Түркістанда химия өнеркәсібі дамитын күн алыс емес

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында:

Screenshot_17.jpg

 «Ұлттық экономиканың стратегиялық қуатын арттыру үшін тез арада қайта өңдеу ісінің жаңа салаларын дамыту қажет. Бұл қара және түсті металлургия, мұнай химиясы, көлік құрастыру және машина жасау, құрылыс материалдары мен азық-түлік өндіру және басқа да салаларды қамтиды» деп мәлімдеп, ұлттық экономикамызды алға сүйрейтін салаларға бөлек-бөлек тоқталып, ондағы ең өзекті мәселелердің шешілу жолдарын көрсетті. Осы орайда, отандық химия өнеркәсібінің алар орны айрықша. 

Химия өнеркәсібі – халық шаруашылығындағы ең маңызды салалардың бірі. Себебі, бұл отандық экономиканың ғылымға деген сұранысын арттыратын, ғылыми ізденістердің нәтижелерін өтімді ететін және өндіріске жоғары технологиялардың көптеп енгізілуіне себеп болатын сектор. Мамандар ғылымды қажетсінуі жағынан химия өнеркәсібі машина жасау мен электрэнергетикасы сияқты салалармен қатар тұратынын айтуға болады.

Кеңестік кезеңде елімізде химия өнеркәсібі саласы айтарлықтай дамыған болатын. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы өтпелі қиындықтар бұл саланы біржолата құрдымға жібермесе де, біршама тығырыққа тіреген жасырын емес. Алайда, ХХІ ғасырдың екінші онжылдығы Қазақстандағы химия өнеркәсібінің қайта жаңғыра бастаған кезеңі деуге толық негіз бар.  

2010 жылы мемлекет Үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасын қабылдаған тұста бұл саланың бойына қан жүгіре бастады. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды («Қазфосфат» ЖШС, «ҚазАзот»ЖШС, «Каустик» АҚ) жаңғыртудың негізгі бағыттары – еңбек өнімділігін және ресурс тиімділігін арттыру, өнім көлемін әртараптандыру және ұлғайту болды.

Жаңа бәсекеге қабілетті химия өндірісін іске қосу үшін Атырау, Тараз және Павлодар қалаларында Арнайы экономикалық аймақтар құрылды. Химия өнеркәсібіндегі оң үрдістер саланың шығарылатын өнімі көлемінде байқалады. Осылайша, салада жалпы қосымша құн 2010 жылдан бастап 2020 жылға дейін 3 есеге, ал, негізгі мұнай-химия өнімдерін өндіру көлемі 2 еседен астам өсті. Саладағы еңбек өнімділігі 3,7 есеге, яғни, 2010 жылы – бір адамға 13 мың долларға, 2020 жылғы 48,3 мың долларға дейін өскен.

Отандық химия өнеркәсібінің дәстүрлі орталықтарының бірі – Түркістан облысы десек, артық айтқандық емес. Себебі, елдегі үш мұнай өңдеу зауытының біреуі облыстың бұрынғы орталығы – Шымкент қаласында орналасқан. Айта кетейік, «ПетроКазахстан ОйлПродактс» компаниясы бұл зауытты 2011-2018 жылдары 2 кезеңнен тұратын түпкілікті модернизациядан өткізді. Жаңа технологиялық қондырғыларды орнатып, өндірістік циклды толық жаңғыртудың нәтижесінде зауыттың қуаттылығы мен шығарылатын өнімнің сапасы артты. Нақтырақ айтар болсақ, 7 жылдық жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде мұнайды терең өңдеу көрсеткіші 65 пайыздан 95 пайызға дейін жетті. Зауыттың қуаттылығы жылына 6 миллион тонна «қара алтынды» өңдеуге дейін ұлғасып, бұл жерден Евро-5 стандарттарына сәйкес келетін жоғары сапалы жанармай шығатын болды. 

Иә, осыдан 4 жыл бұрын Шымкент қаласы облыстан еншісін алып, бөлініп кетті. Алайда, онымен Түркістан облысында мұнай-химия өнеркәсібі тоқтап қалмақшы емес. Олай дейтініміз, 2020-2025 жылдарға мемлекеттік       индустриялды – инновациялық даму бағдарламасының Түркістан облысы бойынша өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына биыл 6 жоба енген. Оның ішінде 2 жоба осы мұнай-химия өнеркәсібіне қатысты. 

Атап айтар болсақ, Түркістан облысының Ордабасы ауданында Қазақстанда баламасы жоқ мұнайды терең өңдейтін зауыт салынып жатыр. Жобаны «Standard Petroleum & Co» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырып жатыр. Бұл жобаның толық инвестициялық құны 95 миллиард теңгені құрайды. Биылдың өзінде 24 миллиард теңге инвестиция құйылып отыр. Зауыттың алғашқы кезеңі 2023 жылдың соңында іске қосылады деп жоспарланған. 

«Standard Petroleum & Co» компаниясының дерегіне жүгінсек, мұнда тек қана АИ-92, АИ-96 маркалы жоғары сапалы бензин мен дизель отыны өндіріліп қана қоймай, мұнайды терең өңдеу арқылы бензол, толуол қышқылы мен төмен қысымды полиэтилен секілді өнімдер де өндіріледі екен. Айта кетейік, аталған өнім түрлері табиғатта дайын күйінде кездеспейді және бүгінде үлкен сұранысқа ие. Бұған дейін аталған өнім түрлері Қазақстанда өндірілмеген. Ал, ең бастысы, жоба бойынша бұл зауытта жылына 2 миллион тонна шикі мұнай өңделіп, жылына 260 мың тонна жоғары октанды бензин мен 500 мың тонна дизель отынын өңдеу көзделген. Әсіресе, Қазақстан нарығында үлкен сұранысқа ие қыстық дизель отынын шығаруға басымдық берілмек. Бұл жоба тек Ордабасы ауданының ғана емес, тұтастай Түркістан облысының экономикасының дамуына оң ықпал етеді. Соның бір ғана көрсеткіші ретінде зауытта 1 мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылатынын айтуға болады. 

«Standart Рetroleum & Со» компаниясының екінші жобасы одан да тартымды әрі қызықты. Себебі, онда көмірден синтетикалық мұнай шығару және одан әрі мұнай өнімдерін алу көзделіп отыр. Мамандардың түсіндіруінше, синтетикалық сұйық отын – қоңыр және қатты отынды цельсия бағамы бойынша 380-500 градус қызужәне 70 МПа газ қысымы арқылы гидрогенизациялау әдісімен алынатын жоғары көмірсутек қоспасы. 

Егер көпшілік оқырманға түсінікті болуы үшін қарапайым тілмен айтар болсақ, бұл зауыт көмірді өңдеп, одан жасанды мұнай шығарады деген сөз. Әрине, бұл әзірге кеңінен қолданысқа енбеген инновациялық әдіс. Дегенмен, осынау жоғары технологияның арқасында Қытайда жасанды мұнай өндіріліп жатқанына 4 жыл болыпты. Қазір тап осындай зауыттың құрылысы Ресейде де жүріп жатыр екен.  Әрине, Түркістан облысы, Ордабасы ауданында салынып жатқан комбинат салыстырмалы түрде шағын кәсіпорын болып саналады. Онда 60  адам жұмыс істеп, жылына 100 мың тонна синтетикалық мұнай алу көзделген. Дегенмен, жоба сәтті жүзеге асып жатса, өндіріс қуаттылығын арттыруға барлық мүмкіндіктер бар. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазақстан мұнай-химия кешендерін салып, жоғары деңгейдегі қайта өңдеу ісінің жаңа өндірістік циклдарын құру үшін инвестиция тартатын орталыққа айналуы тиіс. Бізде бүгінге дейін мұнай химиясы мен газды қайта өңдеу жүйесінің жоқтығы – ақылға қонбайтын қисынсыз нәрсе» деп атап көрсеткен едік.

Шындығын айтар болсақ, ғалымдар мен экономикалық сарапшылар химия өнеркәсібінің ең маңызды бөлігі – мұнай-химия саласы болып саналатынын алға тартады. Себебі, мамандардың есептеулері көрсеткендей, мұнай-химия саласы экономикаға мультипликативтік әсер етеді. Мұнай-химия өнеркәсібіндегі өндіріс көлемінің 1 долларға өсуі экономиканың басқа салаларындағы 2,3 долларға дейінгі өсімді береді екен. Өйткені халық тұтынатын тауарлардың 96 пайызы мұнай-химияның өнімдерінің қатысуымен шығарылады. Мұнай-химия өнімдеріне халықаралық нарықтың қажеттілігін талдау Қазақстан үшін полиэтилен, полипропилен, стирол және полистирол, этиленгликоль және бензол шығару бойынша базалық мұнай-химия өндірістерін құру экономикалық жағынан неғұрлым тиімді болатынын көрсеткен. Міне, Түркістан облысында салынып жатқан мұнай-химия комбинаты осындай маңызға ие. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Бүгінгі таңдау – ертеңгі болашақ
  • Сауран секторында кездесу өтті
  • Университетімізде республикалық референдум бойынша дөңгелек үстел өтті
  • АЭС – болашақтың энергиясы
  • Балдырғандар Түркістан қаласының полицейлермен бірге рейд жүргізді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер