«Түркістан» индустриялды аймағында 25 инвестициялық жоба жүзеге асуда

Шілде айында жұмысын бастаған «EPK-Group 878»жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бетон зауыты бүгінде толық қуаттылығымен жұмыс істеп тұр. Бұл кәсіпорында сағатына 90 текше метр бетон дайындалып, қасиетті Түркістан қаласында салынып жатқан зәулім ғимараттардың құрылыс алаңына жол тартып жатыр. 

Screenshot_13.jpg

– Түркістан қаласы облыс орталығы атанғалы бері мұнда ірі-ірі ғимараттар бой көтеруде. Биыл қаланы дамытудың екінші кезеңі басталды. Құрылыс бар жерде құрылыс материалдарына сұраныс артады. Әсіресе, бетон және темір-бетон бұйымдарына сұраныс жоғары. Осыны ескере отырып, Түркістанның дамуына біз де өз үлесімізді қосайық деген ниетпен осы кәсіпорынды аштық, – дейді «EPK-Group 878» компаниясының құрылтайшысы, елге белгілі азамат Бауыржан Ибрагимов.

Оның айтуынша, зауыттың құрылысы 4-5 айдың ішінде аяқталған. Кәсіпорын өткен 2021 жылы ашылады деп жоспарланған. Алайда, коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген шектеулер мен карантиндік шаралар жоспарды уақытында жүзеге асыруға мүмкіндік бермей, қлбайлау болыпты. Мемлекетаралық шекаралардағы кеден бекеттері жабылып қалған тұста өндіріске қажетті шет мемлекеттерден әкелу мүмкін болмаған. Оның сыртында шетелдерден әкелінетін транспорт құралдарының утилизациялық алым мәселесі біржақты болмай, компанияның өндірісте қолданатын жүк көліктері мен арнайы техникаларын есепке алу кешеуілдеген. Соған байланысты бетон өнімдерін шығаратын зауыт биыл ғана іске қосылған. 

Бұл зауыттың жалпы инвестициялық құны 1 миллиард 41 миллион теңгені құрайды екен.  Қаржының тең жартысын құрылтайшы өз есебінен шығарып отыр. Мұнан бөлек өндіріске қажетті көлік құралдары мен техникалар мемлекеттік «Өнеркәсіпті қолдау қоры» акционерлік қоғамы арқылы жеңілдетілген тәртіппен лизингке алынған. 

–Кез келген жұмыстың басты өлшемі – сапа болуы тиіс деп ойлаймын. Егер әңгіме өндіріс туралы болса, бұл бұлжымайтын қағида. Тек сапалы өнім шығаруды алдымызға мақсат етіп алу арқылы ғана біз елімізді, оның экономикасын дамытып, халқымыздың әл-ауқатын жақсарта аламыз. Қазір тұтынушылардың да көзі ашылып, талғамы өсіп, кез келген тауардың сапалысын іздейтін болды. Кейде өндірістің технологиялары дұрыс сақталмай, кондицияға жетпеген өнімдер тауарлық түрі, сыртқы көрінісі ғана жақсы болып нарыққа шығып жатады. Әсіресе, құрылыста бұл тез көрінеді. Бір-екі жыл өтпей жатып жарылған қабырғалар мен үгітілген бетондар соның көрінісі. Ал, біздің өнімдер мемлекеттік тапсырыстың аясында салынатын ғимараттарда пайдаланылуы мүмкін екенін ескеріп, халықтың, салық төлеушінің қаржысына салынған ғимараттар сапалы болсын деп, барынша сапалы бетон мен темір-бетон өнімдерін шығарып жатырмыз. Жалпы, тастан және бетоннан жасалған өнімдер кемінде 30-40 жыл қызмет етуі керек. Қазір сол талапқа сай өнім өндірудеміз, – дейді кәсіпорын басшысы. 

Айта кетейік, мұнда өндірістік процестің басым бөлігі автоматтандырылған. Яғни, сағат сайын 90 текше метр бетон өнімдеррі шығарылып жатқанына қарамастан бұл жерде қол еңбегі өте көп керек емес. Соған қарамастан бүгінде зауытта инжинерлер, операторлар,  зертханашылар, электриктер, слесарь және автокөлік жүргізуші секілді мамандар жұмыс істейді. Әзірге барлығы 25 адам жұмыспен қамтылып отыр. Бауыржан Ибрагимовтың айтуынша, компания алдағы уақытта өндірістің ауқымын кеңейтіп, мұнда 10 түрлі өнім шығаратын күнге жетуді жоспарлап отыр екен. Сол уақытта тұрақты жұмыс істейтін адамдардың саны 2 еседей көбейеді деп күтілуде. 

–Германияның әйгілі «Рейкерс» атты компаниясымен келісімге келдік. Сол келісімнің негізінде немістің сапа стандарттарына сәйкес келетін кірпіш, жиектастар, брусчатка мен ғимараттың сыртын қаптауға арналған түрлі өлшемдегі плиткалар шығаратын зауыт ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл біздің инвестициялық жобамыздың екінші кезеңі болады. Жалпы, құрылысқа қажетті 10 түрлі тауар өндіруді жоспарлап отырмыз. Екінші зауыт, Алла бұйыртса, қазан айының соңына қарай ашылады, – дейді «EPK-Group 878» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы, белгілі кәсіпкер Бауыржан Ибрагимов. 

Бұл серіктестіктің темір-бетон өндірісіне арналған зауыты Түркістан қаласында орналасқан «Түркістан» индустриялды аймағында орналасқан 25 инвестициялық жобаның біреуі. Бүгінде бұл жобалардың 18-і іске қосылып, зауыттар жұмыс істеп тұр. 

–Индустриялды аймақтардың болуы кәсіпкерлер үшін өте тиімді. Мәселен, біздің зауыт Түркістан облысының әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына қарасты «Түркістан» индустриялды аймағында орналасқан. Мұнда 300 гектардан астам аумаққа қажетті инфрақұрылым жүргізілген. Электр қуаты, табиғи газ бен су құбырлары жүргізілген. Кәсіпорын ашуды көздейтін кәсіпкерлерге осындай дайын жер телімдері ұсынылады. Бұл біз үшін өте ыңғайы дейді Б.Ибрагимов. 

Түркістан облысы индустриялды аймақтарының басқарушы компаниясының директоры Қанат Ұзақбайұлының айтуынша, жалпы Түркістан облысында 9 индустриалды аймақ орналасқан. Олардың жалпы аумағы 538 гектарды құрайды. 

–Оның ішінде қазіргі таңда 6 индустриалды аймақта: Түркістан, Кентау, Созақ, ҚТИА-Бадам, Мақтаарал, Қазығұрт - инвестициялық жобалар орналасқан. Сонымен қатар Түлкібас, Шардара және Бәйдібек индустриалды аймақтарының инфрақұрылым объектілерінің құрылыс жұмыстары толық аяқталмаған және бүгінгі күнге ешқандай жобалар орналаспаған. Түркістан облысының индустриалды аймақтарында құны 41 миллиард теңге болатын және 2911 жұмыс орнын құрайтын барлығы 58 жоба орналасқан. Оның ішінде, құны 31 млрд.тг. болатын және 2332 жұмыс орнын құрайтын 41 жоба іске қосылып, жұмыс жасауда, – дейді басқарушы компанияның директоры. 

Қанат Ұзақбайұлының сөзіне сүйенсек, 2021 жылы құны 3,3 миллиард теңгелік 592 жұмыс орнын құрайтын 6 жобаны іске қосылған. Оның ішінде 4-еуі бетон, асфальтбетон, газобетон және темір-бетон өнімдері мен темір торлар шығаратын зауыттар болса, біреуі тоқыма өнімдерін өндіретін фабрика екен. Тағы бір жобаның аясында көкөніс және жеміс-жидек сақтайтын өндістік қойма салынып, бүгінде жұмыс істеп тұр. 

Сонымен қатар, бұған қосымша 2021 жылдың төртінші тоқсанында инвестициялық құны 1 миллиард 700 миллион теңгені құрайтын кеңсе жиһаздарын өндіру жобасы іске қосылды. Осының арқасында қосымша 50 адам жұмыспен қамтылған. Осылайша, 2021 жылы 5 миллиард 200 миллион теңгені құрайтын жобалар іске қосылып, бекітілген индикатор көлемі 54 пайызға артығымен орындалыпты.Ал, 2022 жылы құны 4 милиард 100 миллион теңгені құрайтын және 246 жаңа жұмыс орнын құратын 6 жобаны іске қосу жоспарлануда екен.

Нақтырақ айтар болсақ, бүгінде индустриялды аймақтың аумағында «Баянды құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 593 миллион теңге инвестиция құя отырып, асфальт сұйығын және тауарлы бетон өндіру жобасы іске асырады. «Оспан» жеке кәсіпкерлігі 100 миллион инвестицияға газобетон өндіру зауытын ашпақ. Ал, «МЖ Алихан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 200 миллион теңгеге темір бетон бұйымдарын өндіру жобасы жүзеге асыруды жоспарлаған. 

«СимТас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де индустриялды аймақтың аясында  керамзитті кірпіш өндіру зауытын салады. Бұл жобаға жоспарланған инвестицияның көлемі 600 миллион теңгеден астам.  «Huayi International Cotton LTD» компаниясы 2 миллиард 500 миллион теңгеге мақта талшықтарын қайта өңдеу жобасын, ал,  «Асыл Бастау.KZ»  компаниясы 200 миллион теңге инвестициямен бөтелкедегі ауыз су шығару жобасын іске асырып жатыр.

Қорыта айтқанда, Түркістан облысындағы индустриялды аймақтардың нәтижелі жұмысы өңірдегі өнеркәсіп саласында саласының өркендеп, экономиканың дамуына оң ықпалын тигізіп жатыр. Түркістан облысының барыс жылының алғашқы жартысындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қортындыларына қарап осындай байлам жасауға толық негіз бар. Нақтырақ айтар болсақ, өнеркәсіп саласында  2022 жылғы қаңтар-маусым айларында 392 миллиард 555,1 миллион теңгеге өнім өндірілген. бұл 2021 жылғы қаңтар деңгейіне нақты көлем индексі 101,9 пайызды құрағанын көрсетеді. Салада 350-денаса кәсіпорын жұмыс жүргізеді. Бұл саладағы жұмыспен қамтылғандар саны 41 128 адам құрап отыр.

Соның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 2022 жылғы қаңтар - маусымда 161 410,1 млн. теңге өнім өндіріліп, 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 100,3 пайызды құрады. Жұмыспен қамтылғандар саны – 22 092 адам. Облыстың өнеркәсіптік өнім көлеміндегі өңдеу өнеркәсібінің  үлес салмағы - 41,2 пайызды құрап отыр. Ал, тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерлерді қазу саласында 118 миллиард 529,6 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 102 пайызды құрады. Жұмыспен қамтылғандар саны 8 401 адам. Облыстың өнеркәсіптік өнім  көлеміндегі  үлес салмағы 50,7 пайыз. Айта кету керек, кен өндіру өнеркәсібі және металлургия көлемінің 98,8 пайызы «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы» акционерлік компаниясына қарасты кәсіпорындарға тиесілі.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Конституциялық сотқа тікелей жүгіну – конституциялық бақылау органының басты ерекшелігі
  • Заңмен тыйым салынған вейппен күрес тоқтамайды
  • Волонтерлер жемқорлыққа қарсы
  • Жүргізушіге қойылған талапты мопед иелері де сезінсе
  • Алаяқтықтың өте қауіптісі — интернет алаяқтық
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер