​«Turkistan» арнайы экономикалық аймағы - көне шаһарды жаңғыруға бастайтын даңғыл жол

Түркістан облысы кентау қаласындағы тоқтап тұрған экскаватор зауытының аумағында бүгінде үлкен кірпіш зауыты жұмыс істеп тұр. Бұл кәсіпорынды «Almaty NS Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ашқан. Жобаға құйылған инвестиция көлемі 1 миллиард 700 миллион теңгені құрайды.

Screenshot_16.jpg

«Almaty NS Group» компаниясы жобаны жүзеге асыруды 2021 жылы бастап, биыл іске қосты. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 45 миллион дана кірпішті құрайды. Яғни, бұл зауытты айына 3 миллионға дейін кірпіш шығарады. Қазіргі уақытта кірпіш пештері орнатылып, бірінші партияны шығару жұмыстары жүргізілуде. Өңірдегі құрылыс материалдарына артқан сұранысты өтей отырып, өнім ішкі нарыққа жеткізіледі. Компания менеджерлері 2023 жылы толық өндірістік қуатқа шығуды болжап отыр. Айта кетсек, кәсіпорында 50 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл жобаның жүзеге асуы Түркістан облысында құрылыс материалдарының тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді.

Міне, бұл зауыт «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағында жалпы соммасы 740 миллиард теңге инвестиция тарта отырып жүзеге асырылып жатқан 82 серпінді жобаны бірі ғана. Осының өзінен арнайы экономикалық аймақтың құрылуы қасиетті Түркістан қаласы мен жалпы облыстың дамуына қалай әсер етіп жатқанын байқауға болады. 

Олай болса, бүгін біз арнайы экономикалық аймақ дегеніміз не, оның мемлекетке, бизнес пен халыққа қандай пайдасы бар, бұл аумақтарда инвесторлар үшін қандай жеңілдіктер қарастырылған деген сұрақтарға жауап іздеп көреміз.  

Сонымен экономикалық сарапшылардың түсіндіруі бойынша, арнайы экономикалық аймақ – айрықша құқықтық мәртебесі бар өнеркәсіптік аймақ. Мұндай аймақтар елдің белгілі бір өңірінің немесе экономиканың белгілі бір саласының жедел дамуы үшін құрылады. Ол жерде шетелдік және отандық инвесторларға ерекше жеңілдіктер беріледі. Сол арқылы инвестицияны ғана емес, озық технология мен басқару тәжірибесін тартуға жол ашады. 

Арнайы экономикалық аймақтардың, әдетте, нақты айқындалған әкімшілік шекарасы және ерекше заңды режимі бар.Оның шаруашылық мәселелерін шешуде кеңейтілген дербестігі болады, онда басқарудың ерекше тәртібі орнатылады, шетелдік және отандық кәсіпкерлердің экономикалық қызметі үшін жеңілдіктер жасалады. 

Басқаша айтар болсақ, арнайы экономикалық аймақ — халық шаруашылығының өз даму ерекшеліктері бар территориялық және экономикалық жағынан біртұтас бөлігі. Ондағы өндіріс орындары өзінің экономикалық құрылымына, оның ішінде еңбек, экономикалық-географиялық жағдайына қарай мамандандырылады. Бұл аймақ шегіндегі өндірістік байланыс тұрақты болады және қарқынды жүргізіледі. Арнайы экономикалық аймақ интегралды және салалық болып екіге бөлінеді. Интегралды (яғни меншікті) Арнайы экономикалық аймақта аймақ шаруашылығы жиынтық күйінде қаралады. Ал салалық экономикалық Арнайы экономикалық аймақта шаруашылықтың басым саласы жеделдете дамытылады.

Арнайы экономикалық аймақтар құру өзінің тиімділігін іс жүзінде дәлелдеген халықаралық тәжірибе деуге болады. ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарының ортасына қарай әлемде 1200-ге жуық әртүрлі сала мен бағытта қызмет атқаратын арнайы (еркін, ерекше) экономикалық аймақ қызмет атқаратын болған. Оның ішінде 400-і еркін сауда аймағы, 400-і ғылыми-өнеркәсіптік парк, 300-ден астамы экспорттық өндірістік аймақ және шамамен 100 шақтысы арнайы мақсаттағы аймақтар болған. 

Осының бәрін ескере отырып 2018 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы болып қайта құрылған кезде киелі Түркістан қаласынан «TURKISTAN» атты арнайы экономикалық құру туралы мемлекеттік маңызы бар ұтымды шешім қабылданды. Сөйтіп, 2018 жылдың 29 қазанындағы №693 қаулысы қабылданды. 

Бұл шешімді сарапшылар қауымдастығы толық қолдады. Себебі, көне қалада құрылған арнайы экономикалық аймақта инвесторларға валюталық-қаржылық және салықтық жеңілдіктер беріледі, шетел капиталын тарту көзделеді. Шетелден әкелінген өнімге кеден салығы салынбайды не салық мөлшері азайтылады, негізгі қорларды пайдалану мерзімі қысқартылады, ресурстарды пайдаланғаны үшін төлем мөлшері кемітіледі. Сонымен тірге арнайы экономикалық аймақты қазіргі заманғы инфрақұрылыммен  шикізатпен, еңбек ресурстарымен үздіксіз қамтамасыз ету мәселелері де қарастырылған. Осының бәрі өңірдің жедел дамуына жол ашады. 

Бұл АЭА құрылуында 2 түрлі мақсат көзделген. Оның біріншісі, Түркістан қаласын жеделдете дамыту болса, екіншісі – Түркістан қаласының туристік әлеуетін жоғарылату және Түркі әлемінің рухани астанасы ретінде қалыптастыру, қазақстандық және шетелдік туристердің қажеттіліктерін қамтамасыз етіп, бәсекеге қабілетті туристік инфрақұрылымды дамыту деуге болад.

«TURKISTAN» АЭА аумағы 3 987,39 гектарды құрап, 6 қосалқы аймақтан тұрады. Атап айтқанда,  Тарихи орталық – 861,75 га; Әкімшілік-іскерлік орталық – 1 578,64 га; Greenfield – 365 га (Оранғай ауылы), Brownfield өнеркәсіптік қосалқы аймағы – 35 га (Кентау қаласы) және Түркістан қаласы қаласындағы 180 гектарлық өнеркәсіптік аймақ пен 967 гектарлық Әуежай қосалқы аймағы бар. 

Маңызды міндеттің бірі – Түркістан облысы, Сауран ауданы, Орангай ауылындағы «TURKISTAN» АЭА-на қарасты 365 гектарлық өнеркәсіптік аймағының инфрақұрылымын салу.

Түркістан облысы әкімдігінің мәліметі бойынша, 2021-2025 жылдардағы әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспарына сәйкес,өнеркәсіптік аймаққа жүргізілетін инфрақұрылымның жалпы құны 7 млрд. 861 млн.теңгені құрайды. Соның ішінде бүгінгі күнге техникалық-экономикалық негіздемені зірлеуге 39 млн. теңге бөлінген болса, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге 154 млн. теңге бөлініп отыр. 

Ресми деректер бойынша, бүгінгі күні жобалау-сметалық құжаттамаға І-кезек (газбен жабдықтау), ІІ-кезек (автожол), ІІІ-кезек (БӨП, абаттандыру, қоршау, өрт депосы, телефондандыру), ІV кезек (ТЖ жолы және ТЖ-тұйығы) бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындылары алынған. Қазіргі уақытта ЖСҚ-ның V-VІ кезектері бойынша мемлекеттік сараптаманың қарауында жатыр.Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражаты есебінен қаржыландыру үшін І, ІІ, ІІІ, ІV кезектер ұсынылған. Нәтижесінде, ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 27 мамырдағы №353 қаулысына сәйкес І және ІІІ кезектердің құрылысына 1 млрд. 610,9 млн.теңге бөлініпті. 

Маңызды мәселенің тағы бірі ретінде АЭА резиденттерін қосылған құнға салынатын салықтан босату жұмыстарын айтуға болады.  Бұл бағытта арнайы экономикалық аймақты басқарушы компания Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 26 ақпандағы №131 «Арнайы экономикалық аймақтарды құру мақсатына сай келетiн қызметті жүзеге асыру кезiнде толығымен тұтынылатын, арнайы экономикалық аймақтың аумағына өткiзілетін, нөлдiк мөлшерлеме бойынша қосылған құн салығы салынатын тауарлардың тiзбелерін бекiту туралы» бұйрығына толықтырулар енгізу бойынша ҚР ИИДМ ИДК-не барлық қажетті құжаттаманы енгізіп үлгерген. Сонымен қатар «TURKISTAN» АЭА қатысушыларының қызметін жүзеге асыруы кезінде нөлдік мөлшерлеме бойынша қосылған құн салығы салынатын, толық тұтынылатын тауарлардың тізбесін бекіту туралы енгізді.

Енді атқарылған жұмыстардың нәтижесіне тоқталар болсақ, Түркістан облысы әкімдігі таратқан мәліметтерге сәйкес, бүгінгі таңға «TURKISTAN» АЭА басқарушы компаниясының инвестициялық портфелі жалпы құны 740 млрд. теңге болатын 73 қатысушының 82 жобасынан тұрады. Оның ішінде  қала құрылысы бойынша 58 жоба іске асырылуда. Барлық жобалар іске асырылғаннан кейін 8 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда.

Жоғарыда айтқанымыздай,  «TURKISTAN» АЭА аумағында ауданы 365 гектар, 35 гектар және 180 гектар жер телімдері Қаулыға сәйкес өнеркәсіптік аймақтар құру мақсатында бөлініп берілген. Мәселен, 35 гектар өнеркәсіптік аймағы Кентау қаласы аумағында орналасқан. Тоқтап тұрған экскаватор зауыты аумағында дайын нысандарды пайдалана отырып, жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. Ескере кететін жағдай, нысандарды реконструкциялауға және инфрақұрылым жүйелерін жүргізуге мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінбеген. 

Қазіргі таңда аймақта «TURKISTAN» АЭА қатысушысы «Түркістан Темір Бетон» ЖШС-нің жобасы іске қосылып, 30 жаңа жұмыс орны ашылды. Осыған қоса сөз басында айтылған «Almaty NS-Group» ЖШС құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорын ашылып,  50 жаңа жұмыс орны пайда болды.  

Ал, 180 гектар өнеркәсіптік аймағы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркі елдерінің саммитінде Түркістан қаласында түркітілдес елдерді біріктіретін арнайы экономикалық аймақ құру туралы бастамасы аясында бөлінген. Қазіргі таңда «TURAN» АЭА құру тұжырымдамасының редакцияланған нұсқасы түркі мемлекеттері елдерінің өкілдеріне келісу үшін жіберілді. Заң жобасына тиісті өзгертулер енгізілгеннен кейін аумаққа қажетті инфрақұрылымдар жүргізіледі. 

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м. а. 2020 жылғы 17 наурыздағы №142 ҚР ұлттық экономика Министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы бұйрығына  сәйкес «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағы аумағында жобаларды жүзеге асыру мынандай шарттар сақталған кезде және келесі қызметтің басым түрлері негізінде атқарылады:

1) Туристерді орналастыру орындарын, санаториялық және сауықтыру объектілерін салу және пайдалануға беру: салынып жатқан және пайдалануға берілетін объектілер ойын бизнесімен байланысты емес; салу және пайдалануға беру жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес жүзеге асырылады;

2) Жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес инфрақұрылым объектілерін, әкімшілік және тұрғын үй кешендерін салу және пайдалануға беру;

3) Жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес ауруханалар, емханалар, мектептер, балабақшалар, мұражайлар, театрлар, жоғары және орта оқу орындары, кітапханалар, оқушылар сарайлары, спорт кешендерін салу және пайдалануға беру;

4) Жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес өндіріс және қайта өңдеу объектілерін салу және пайдалануға беру;

5) Құрылыс материалдарын өндіру;

6) Өзге де металл емес минералдық өнімдер өндірісі;

7) Дайын металл бұйымдарын өндіру;

8) Түркістан қаласының халықаралық әуежайын, оның ішінде әуеайлақты және ұшу-қону жолақтарын салу және пайдалануға беру;

9) Әуежайлардың қызметі;

10) Тұрғын және тұрғын емес ғимараттар салу;

11) Қонақүйлердің және тұруға арналған ұқсас орындардың қызметтер көрсетуі;

12) Меншікті немесе жалға алынған жылжымайтын мүлікті жалға алу және басқару;

13) Демалыс пен ойын-сауықты ұйымдастыру жөніндегі қызмет;

14) Объектілерге кешенді қызмет көрсету;

15) Аумақтарды абаттандыру жөніндегі қызмет;

16) Жиһаз және интерьер заттарын жөндеу;

17) Тамақпен және сусындармен қамтамасыз ету бойынша қызметтер көрсету;

18) Электрондық және оптикалық жабдықтарды жөндеу;

19) Басқа топтамаларға енгізілмеген, ақпараттық технологиялар және ақпараттық жүйелер саласындағы қызметтің басқа да түрлері жатады.

Облыс әкімдігінің мәліметтер бойынша, әрбір жоба Түркістан қаласының даму тұжырымдамасы және Бас жоспарына, егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына сәйкес жүзеге асырылады. Бүгінде «TURKISTAN» АЭА Басқарушы компаниясы тұрғын және тұрғын емес ғимараттар салу бойынша тұрғын үй кешендері және коттедж қалашығының құрылысы жобаларын жүзеге асыруға қызығушылық танытқан инвесторлармен келісімшарт түзіп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Түркістан қаласын дамытудың ІІ кезеңі 4 аумақта жүзеге асырылып жатыр. Әрбір құрылыс пен жоба жергілікті атқарушы органдардың жіті қадағалауында тұр.


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Бүгінгі таңдау – ертеңгі болашақ
  • Сауран секторында кездесу өтті
  • Университетімізде республикалық референдум бойынша дөңгелек үстел өтті
  • АЭС – болашақтың энергиясы
  • Балдырғандар Түркістан қаласының полицейлермен бірге рейд жүргізді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер