Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлерді қорғайтын және дамытатын, өткізу нарығына жол ашатын, өнімділікті ұлғайтып, қазақстандық өнімдердің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыратын тиімді өнеркәсіп саясатын, сонымен қатар, ашық әрі прагматикалық салықтық-бюджеттік саясат қалыптастыру керектігіне назар аудара отырып: "Мен Жолдауымда 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын бір жарым есеге, ал еңбек өнімділігін 30% ұлғайту міндетін қойдым. Бұл өте маңызды мақсаттар және соған қол жеткізу үшін бізде барлық мүмкіндіктер бар, қажетті жағдайлардың бәрі жасалып отыр», - деген атап өткен болатын.
Күннен-күнге қарыштап дамып келе жатқан Түркістан қаласында Мемлекет басшысының тапсырмасы сәтті жүзеге асырылып келеді. Бүгінде Түркістан қаласы кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм салалары бойынша дамуда. Шаһар көне Жібек жолының бойында орналасқандықтан, кәсіпкерлік негізгі салалардың бірі болып табылады. Түркістан қаласының өзінде қазіргі таңда 13 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Қалада зауыт-фабрикалар мен шағын кәсіпкерлік орындары жылдан-жылға көбейіп келеді.
Солардың қатарына жақында Түркістанның іргесінде құрылыс материалдарын дайындайтын зауыт қосылған болатын. Жаңа кәсіпорын темірбетон өнімдерін шығарумен айналысады. Құрылысы қарқынды өңір үшін жаңа зауытта жаңа технология қолданылады. Нарықта өнімге деген сұраныс өте жоғары. «EKP-GROUP 878» ЖШС жобасының құны 1 миллиард теңге тұрады. Оның тең жартысы инвестордың өз қаржысы есебінен, қалғаны мемлекеттік қолдаумен, яғни, жеңілдетілген несиемен жүзеге асқан. Жаңа жұмыс орнында 20-ға жуық азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. Жобаның келесі кезеңінде мамандар саны тағы артпақ. Ол кезде шығарылатын өнім түрлері 10-ға дейін көбейеді.
«Turkistan» индустриалды аймақтардың басқарушы компаниясы» бастығының орынбасары Серікболсын Сандыбаевтың айтуынша, мұнда өңірді дамыту жобасына қатысушыларға инфрақұрылымы жетілдірілген жер телімі жалға беріліп қана қоймай, инвестиция бөлімі арқылы тиісті құжаттарын әзірлеуге және жобаларын жүзеге асырудың мүмкіндіктерін бірлесіп қарастырады.
2018 жылы бой көтерген Түркістан облысының индустриалдық аймақтарында жалпы құны 32 миллиард теңге құрайтын, 44 жоба іске қосылып, нәтижесінде 2 368 жұмыс орны ашылған.
Биыл құны 4,2 миллиард теңгені құрайтын 246 жаңа жұмыс орнын ашумен 6 жобаны іске қосу жоспарланған. Қазіргі таңда 793 миллион теңгеге 2 жоба іске қосылып, 36 жұмыс орны құрылған. Жалпы, өнеркәсіп өнімі көлемін 2022 жылдың қорытындысымен 751,3 миллиард теңгеге жеткізу жоспарлануда дейді мамандар.