Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде "Жасыл Қазақстан" ұлттық жобасы әзірленгені мәлім. "Жасыл Қазақстан" ұлттық жобасы халықтың өмір сүруіне қолайлы орта құруға және елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған. Оның ішінде атмосфералық ауа сапасын жақсарту, өндіріс және тұтыну қалдықтарымен тиімді жұмыс істеу, суды тиімді және ұқыпты пайдалану, сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлар түрлері мен ихтиофаунаның санын ұлғайту, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру, жасыл екпелер алаңын ұлғайту, табиғат пен жануарлар дүниесіне ұқыпты қарауға дағдыландыру арқылы биологиялық әртүрлілікті сақтау, сондай-ақ халықтың экологиялық санасын жаңғыртуға баса мән беріледі. Ұлттық жоба 4 бағыттан және 11 міндеттен тұрады. Жобаның үшінші бағыт бойынша ұласып өсуі кемінде 65 пайызды құрайтын 2 миллиард ағаш отырғызу, сондай-ақ сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлардың санын қалпына келтіру шараларын жүргізу асыру көзделген.
Түркістан қаласында «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы сәтті жүзеге асырылып келеді. «Қазгидромет» мекемесінің мәліметіне сәйкес облыс орталығы – Түркістан қаласында атмосфералық ауаның ластануы 65 пайызға төмендеген. Бұл – 4 жылда жасалған ауқымды жұмыстың нәтижесі. Көгалдандыру, газдандыру мен өңірдегі орман алқабының артуы нәтижесінде Түркістан қаласында жалпы экологиялық ахуалдың жақсарғаны ғылыми түрде дәлелденді. Шаһарда «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында «Таза Қазақстан», «Үнемді Қазақстан», «Табиғат» және «Экология болашағы» секілді 4 бағытта жұмыстар атқарылуда.
Сала мамандарының мәліметінше, бүгінгі таңда Түркістан қаласының айналасынан құрылған «Жасыл белдеудің» жоспарланған 29 511 гектар жер көлемінің 13 629 гектары орындалған. Орман мекемелерінің тұқым бақтарында 30 миллион көшет өсірілуде. Алдағы уақытта көшет санын 50-60 миллионға жеткізу жоспарланған. Сонымен бірге Түркістан – Шәуілдір тас жолының екі жағына 50 шақырым жерді Жетікөл аумағымен біріктіре отырып, анықталған 4000 гектарға жасыл екпе егу жоспарлануда.
Жалпы түркі әлемінің рухани астанасы әрі облыс орталығы мәртебесін алған Түркістанды көгалдандыру, жасыл желекке айналдыру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Төрт жыл уақыт ішінде қала аумағында көптеген көшеттер отырғызылды. Шаһардағы жасыл желекті тұрақты суару үшін қосымша ағын сумен қамтамасыз ету жобалары жүзеге асып жатыр. Келешекте Түркістанның айналасы ну орманға айналады.
Мамандардың айтуынша, климаты құрғақ аймаққа жататын Түркістанда егілген көшеттердің өзге өңірлермен салыстырғанда жерсінуі тым төмен. Әлемдегі жасыл желектің жерсіну көрсеткіші 70 пайызды құраса, Түркістанда бұл 50 пайыздан аспайды.
Киелі шаһарды жел эррозиясынан сақтап, экологиялық ахуалды тұрақтандыру және қолайлы климат қалыптастыру үшін қала айналасынан жоғарыда аталған «жасыл» аймақ құрылған. Жасыл желекті күтіп-баптау жұмыстарына айрықша назар аударылған. «Қаланың өкпесіне» айналатын 30 мың гектар аймаққа сан түрлі ағаш отырғызылуда. Әр ағаштың түбіне тамшылатып суару жүйесі жеткізілуде. Қала аумағында ұңғымалар қазылып, су арналары жүргізіліп жатыр. Бірнеше су қоймасы салынуда. Жасыл желектің тамыр жайып, жерсінуі үшін бау баптаған бағбандар тартылған.
Ә. Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми зерттеу институтының басқарма төрағасы Әлімжан Рахымжановтың пікірінше, «Түркістанның «жасыл» аймағы Астана қаласы «жасыл» белдеуінің аналогы ретінде жасалып отыр.
-Бүгінгі таңда елді мекендер көгалдандырылып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аталған жасыл аймақ құрылған. Тек климаттың қолайсыздығы кедергі. Жазда ылғал өте төмен. Жауын-шашын аз. Питомниктер құрылып жатыр. Түркістан маңында 30 мың гектар алқапта «жасыл» аймақ құрылады. Мұнда ыстыққа төзімді ағаш түрлері отырғызылады, — дейді төраға.
Қаладағы жаңа әуежай жолының бойы 268 гектар жер телімі толықтай тамшылатып суару жүйесіне қосылды. Қалған учаскелердегі отырғызылған ағаш көшеттердің 63 пайыз ұңғымалардан, 25 пайыз каналдармен, 12 пайыз сорғылар арқылы суарылуда.
Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтың айтуынша, қала аумағында көгалдандыру, ағаштарды күту және саябақтар, скверлер мен аллеялардың тазалығын сақтау мақсатында сапалы техникалар алынған. Бұл бағытта арнайы мамандар 25 түрлі, 200 дана техникамен жұмыс істейді. Әр техниканың өз міндеті, ерекшелігі бар. Біреуі ағашты күтіп-баптауға арналса, көгал, гүл мен бұтаны сәндеуге, қырқуға арналған техникалар да бар. Сала мамандарының хабарлауынша, облыс орталығында көпжылдық гүлдер егіліп, осы өңірдің табиғатына бейім ағаштарды отырғызуға басымдық берілген.
Түркістан қаласындағы «Тұран» саябағы мен Қызылорда тас жолы бойына гидрантты суғару жүйесі жүргізіліп, саябақ пен Төле би көшесі бойы және "Әлқожа ата" кесенесі аумағы абаттандырылуда. Сонымен бірге Майкөтов көшесі бойына желілік саябақ салу жоспарлануда. Абаттандырылатын көшелерде балалар ойын алаңшалары мен демалатын орындардың саны артып, қала көркін ашатын сәулет мүсіндері орнатылады деп күтілуде.
Бүгінде Түркістан қаласында 400 гектар жерге жайғасқан 11 саябақ, 5 жасыл аймақ, 25 аллея мен гүлзар және 100-ге жуық көше бар. Әр саябақ креативті әрі ерекше үлгіде салынды. Демалыс аумақтары жарықтандырылып, көпжылдық және гүлді ағаштар егілген. Сонымен бірге қоршаған ортаны жақсарту мақсатында Түркістан қаласында тұрақты негізде жасыл желек отырғызу бойынша акция өткізіліп тұрады.
Сонымен бірге Түркістандағы жасыл желекті ағын сумен қамтамасы ету үшін ауқымды жобалар жүзеге асуда. Алдағы уақытта қалаға 250 миллион текше метр ағын су келіп, бұл мәселе толық шешіледі. Оның біріншісі – «Түркістан» магистралды каналын жөндеу жұмыстары жалғасуда. 145 шақырымдық каналдың фильтрациялық шығыны көп 60 шақырымын бетондау жұмысы жоспарланып, атқарылуда. Осы арқылы 60 миллион текше метр су жиналып, аймақты көгалдандыруға қолданылмақ. Сонымен бірге ағын суды пайдалану автоматтандырылып, суды үнемдеуге мән беріледі.
Өңірде қолға алынған екінші жоба – «Кеңсай-Қосқорған» су қоймасы. Оның сыйымдылығы 18 миллион текше метрден асады. Бұрын жаңбыр мен қар суы далаға кететін, енді сол су көзі жиналып, Түркістан қаласы маңындағы азық-түлік белдеуі мен жасыл алқапқа жіберілмек. Сонымен бірге саябақтар да сумен қамтылады.
Түркістанды түлетуге аудандар мен басқармалар да атсалысып жатыр. Қала 32 секторға бөлініп, оған бекітілген тиісті әкімдіктер мен басқармалар абаттандыру жұмыстарымен айналысып келеді.