Тәуелсіздік таңы бізді көп ілгері жетеледі. Әр қадам сайын әлеуметтік-экономикалық тығырықтар мен түрлі дүниелер орын алдыОсы бір тәуелсіздік жылдары , аз екен деп тоқмейілсуге ерік беретін шақ деп те баға бере алмаспыз.
Десек те, қазақ елі осы уақыт аралығында сан-қилы жолды артқа тастап, айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Шекара шегенделіп, жер бетіндегі елдерімен тату қатынас құрған Қазақстан бүгінде өз ұстанымы бар, өзге елдермен терезесі тең кемел шағына аяқ басып келеді.
Тәуелсіздік ұғымын еркіндікпен байланыстыруды заңдылық десек, Түркістанның қайта түлеуін де осы ұстанымнан алыстата алмаймыз. Міне, төрт жылдан асты облыс орталығы атанған қасиетті мекен күн сайын түрленіп, дамудың даңғыл жолына түсті. Қазір мұнда жұмысы қайнаған құрылыс алаңдарында еңбек етіп жатқан жандардың бір-біріне қарауға мұршасы жоқ деп бейнелесек қателеспейміз. Билік басындағылар да қала тынысын кірпік қақпай назарда ұстап отырғаны көрініп тұр. Міне, тарихи мекенге деген осындай көзқарастың қалыптасуы және оған айрықша мәртебе берілуі тарихи жетістігімізбен байланысты.
Ел егемендігін алып, еңсе тіктеуге бет алған шақта Тұңғыш Президенттің ой түкпірінде Түркістан тұрғанын білу әсте қиын емес. Соның дәлелі Тәуелсіздік алған жылдар ішінде Нұрсұлтан Әбішұлы Түркістанға 18 рет келіп, бауырлас 6 мемлекет басшысын осында қабылдады. Әрдайым өңіріміздің қасиетін тілге тиек етіп, Түркістанды түлетуге ерекше ықылас танытты. Нәтижесінде Тәуелсіздікпен қатар бой көтерген Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті бүгінде түркі әлемінің білім орталықтарының біріне айналды.
Биыл ел Тәуелсіздігінің 31 жылдық даталы мерекесі. Осы орайда, азаттық алған жылдар ішінде қала аумағында көптеген игі істер атқарылды. Соның ішінде 1991-93 жылдары шеттен келген қандастарымызға арнап «Достық» елді мекені бой көтерді. Сонымен бірге, 2000 жылы ЮНЕСКО шешімімен Түркістан каласының 1500 жылдық мерейтойы әлемдік деңгейде аталып өтуі де тарихи қаланың дамуындағы айтулы кезең болды. Одан кейін, 2002 жылы Дүниежүзі Қазақтарының ІІ-ші Құрылтайы Түркістанда өтті. Қазақстан Халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай, қасиетті тайқазанды ұлықтау рәсімі де Түркістаннан бастау алып, ел бірлігінің мызғымастығын тағы да бір паш етсе, 2017 жылғы ТҮРКСОЙ ұйымының шешімімен Түркістан түркі халықтарының мәдени астанасы мәртебесін жоғары деңгейде атап өтті.
Халық саны 1991 жылы шамамен Түркістанда жалпы 80 мыңдай тұр-ғын болса, қазір бұл 200 мыңға жуық адамды құрап отыр. Бұл кезде мемле-кеттің басты мақсаты әлеуметтік жағдайды арттыру еді. Осыған орай, білім, денсаулық, спорт тағы басқа да салаларды жетілдіру әлі күнге дейін күн тәртібінен түскен емес.
Тәуелсіздік жылдары ішінде Түркістанда жаңадан 20 мектеп ғимараттары салынды. Сондай-ақ, 103 балабақша ашылып, медицина саласында 20-ға тарта денсаулық сақтау нысаны бой көтерді. Ал, бұқаралық спортты дамыту мақсатында 30-дан астам спорт нысаны пайдалануға берілді. Осындай шаралармен қатар, ауылшаруашылығы саласында да 1991 жылдан бермен қарай еселенген көрсеткіштерді атауға болады. Түркістанда шамамен 20 түрден астам тұрмысқа қажетті өнімдер шығарылады.
Өнеркәсіп саласын жетілдіру мақсатында қаламызда ауқымды жұмыстар жасалуда. Шаһарымыздың бас жоспарына сәйкес, индустриалды аймақ құрылған. Сонымен бірге, өңірде сауда-логистикалық орталығы бой көтерді. Осы жұмыстармен қатар, бүгінгі таңдағы атқарылып жатқан жұмыстардың қарқыны тіптен бөлек. Қас қағым уақыт ішінде яғни, соңғы үш жылда көне шаһардың шығысынан бүгінгі заманның талабына сай жаңа қала бой көтеріп үлгерді. Осының барлығын лек-легімен тарата әңгімелесек.
Түркістан тарихына терең үңіліп, төрт құбыламызды түгендегенде Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, ондағы Тайқазан алдымен ойға оралады. Елу төрт жыл Эрмитажда мырзақамақта ұсталған қымбат жәдігеріміз – Тайқазанның Хақтың жәрдемімен нақ иесіне қайтарылуы да ерекше бір ғибратты тарих. Бұл түркі жұртына ырыс-құтының, бақ-берекесінің қайта оралуы деп бағамдайды көнекөз қариялар.
Киелі Түркістанда 1989 жылдың жазында ақ түйенің қарыны жарылды. Кезінде уақытша пайдалануға беріліп, жарты ғасыр бойы жалынып сұрап қайтып ала алмай жүрген алып жәдігер Тайқазанымыз өз ордасына қайта келіп, тұғырына қайта қонып, берекеміз тасыды. Тайқазан оралғанда Түркістан халқының қуанышында шек болмады. Осының жай-жапсарын бізге оқиғаның бел ортасында жүрген, сол кездегі Қожа Ахмет Ясауи музейінің директоры, қазіргі ардагер, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Нұрмахан Назаров былайша тебірене баяндады:
«Талай митинг, жиындар болды. Соның бірінде академик Зейнолла Қабдолов, түркістандық Кеңес Одағының Батыры Расул Есетов толғана сөз сөйлегені көз алдымда. Өзағам екі жарым ай шамасында келіп құшағына алды Тайқазанды. «Тарих – баян, сыр қылып, Айтып келем, Тайқазан! Елу төрт жыл қыдырып. Қайтып келген, Тайқазан!.. Әмір Темір кезінде Сыйға тартқан Тайқазан. Таусылмайтын несібе, Ғимаратқа, Тайқазан!» деп, қуанғаннан менің де жүрегім жырлап қоя берген.
Осы орайдағы ең бір аталы сөзді академик Өмірзақ Айтбаев айтты. «Қазақ ырымшыл халық. Тайқазанның оралуы арқылы біздің еліміздің ырысы, дәулеті қайта келді. Сонымен бірге, қазақтың бүкіл қасиеті қайтып келді. Мен Өзбекәлі Жәнібековтің ең ұлы істерінің бірі осы деп есептеймін»,- деді ол.
Өмірзақ Айтбайұлы айтқандай, Өзағамыздың қазақ халқының мәдениетіне сіңірген еңбегі, Тайқазанды қайтарудағы қажырлы қызметі әлі күнге дейін өз бағасын алған жоқ. Сол айтқандай, кенен тарихты Түркістан түркі әлемінің мәдени астанасы болған жылы қасиетті Тайқазанымыздың да мәртебесі биіктеп, оны ошағына қондырған Өзбекәлі Жәнібековтей азаматтың рухы да ұлықталып, ұмытылмас бейнесі шаһарымыздың бір шамшырағы болар деп ойлаймын. Міне, сол кездерде көп жылдардан бері орындалмай қапалы еткен халқымыздың аманат-арманын іске асыруға Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың аса зор жәрдем-шарапаты тигенін айрықша атап айтуға тиіспін. Қазір бұл Тайқазан жер-жаһандағы саяхатшыларды Түркістанға магниттей тартатын түркі әлемінің теңдессіз жауһарына айналып отыр». Шындығында, киелі Түркістанның бұрынғы атақ-даңқы, ырыс-құты, бақ – берекесі араға жарты ғасыр салып, осы Тайқазанмен бірге ілесе оралғандығы тайға таңба басқандай тарихи факті, күмәнсіз құжат, шүбәсіз шындық.
Тәуелсіздік алғаннан кейін 31 жылда Түркістан өңірінде көзі қарақты жандардың жылдар бойы армандап, сын сағатын сарғая күткен Кеңес дәуірі кезінде мүлде мүмкін емес, аса маңызды жобаларды жүзеге асырудың мүмкіндігі туды. Тарих көзімен қарағанда, аз ғана мерзімде жаңашыл мемлекетіміздің негізі қаланды. Қоғамдық сана жаңғырды. Отанымыз өркендеді. Алған асуларымыз мен шыққан биіктерімізді Елбасының есімімен бірге айтудың тарихи негізі бар.
Кеңестік заманда жүзеге аспай, арманға айналған жобалардың бірі – Сырдария өзенінен «Тәуелсіздік көпірі» салынды. Бұл көпірдің маңыздылығы – Өзбекстанмен шекаралас орналасқан Жетісай және Мақтаарал аудандарын республикалық А-15 автожолымен тікелей байланыстыруға мүмкіндік берді. Бұған қоса, Жетісай мен Мақтаарал халқын Шардара су қоймасы арқылы облыс орталығымен байланыстыратын «Арнасай айналма жолы» пайдалануға берілді.
Ташкент, Алматы және Қызылорда бағытында «Батыс Европа-Батыс Қытай халықаралық транзиттік көлік дәлізі» салынды. Түркістан облыс орталығына айналды. Сырдария бойындағы елді мекендерді су тасқынынан қорғау үшін «Көксарай» су реттегіші мен «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ магистралының салынуы да Тәуелсіздіктің ең үлкен жемістері.
2010-2020 жылдары индустриалияландыру жылдары 140,5 млрд. теңгеге 122 жоба іске асырылып, 7 340 тұрақты жұмыс орны ашылды. Индустриаландыру картасы аясында жобаларды іске асыру бұрын өзімізде өндірілмейтін және негізінен экспортқа бағытталатын 12 өнім түрі бойынша өндірісті дамытуға мүмкіндік берді.
Тәуелсіздік жылдарда жалпы халықтың әл-ауқаты жақсарды. Әр өңірде ірі жобалар іске асырылды. Бұл экономикалық өсімнің жарқын көрсеткіші болды. Бұдан басқа 300-ге жуық кәсіпорын ашылып, онда 23 мыңға жуық адам жұмыс атқаруда.
«Кешегі Кеңес дәуірінде мұндай жобаларды жүзеге асырмақ түгілі, ойлаудың өзі мұң болатын. Қазір қандай жоспарды, жобаны жүзеге асырамын десең де, әр адамның өз қарым-қабілетіне байланысты атқаруына мүмкіндік ашылған. Мұның барлығы әрине – Тәуелсіздігіміздің жемісі»,-дейді саналы ғұмырының 40 жылын өндіріске арнаған зейнеткер, Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасының мүшесі, «Түркістан қаласының Құрметті азаматы» Сәбитбек Шәріпбек ақсақал.
Биылғы жыл барша қазақстандықтар үшін айтулы жыл – қастерлі Түркістан облысының құрылғанына 4 жыл толып отыр. 2018 жылдың 19 маусымында Елбасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығына сәйкес, Түркістан облысы құрылды. Айтулы оқиға өңірімізге жаңа серпін және жан-жақты дамуының жаңа мүмкіндіктеріне жол ашты. Түркі әлемінің текті төрі Түркістан қаласы – күллі түркі әлемінің рухани астанасына айналды. Елбасының Жарлығымен жаңа мәртебеге ие болған көне шаһар жаңа кейіпке еніп, жедел бой көтеріп жатыр. Түркістан өңірін әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітіліп, алдағы 5 жылда атқарылар істер айқындалды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Түркістан халықаралық деңгейдегі қалаға айналуда. Құрылыс қарқыны бәсеңдемейді. Қазақстан Президенті Қасым – Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары Түркістанды дамытуға тың серпін береді. Еліміздегі ең көп жаңа нысандар салынып жатқан Түркістан облысының орталығында алдағы уақытта бірқатар жаңа нысан ел игіліне беріледі.
«Түркістан қаласы облыс орталығы болғаннан кейін өңірде өте үлкен, ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Сіздермен бірге ауызбіршілікпен жұмыс істедік. Біздерге жауапты тапсырмалар болды. Оның ішінде әрине Түркістан қаласын облыс орталығы ретінде қалыптастыру. Барлығымыздың мақсатымыз – облыстың әлеуметтік – экономикалық жағымен қатар, өңірдің рухани – мәдени саласын бірге дамыту болды. Өңірде атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесін өздеріңіз көріп отырсыздар. Қалада әкімшілік – іскерлік орталығы, мәдени – рухани орталық және Қ.А.Ясауи кесенесінің айналысында құрылыстар жүргізіліп жатыр. Көптеген аяқталған нысандар қазірдің өзінде өзінің сәулеттік нақышымен қала көркіне ерекше реңк беріп тұр», – дейді Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев «Нұр-Сұлтан» қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі өткізілген брифингте.
Биыл бюджет есебінен Түркістан қаласында 42 тұрғын үй құрылысын тапсыру жоспарлануда. Нәтижесінде 7 мыңға жуық пәтер беріледі. Оның ішінде 600-дей көп балалы, аз қамтамасыз етілген және әлеуметтік осал отбасылар баспанамен қамтылады.
Қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтың айтуынша, жыл соңына дейін 76 тұрғын үй жоспарға сәйкес, ай сайын қабылдаудан өткізіліп отырады. Қазіргі таңда тұрғын үйлерде 2,5 мыңға жуық жұмысшы еңбек етуде. Құрылыс алаңдарына қосымша жұмыс күшін тарту бойынша қажетті шаралар атқарылуы тиіс. Өңірде пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 492,4 мың шаршы метрді құраған. Түркістан қаласындағы көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттері тұтастай ашық түсті мәрмәр тас пен травертинмен қапталуда. Тұрғын үй құрылысының қарқыны қаланың әкімшілік-іскерлік орталығында үдей түскен. Мұндағы 7 қабатты 24 тұрғын үйдің соңғы тапсыру қарсаңындағы жұмыстары жасалып жатыр.
«Қазіргі таңда Түркістан қаласының өзінде 13 мыңнан астам әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы ондаған жылдары бойы тұрғын үй кезегінде тұрғандығын ескерсек, киелі шаһарда соңғы үш жылдағы құрылыстың ғаламат қарқынмен дамып, жаңа жылға дейін үш мыңға жуық жанұяның қоныс тойын тойлайтыны әрине – тәңірдің тартуы Тәуелсіздігіміздің арқасында екендігі даусыз»,-дейді Астана қаласында жиырма жыл құрылыс жүргізіп, қазіргі таңда Түркістанда тұрғын үй салып жатқан «Стройконтракт» компаниясының прорабы Шаяхмет Бәйімбетов.
Жақында зейнетке шықса да өзі басқаратын «Қанағат» ЖШС-інің жұмысын жалғастырып отырған Нұржаубай Қанетов алғашқы еңбек күнін 1980 жылы Қарағанды цемент зауытынан бастаған екен. 1982 жылы Шымкент цемент зауытында шыңдалса, 1985 жылы колхоз аралық құрылыс кәсіпорнында жұмыс жасаған. 1995 жылы туған қаласы Түркістанға келіп №29 кәсіптік техникалық училищесінде тәлімгер ретінде ағаш ұстасы, бетоншы, дәнекерші сынды құрылыс мамандарын тәрбиелеуге кіріседі. Училище директоры Әнуар Бөкебаевтың басшылығымен жылына 50 түлекті өндіріске шығарып салады.
– Жалпы еңбек өтілім 40 жылдан асады. Оның негізі өзімнің жүрек қалауыммен атқарған құрылыс жұмыстарым. 1995 жылы «Қанағат» құрылыс фирмасын құрдым. Әсіресе, тұрғын үй салғанды ұнатамын. Әлі есімде 2003 жылы Жамбыл облысындағы Луговойда Құлан ауылында зілзала салдарынан құлаған үйлердің орнына жаңадан баспана салдық. Жалпы 350-дей үй қираған. Біздің кәсіпорын 60-тан астам үйді жөндеп, жаңадан 20 үй салдық. Қазіргі кезде сол өзіміз салған үйлерге кірген әр отбасының қашанда құрметті қонағымын. Үйлердің сапалы салынғанына өзім де қуанамын.
Сондықтан, құрылыс жүргізіп қана қоймай, арасында жоқ-жітіктерге болысып, қайырымдылық көрсетіп отырған ләзім. Мен кешегі Арыс пен Мақтарал оқиғасына да қатыстым. Сол кезде бүкіл еліміздің құрылысшылары әсіресе «Нұротандық» жастардың алдыңғы қатарда жүргеніне айрықша риза болдым. Міне, сол елім десе жанын беретін ізгілікті қайырымдылықты серік еткен Тәуелсіздіктің құрдастары ертең бізді алға бастайтын саяси серкелерге айналатын міне солар»,-дейді Нұржаубай Қанетов.
Түркістан облысының индустриалдық аймақтарында жалпы құны 41 млрд.теңгені құрайтын және 4 мыңнан астам жұмыс орынын ашуға мүмкіндік беретін 60 жоба жүзеге асырылуда. Биыл 1865,3 млн. теңгеге, 683 жұмыс орнымен 6 жоба жүзеге асыру жоспарланған. Бүгінгі таңда, «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағының инвестициялық қоржыны жалпы құны 480 млрд.теңге құрайтын жалпы 50-ге жуық жобасы іске қосылды. Жалпы өнеркәсіп өнімі көлемін биыл 565 млрд.теңгеге жеткізу жоспарланған.
«Түркістанды түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде қалыптастыру жөніндегі жұмыстың бірінші кезеңі аяқталды деп айтуға болады. Екінші кезеңі ретінде Түркістан облысының 2021-2025 жыл-дарға арналған жаңа кешенді жоспары бекітілді. Жобаға 145 іс-шара енгізілді.
Қазіргі таңда Түркістанның негізгі әлеуметтік инфрақұрылымы қаланды. Жалпы 445 млрд. теңгеге 257 жаңа нысан салынды. Оның ішінде жаңа халықаралық әуежай, әкімшілік-іскерлік және мәдени-рухани орталықтар, Б.Саттарханов даңғылы қайта жаңартылды. Еркін экономикалық және индустриалды аймақтар құрылды. Түркістан қаласы толық газдандырылды, Қаланың айналасында 13 мың гектарға жасыл белдеу құрылды. 3,5 млн. ағаш отырғызылды.
Кешенді жоспарға сәйкес, бекітілген 145 іс-шараны жүзеге асыруға 3,9 трлн. теңге бағытталмақ. Оның ішінде жеке инвестициялар – 2,5 трлн. теңге. Кешенді жоспар аясында алдағы 5 жылда мұнай өңдеу зауыты, химия кешені, тұрмыстық техника шығаратын зауыт салынады және Түркістан қаласының айналасында азық-түлік белдеуін құру жоспарла-нуда. Жаңа Кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде 2025 жылы жалпы ішкі өнім көлемі 3,6 трлн. теңгені құ-райды. Жыл сайын 40 мың жаңа жұ-мыс орындары ашылады. Бұл қадам-дар өз кезегінде жалпы халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз ететін болады.
Киелі шаһардың экологиялық ахуалын жақсарту бағытында ірі су нысандарының құрылыстары қолға алынды. Нәтижесінде, қалаға 200 млн.м³ ағын су қосымша жеткізіледі.
Түркістан қаласында барлығы 55 саябақ пен скверлер бар.
Аудандар әрқайсысы өзінің секторына жауап береді. Көшетті отырғызғаннан бастап әр талдың түбін қопсыту, оны суару керек. «Қолға алынған «Жетікөл көлдер жүйесін жаңғырту» жобасы аясында бөгет 34 шақырым ұзындыққа көтеріліп, биылғы жылдың өзінде 250 млн.м³ су жинақталды. Бұл жоба алдағы уақытта Түркістан өңірінің экологиялық жағдайын жақсартуға оңды ықпалын тигізеді. Бүгінгі күннің өзінде көл аумағының фаунасы өзгеріп, табиғи құстар шоғыры пайда болғанын байқауға болады. Бұдан бөлек, «Сырдария өзенінен машиналық арна салу» және «Сарқырама» су қоймасын салу жобалары әзірленуде. Бұл жобалар Түркістан өңірін кепілді ағын сумен қамтамасыз етудегі маңызы өте жоғары болып табылады. Жаңадан салынған «Кеңсай – Қосқорған – 2» су қоймасы арқылы 34 млн.текше метр ағын су жеткізіледі. Қазіргі таңда үлкен дамбының биіктігі 26 метрге дейін көтерілді. Нәтижесінде, биылдың өзінде көктемгі тасқын сулар ысырабына жол берілмей 5 млн. текше метр су жинауға мүмкіндік берді.
Апатты және үш ауысымды мектептің мәселесін шешу мақсатында биыл Түркістан өңірінде 78 мектеп құрылысы жүргізілуде. 2025 жылға қарай 130 жаңа мектеп салу жоспар-ланған. Оның ішінде биыл 47 мектеп салынады. Бүгінгі таңда 42 мектептің құрылысы аяқталды. Оның жартысына жуығы – жекеменшік мектептер.
Жаңа бағдарламаға орай, өңірде жыл сайын 108 мектеп жаңғыртудан өтеді. Тереңдетілген бағытта білім жүйесін дамыту мақсатында мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігімен 4 «Binom School» мектебі салынады. Түркістан қаласында 720 орындық Назарбаев Зияткерлік мектебінің құрылысы аяқталды. 700 оқушыға арналған оқу ғимараты, 500 орындық жатақханасы бар «Дарын» мектеп-интернатының құрылыстары жүргізілуде.
Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 906 мемлекеттік мектеп толығымен бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілген. 559 мектептің бейне камерасы полицияның жедел басқару орталықтарына қосылды. Бұл бағытта жұмыстар жалғасады. Облыстағы 945 мектепте 510 мыңға жуық бала оқиды.
Түркістан облысында биылғы жылғы он айда облысқа 1,3 миллион-нан астам қонақ келген. Пандемияға дейін 2019 жылы келушілер саны 1 миллионнан асса, былтыр, 2020 жылы тәжтажал кезінде шектеулерге байланысты Түркістан қаласына 300 мыңнан аса адам келген. Осы жылы «жасыл аймақта» болған өңірге келгендер саны 5,5 есеге ұлғайған.
2018 жылмен салыстырсақ, облыста 148 қонақ үй болса, бүгінгі таңда облыста 40 қонақ үй салынды, оның 188-і 8000 орындық, яғни күніне он мыңға жуық саяхатшылар мен зияратшыларды қабылдайтын мүмкіндік бар. Сонымен қатар, жаңа қонақүйлердің құрылысына инвесторлар тарту, туристердің келуіне оңтайлы жағдай жасау жұмыстары жүргізілуде.
Биыл карантиндік шаралар жеңілдегеннен кейін Түркістан қаласында бірқатар халықаралық іс-шаралар өтті. Оның ішінде алты елдің парламенттері өкілдерінің қатысуымен өткен ТүркПА сессиялары, түркітілдес елдер өкілдеріне арналған медиа-форумды атап өтуге болады. Туристік компаниялар мен түркітілдес елдердің БАҚ өкілдері, «Ұлы жібек жолы – ұлы мұра» халықаралық форумы және өзге де шаралар келушілер санының артуы-на ықпал етті. Атап өтейік, облыс ту-ризм саласын үздіксіз дамыту арқылы 2025 жылы туристер ағыны мен келушілер санын 2 жарым миллион адамға жеткізуді жоспарлап отыр.
Түркістан облысында бұқаралық спортты дамытуда басымдық танытылуда. Қазіргі таңда аймақта дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде шұғылданушылар саны 640 мыңға жуық азаматты құрап, жалпы халықтың спортпен қамтылуы 31,4 пайызды құрап отыр. Соңғы үш жылда 1 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 28 ҚР спорт шебері, 116 спорт шеберіне үміткер спортшылар дайындалды. Түркістан облысынан 2021 жылы Токиода өтетін жазғы Олимпиада ойындарына қатысуға 21 үміткер спортшылар анықталып, олармен тиісті дайындық жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, облыс аумағында жасөспірімдерді спорттық үйірмелерге тарту бағытында жиырмаға жуық спорт ұйымдары мемлекеттік жекешілік-әріптестік арқылы ашылып, 400-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Нәтижесінде 21 спорт түрі бойынша 370 спорт секцияларында 4442 жасөспірімге оқу-жаттығу сабақтары жүргізілуде.
Қазақстанның Тұңғыш Президентінің Түркістан өңіріне ерекше көзқарасы мен тұрақты қолдауы барлық саладан байқалып қана қоймай, өңірдің серпінді дамуына ықпал етті. Әсіресе, Түркістан облысының мәртебесін алған соңғы үш жылда үш ғасырға жүк боларлықтай жұмыстар атқарылды. Таңғажайып сәулет туындылары көздің жауын алады. Қала қонақтары түнде самаладай жарқыраған кең көшелері мен көздің жауын алатын, бір-біріне ұқсамайтын таңғажайып сәулет туындыларын көргенде «киелі Түркістанымызды тіл-көзден сақтағай» деп тамсануда. Бұл әрине, ғасырлар бойы армандаған ата-бабаларымыздың мирасын болашаққа жалғаған, аманатқа берік текті тұқымдарының Тәуелсіздіктің 30 жылындағы береке бірлігінің нәтижесінде жеткен жетістігі. Бұл әлемнің дамыған отыз елінің қатарына жету жолындағы алғашқы үшінші баспалдақ болып табылады.