2021 жылы бекітілген «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының бір бағыты ел азаматтарын тұрғын үймен қамту және коммуналдық шаруашылықты дамыту жұмыстарына арналған.
Бас жоспарға сәйкес, мыңнан астам көппәтерлі тұрғын үйді жөндеу үшін бюджеттік несие беру, 16 мың шақырым ауызсу, су бұру желілерін жүргізу және жөндеу, 46 су құбыры желісін, коммуналдық сектордың 7700 шақырым желісін, 785 шақырым ирригация желілерін қайта жөндеу жұмыстары қарастырылған. Нәтижесінде, 2025 жылға қарай ел тұрғындары толық ауызсумен қамтылып, инженерлік желілердің тозуы 12 пайызға дейін төмендемек. «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы да ауылдарда 12 мың шақырым инженерлік желі жөнделіп, үш жарым мыңнан астам елді мекеннің инфрақұрылымы жақсарады. «Жайлы тұрғын үй» бағыты шеңберінде белгілі санаттарға жататын 180 мыңнан астам адамның жалға алған тұрғын үйіне кететін шығысын субсидиялау, жүз мыңнан астам әлеуметтік жалға берілетін және кредиттік, жұмыс істейтін жастар үшін 15 мың тұрғын үй салу, сонымен қатар, өз қызметкерлері үшін ауылдық жерден үй салған жұмыс берушілердің шығындарын жабу жұмыстары жүргізіледі. 103 млн. шаршы метр жаңа тұрғын үй пайдалануға беріліп, жеке құрылыс бастайтын тұрғындардың 235 мың жер телімі инфрақұрылыммен қамтылады. Бұл бағытта Түркістан өңірінде көптеген жұмыстар атқарылуда. Облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасынан алынған мәліметтерге зер салсақ, Ұлттық жоба іске қосылғаннан бастап Түркістан қаласының өзінде «Отбасы банкі» арқылы 883 пәтердің конкурсы өткізілген. Ал, «7-20-25» бағдарламасы аясында конкурс нәтижесі бойынша 474 отбасыға тұрғын үй сатылып алынған. Сонымен қатар, жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үйді жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау бойынша жергілікті бюджеттен қажетті қаражатты қарастыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазір облыс бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға 47 402 адам кезекте тұр екен. Оның 12 040-ы көпбалалы отбасылар болса, 21 478-і әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар қатарына жататындар, 12 124-і бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, 1 656-сы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және 92-сі баспанасы апаттық жағдайда деп танылған отбасылар. Жалпы, Түркістан облысы құрылғалы бері 3 800 отбасы коммуналдық тұрғын үй қоры арқылы баспанамен қамтылған. Оның 1279-ы көпбалалы отбасылар болса, 2,5 мыңнан астамы кезек ретімен баспана алған әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтар.
Ал, коммуналдық шаруашылық саласына тоқталар болсақ, арнайы бағдарлама аясында облыс аумағында 351 дана жалпыүйлік жылу есептегіш құралдары, 14 дана су есептегіш құралдары, 17 857 жеке импульсті электр энергиясының ресурстарын тұтынуды есептейтін құралдар орнатылған. Сонымен қатар, көшелерге жарықтандыруды қосудың механикалық таймері функциясымен жабдықталған 21 760 шам, 1493 дана күн сәулесінен қуат алатын жарық құрылғылары қойылған.
Бүгінде электр қуатымен қамту бір өңірдің ғана емес, бүкіл елдің проблемасына айналып отыр. Сондықтан облыс аумағында энергетика саласын дамыту бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Атап өтсек, ішкі көздерден электр энергиясын өндіруді ұлғайту мақсатында бірқатар жұмыстар жүргізіліп, 2017-2021 жылдар аралығында қуаты 220,1 МВт болатын 20 жоба іске асырылды. Ал, 2022-2023 жылдары жалпы қуаты 109,95 МВт болатын 12 жаңартылатын энергия көздері нысандарын салу жоспарлануда. Олардың алтауы қуаты 96,95 МВт-тық күн және қалғаны қуаты 13 МВт-тық шағын су электр стансалары. Сондай-ақ, Түркістан қаласында 2022-2024 жылдары қуаты 50 МВт болатын «Түркістан ЖЭО құрылысы» нысанын салу жоспарланып отыр. Одан бөлек, 2025 жылға дейін облыс аумағында генерацияның маневрлік режимімен генерациялайтын, қуаты 350 МВт-тан 1000 МВт-қа дейін жететін бу-газ қондырғысын салу көзделген. Бұл қондырғының құрылысы үшін Кентау қаласынан және Түлкібас ауданынан жер телімдері қарастырылды.
2021 жылы электр қуатымен қамтамасыз ету саласында 53 нысанның құрылысына 7,9 млрд. теңге қаралып, жыл қорытындысында 19 нысан пайдалануға берілсе, қалған 34 нысанның құрылысы 2022 жылға өтпелі. Нәтижесінде 40 елді мекендегі 32 мың тұрғын сапалы, тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етілген. Ал, биыл электр қуатымен қамтамасыз ету жұмыстарына 13,7 млрд. теңге қаралып, 31 нысанның құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Оған қоса, Келес ауданында 220, 110, 10 кВ-тық «Қызыләскер» қосалқы стансасының және 110 кВ-тық электр желісінің құрылысын аяқтап, 2022 жылдың тамыз айында пайдалануға беру көзделуде. Осының нәтижесінде, Сарыағаш, Қазығұрт, Келес, Жетісай және Мақтаарал аудандарының 700 мыңнан астам тұрғыны, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы нысандары тұрақты әрі сапалы электр қуатымен қамтылады.
Сапалы ауызсумен қамтамасыз ету бойынша да оңды өзгерістер баршылық. Тарқатып айтар болсақ, 2021 жылы ауызсумен қамту саласы бойынша облыс аумағында 58 нысанның құрылысына бюджеттен 12,7 млрд. теңге бөлініп, сол нысандардың 22-сі пайдалануға берілген. Қалғанының құрылысы осы жылға өткен. Нәтижесінде, 20 елді мекен ауызсумен қамтамасыз етіліп, 8 елді мекеннің тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылған. Ал, биыл 38 нысанның құрылысына ұлттық қордан 15,8 млрд. теңге бөлініп отыр. Оның отызы биыл пайдалануға берілсе, қалғаны 2023 жылға өтпелі. Жыл соңына дейін 13 елді мекенді орталықтандырылған ауыз сумен қамту, 14 елді мекеннің ескірген су желілерін жаңарту жоспарланып отыр. Сөйтіп, осы жылдың аяғына дейін
841 елді мекеннің 730-ы ауызсумен қамтамасыз етіледі. Қазіргі таңда облыста ауызсумен қамтылмаған 124 елдімекен бар екен. Ол ауылдарда 110 мыңға жуық адам тұрады. Осы орайда 74 елді мекенге су құбырларын жүргізу, 50 ауылға блок-модуль кешенін орнату жоспарда тұр. Сонымен қатар, 201 елді мекеннің тозығы жеткен су құбырлары жаңартуды қажет етеді.
Елімізде тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Бұл тұрғыда өңірімізде қажетті жұмыстар үздіксіз жүргізіліп келеді. Өткен жылдың басындағы дерек бойынша облыстағы 841 елді мекеннің 423-і табиғи газбен қамтылып, 1 млн. 274 мың тұрғын «көгілдір отынды» пайдаланып келген болатын.
2021 жылы 97 газ нысанының құрылысына бюджеттен 15,1 млрд. теңге қаржы қаралып, 28 нысанның құрылысын аяқтау арқылы тағы да жүз мыңнан астам тұрғын табиғи газбен қамтылған. Қалған 69 нысанның құрылысы биыл жүргізіледі. Сөйтіп, 2022 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 841 елді мекеннің 457-і «көгілдір отынмен» қамтылып, тұтынушылар саны 1 млн. 374 мыңға жеткен. Енді биыл елу нысанның құрылысына бюджеттен 12,2 млрд. теңге бөлініп отыр. Түзілген жоспар бойынша биыл 15 нысанның құрылысы аяқталып, 33400 тұрғын табиғи газбен қамтылмақ. Қалған 35 нысанның құрылысы келер жылы аяқталады. Жыл аяғына дейін «көгілдір отын» тұтынуға мүмкіндігі бар адамдар саны 1 млн. 407 мыңға дейін артады. Жалпы, «Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021–2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына» сәйкес, 250 елді мекенде тұратын 384 190 тұрғынды табиғи газбен қамтамасыз ету жоспарланған. Нәтижесінде, 2025 жылы өңірдегі 722 елді мекенде өмір сүретін 1 млн. 791 мың тұрғын табиғи газға қол жеткізеді.