық. Содан қулыққа басып, бір құрылғының керек екенін айтып көлік жүргізушісін шақырдық. Ол ішке енгенде көңіліміз орнына түсіп, науқасқа көмек көрсетіп, тез тез кетіп қалдық, – дейді аға дәрігер.

Құралай бала кезінен иттен қатты қорқады. Сол сәби күнгі қорқыныш әлі де сейілмеген. Сондықтан шақыртуға шыққанда итті көрсе «үркіп» тұрады.

– Шақырту бойынша үйлерге барсақ, көпшілігінің қақпасының алдында ит тұрады. «Қаппайды, қаппайды, кіре бер» деп жатады. Бірде бір үйдің ауласына кірсек, алдымызда үлкен алабай тұр. Алғашқы да байқамай қалдық. Бізге қарай үре бастағанда қорыққанымнан айқайлап, қасымдағы әріптесімнің үстіне шығып кетіппін. Қолымдағы заттарымды басына қойып, екі аяғыммен арқасына мініп алғанмын. Оны өзімді байқамай қалдым. Әрекетімізді көрген ит бізден қашып кетті, – дейді ол.

Бүгінде Құралай Шалабаева Түркістан облыстық жедел жәрдем беру станциясының оперативті бөлімінде аға дәрігер қызметін атқаруда. Бос кезінде қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып тұрады. Жыл сайын ұйымдастырылатын «Денсаулық фестиваліне» қатысып, алғыс хаттарға ие болған. Одан бөлек 22 жылдық еңбек жолында Қазақстан Республикасы жедел медициналық жәрдем қауымдастығының «Үздік қызметкер» төсбелгісімен марапатталған.

– Адамдарға көмектескім келіп тұрады. Әрі науқасқа алғашқы көмек көрсету менің азаматтық борышым деп білемін. Ең маңыздысы марапат емес, халықтың алғысы одан да қымбат. Жасы 90-ды алқымдаған әжемізге алғаш көмек көрсеттік. Арада бірнеше күн өткен сол әжей маған арнап өлең шығарып, беріп жіберіпті. Мен үшін үлкен мотивация болды. Ол өлеңді көзімнің қарашығындай сақтап келемін, – дейді аға дәрігер.

Бүгінде Түркістанда жаңа заман талаптарына сай жабдықталып, 25 бригадаға арналған,100 пайыз цифрлық жүйеге қосылған медициналық жедел жәрдем орталығы жұмыс істейді. «Қазақстандық-Француздық «КАТКО» бірлескен кәсіпорны» ЖШС демеушілігімен бой көтерген медициналық станцияға 1,4 млрд теңге инвестиция салынған.

Заманауи үлгіде жасақталған орталықта жедел жәрдем автокөліктері шақыртуларға дер кезінде медициналық көмек көрсету үшін дефибриллятор, кардиостимулятор, кардиоверсия, кардиомонитор, электрокардиограф, ИВЛ аппараттарымен, оттегімен және электрлік, механикалық сорғыш аппараттарымен қамтылған. Жедел жәрдем станциясы жылына 70 мыңға жуық шақыртуға шыға алады.

Жедел жәрдем стансасы 4 категориялық санат бойынша «алтын сағат» қағидасына сай жұмыс істейді. Орталықта сондай-ақ АҚШ-та біліктілігін арттырған облыс мамандары қызмет көрсетеді. Жалпы облыс бойынша 140 жедел медициналық жәрдем бригадасы шақыртуларға қызмет атқарады. Өңір қажеттілігі 96 пайызға қамтылған. Облыста жедел жәрдем қызметінің кластері құрылып, ауылдық және қалалық жедел жәрдем қызметтері орталықтандырылған. Нәтижесінде науқастарға жету уақыты барынша азайып, қызмет көрсеру сапасы айтарлықтай артты. Дегенмен облыстық жедел көмек стансасы басшысының орынбасары Ақайша Аманжолова өңірде бригадалардың жеткіліксіздігін жасырмады.

– Он мың халыққа 1 бригада деп есептелген. Ал Түркістан облысы бойынша қазіргі кезде 2 млн 75 мың халық тұрады. Яғни 207 бригадамен қамтылуы керек. Қазіргі таңда бізде 140 бригада жұмыс істеп жатыр. Ауылды елді мекендердегі амбулаторияларда 1-2 бөлмені жалға алып, бригадаларды орналастырып қойғанбыз. Қосымша бригадалар ашып, жүз пайыз қамтамасыз ету бағытында жұмыс жүргізілуде, – дейді А.Аманжолова.

Қ.ҚУАНЫШБЕКҰЛЫ


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Қазақстанда жыныс ауыстыру операциясы тіркелген жоқ – ҚР ДСМ
  • Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі сүйек кемігінің доноры болды
  • Үндістанда майонезге тыйым салынды
  • Листериоз туралы нені білу керек?
  • Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу әрбір азаматтың басты міндеті!
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер