Тұрғын үйлерді газдандыру жұмыстары қарқын алды

Түркістан қаласының жылу жүйелері 2022-2023 күзгі-қысқы кезеңге дайындық бойынша кешендік іс-шаралар өткізіп жатыр. «Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Е.Рысбековтың айтуынша, жылыту маусымы аяқталғаннан кейін бірден жылуаралық кезеңде кәсіпорын келесі жылыту маусымына дайындық жүргізеді.

Screenshot_44.jpg

Қалалық жылу трассаларында алдағы 2022-2023 жылыту маусымына дайындық шеңберінде жылумен жабдықтау жүйесін жөндеу және жаңғырту бойынша жоспарлы жұмыстар басталады.

Бүгінде Түркістан қаласында жалпы 40 579 абонент бар, соның 95,2%-ына табиғи газ берілген. «Жылу» мемлекеттік-коммуналдық кәсіпорны тарапынан қаладағы І шағынауданда 58 дана, ІІ шағынауданда 15 дана, ТГЖД аумағында 2 дана орталық жылу энергиясымен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, «Отырар» шағынауданында 38 дана, Әкімшілік іскерлік орталығында 14 дана, жалпы 127 дана көпқабатты тұрғын үйлер орталық жылумен қамтылған. Бұдан бөлек, І шағынаудандағы 28 бюджеттік, 55 кәсіпкерлік заңды тұлғаларға, 52 жер телімді тұрғын үйлер мен мәдени, рухани орталығындағы 11 нысанға жылу берілген.

Ал, табиғи газға қосылмаған жеке тұрғындар мен нысандарға 2022-2023 жылдардың жылу беру маусымына шамамен 21 000 тонна Шұбаркөл көмірі қажет деп жоспарлануда. Отын базасында 1 тонна көмірдің бағасы 14 800 теңгені құрап отыр. Қазіргі күнде қаладағы көмір базаларына 40 000 тонна көмір тасымалданған. Оны мемлекеттік мекемелер мен оқу орындары жеткізіп алуда.

«Газбен қамтамасыз етуші «ҚазТрансГаз Аймақ» ашық акционерлік қоғамымен келісімшарт жасалған. Кәсіпорында жылу беру маусымында 146 штат бірлігімен жұмыс атқарады. 2022-2023 жылғы жылу беру маусымында бекітілген ереже мен нормативтерге сәйкес үздіксіз жұмыс атқарылды. Қала қысқы маусымға толық дайын» деді кәсіпорын директоры.

Айта кетсек, Түркістанда биылғы жылу маусымы 1 қарашада немесе сыртқы ауа температурасы қатарынан 3 күн +8 С-тан төмен болған жағдайда басталмақ. Қалаға сапалы жылу беру үшін тозығы жеткен жылу жүйесін кезең-кезеңмен жаңартылуда.1 нысанда құрылыс және жөндеу  жұмыстары жүргізілді. Жылу құбырларының тозу деңгейі 79% дан 30% төмендеді.2022 жылы 1 нысанның жобалық сметалық құжаттамасы әзірленуде. Құрылыс жүргізу жұмыстары 2023 жылға жоспарлануда. Нысан толық аяқталғанда жылу құбырларының тозу деңгейі 30% дан 10% төмендейді.

Қала аумағында 10 жылу қазандығы арқылы 6 516 абонент (көпқабатты үй -167, жеке және заңды тұлғалар-114, бюджеттік мекемелер) жылумен қамтамасыз етіледі.  

Ал, Түркістан облысының жылыту маусымына дайындығы туралы айтар болсақ. Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Роза Сариева: «Облыста барлық орталықтандырылған жылу қазандықтарының жұмысы кестеге сай атқарылуда. Кентау қаласында орналасқан ЖЭО-5-те дайындық жұмыстары жүргізілуде. Ол жылыту маусымы басталғанға дейін толық аяқталады. Сондай-ақ, орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілген 626 көпқабатты тұрғын үйдің 600-і жылыту маусымына әзір. Ал, 2 561 бюджеттік мекеме мен әлеуметтік нысан 100 пайыз дайын» дейді. 

Роза Олжабайқызының сөзінше, өңірде жалпы көмір отынының қажеттілігі 907,6 мың тонна, тасымалданғаны 423,1 мың тонна. Оның ішінде: коммуналдық-тұрмыстық қажеттілігі – 249,2 мың тонна. Тасымалданғаны – 142,8 мың тонна. Тұрғындардың (жеке тұрғын үйлер, жылыжайлар) көмірге қажеттілігі 658,4 мың тонна болса, тасымалданғаны 280,3 мың тонна. Тұрғындар үшін теміржол тұйығы бар елді мекендерде 1 тонна Шұбаркөл отынының бағасы 14 600 – 18 500 теңге аралығында. 

Сонымен қатар, бюджеттік мекемелердің сұйық отынға (дизельге) қажеттілігі  – 4 559,7 мың литр. Ол 100 пайыз тасымалданды. Ал, жылумен қамтамасыз ететін мекемелер үшін мазутқа қажеттілік 2700 тонна. Қазіргі таңда сатып алу рәсімдері өткізілуде. 

Айта кетейік, жылыту маусымына дайындық жұмыстары облыс әкімдігі тарапынан тұрақты бақылауға алынған. Жұмыстар жалғасуда.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Конституциялық сотқа тікелей жүгіну – конституциялық бақылау органының басты ерекшелігі
  • Заңмен тыйым салынған вейппен күрес тоқтамайды
  • Волонтерлер жемқорлыққа қарсы
  • Жүргізушіге қойылған талапты мопед иелері де сезінсе
  • Алаяқтықтың өте қауіптісі — интернет алаяқтық
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер