Мемлекеттік грант кәсібін өрге домалатты

image.png

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Кәсіпкерлікке қолдау көрсеткенде орта бизнеске де ерекше назар аудару керек. Өйткені нарықта табысты болудың негізгі көрсеткіші орта бизнестің өркендеуімен өлшенеді. Мұндай компаниялар ішкі нарыққа қана емес, сыртқы нарыққа да бейімделуге тиіс. Олардың экспорттық әлеуетін арттыру үшін қолдауды күшейту керек», деп айтқан болатын. Жолдау жүктеген міндет бойынша елімізде кәсіпкерлікті қолдау мақсатында түрлі бағдарламалар қабылданып, көптеген қолдаулар көрсетілуде. Ежелден сауда-саттыққа бейім Түркістан қаласынының тұрғындары да заманға сай кәсіп түрлерін меңгеріп, өз істерін дөңгелетіп келеді. Солардың бірі  «Бикеш» сән үйінің негізін қалаушы   Шарбану Дурманқызы. Ұлттық киімдердің мерейін асырып жүрген кәсіпкер мемлекеттік қолдаудың арқасында өз арманын жүзеге асыра білген жан. 

 «Мен өз кәсібімді 2019 жылы бастадым. Бұл кәсіпті таңдауымның негізгі себебі, ұлттық өнеріміздің өркендеуіне өзіндік үлесімді қосу, кішкентайымыздан әже-апаларымыздан көрген қазақы нақыштағы дүниелердің ғұмырын жалғастыру еді. Алғаш «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында оқып, сертификат алдым. «Атамекеннің» қолдауымен 505 мың теңге көлемінде грантты жеңу арқылы осы істі бастадым. Сол қаражатқа тігін машинасын алып, тапсырыстар қабылдай бастадым. Бүгінде 100-ге жуық қыздардың жасауын дайындап, тапсырысшылардың талабынан шықтым. Сонымен қатар, қазіргі заманға сай білімімді жетілдіру мақсатында осы ұлттық қолөнердің насихатталу жолында зор еңбек етіп жүрген белгілі тігінші, он саусағынан бал тамған қолөнер шебері Гүлстан Жандосқызынан офлайн сабақ, танымал этнодизайнер Ырза Тұрсынзада ханымнан онлайн сабақтар алдым», –дейді Шәрбану Дурманқызы. 

Кәсіпкер жасайтын бұйымдар қол еңбегінен басқа түрлі материалдарды, алуан түрлі құрал-жабдықтарды қажет етеді. Бұл орайда кәсіпкер «шығын болмай, кіріс болмайтынын» ескеріп, тәуекел етіп өз қаржыма сеніп іс бастағанын айтады. Оған «Атамекеннің» қолдауымен алған қаржы айтарлықтай көмегін тигізген. «Мүмкіндікті пайдаланып, ісін жаңадан бастауға ниетті жандарды қолдаған «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына зор алғысымды білдіргім келеді. Бүгінгі жаһандық дәуірде өзіміздің мәдениетімізбен, салт-дәстүрімізбен ерекшеленіп, жерде қалмайтынымызға ұдайы мотивация беріп отыратын Ырза, Гүлстан, Құралай сияқты әпкелеріміздің елімізге ғана емес, бүкіл әлемге танылып жатқан ерен еңбектері маған зор күш-қуат беріп отырады. Олардан үйреніп, үлгі тұту арқылы мен де біраз тірлікті үйіріп әкеттім деп ойлаймын. «Өзгенің жасағанын мен неге жасай алмаймын?» деп алға қарай жетелеген ұмтылыспен және құлшыныспен біраз тапсырысшылардың назарына іліктім. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен және AIKA ALEMI-мен бірлесіп ұйымдастырған «Қолөнер бренді және өнім» атты оқу курсынан сәтті өттім. Сөйтіп өткен жылы 2,5 миллион теңге көлемінде тағы грант алдым. Осылай өзімді жігерлендіру арқылы ісімді жалғастырып жатырмын», – дейді кәсіпкер.

Осылай ісін сәтті бастаған кәсіпкер бүгінде шәкірттеріне үйретіп, жұртты жұмыспен қамтуда. Тапсырысқа қарай көмекшілерді шақыртып отырады. Бүгінде жанында 3 қыз тұрақты жұмыс істейді. Олармен бірлесе көбіне қыз жасауының басты бөлігі қалыңдық пен күйеу жігітке арналған ұлттық киімдерін, камзол, шапан, кәжекей, кеудеше, белдемше сияқты сырт киімдерді, сонымен қатар қыз жасауына арналған көрпе-төсектің түр-түрін дайындап шығарады. Ал олардың заманына қарай саналуан түрлері пайда болған. Атап өтсек, махаббат көрпе, құрақ көрпе, күйеу көрпе, құда-құдағи көрпе, төркөрпе, жастар құрала берсін деген мақсатта ұсақ тігіспен тігілетін ши құрақ, ірі тігісті аққу құрақ, отбасымен бірігіп, ынтымақты болсын деген оймен тырна құрақ, мойын жастық, төрт құбылаң тең болсын деген ниетпен қошқар мүйіздің өрнегі салынған жастықтар, сұранысқа сай этнокартиналар әзірлейді. Міне, бұдан салт-дәстүрге бай ата-бабаларымыздың киімге қаншалықты көңіл бөлгенін байқауға болады. Қыз жасауында қолөнерге аса көңіл бөлудің мағынасы – жас жұбайлар дүниенің қадірін білсін, қолөнерді бағаласын деп барлығын қолдан жасаған. Киімдермен қатар сөрелер қатарын ағаштан жасалған ұлттық ыдыс-аяқтар, кәдесыйлар толықтырып тұр. Олар бүгінде қайтадан қолданысқа жаппай еніп жатқан астау, тегене, тостаған, ожау, саптыаяқ сияқты экологиялық таза табиғи материалдардан жасалған ыдыстар. Қазақтың ою-өрнегі басылған, көздің жауын алар әдемі ағаш ыдыстарды мұнда сатып алуға да, жалға алуға да болады. Ұлттық кәдесыйлар да киізден, теріден, ағаштан, сүйектен, металлдан жасалған. Қазақ даласының қолөнершілерінің қолынан шыққан бұйымдарға деген сұраныс артып, бүгінде әр шаңырақта арнайы бөлме жасалып, осындай заттармен толықтырылып жатқаны қуантады.

– Қазақтың ұлттық ою-өрнегі салынған киімдердің, ұлттық нақыштағы әшекейлі бұйымдардың сәнге айналғанына біраз болды. Бүгінде талғамы жоғары тапсырысшыларымыз сапаға аса назар аударады. Бұл жағынан мүлт кетпеу керек. Солардың ойынан шығу үшін фантазияны іске қосып, ізденуге тура келеді. Осыны білетін біраз тапсырысшыларымыз бар, олардың таныстары, жақындары, әлеуметтік желі бар дегендей, айналамызға еңбегімізді бағалайтын біраз жандарды жинадық деген ойдамын. Десе де, ұлттық болмысымыздан сыр шертетін ұлттық киімдерді, бұйымдарды жылына бір рет Наурыз мерекесінде ғана киіп-тақпай, күнделікті пайдаланса қандай жарасымды. Елге танымал, кезінде Мәжілісте депутат болған Оразгүл Асанғазы апамыздың ұлттық ою-өрнек түскен киімдерді күнделікті киюді қолға алуының, оны елге, жастарға үлгі етіп көрсетіп, себебін тәптіштеп түсіндіруінің өзі жақсы бастама деп ойлаймын, – дейді Шарбану Дурманқызы. 

Қолөнер, ұлттық киіммен қатар бүгінгі қоғамда тәтті пісіруден алдына жан салмайтын, оны отбасына дайындап қана қоймай, көзін тауып кәсіпке айналдырып отырған, он саусағынан бал тамған пысық қыз-келіншектер де жетерлік. Мәселен  түркістандық Жанат Тұрғанбаева. Ол қаладағы кондитерлік өнімдерін дайындайтын «Тәтті әлемі» дүкеніннің иесі.  «Біздің үй ішінен ашылған цехымызда бүгінгі таңда 30-ға жуық адам жұмыс істейді. Олар 120 мыңнан астам айлық алады. Кондитерлік өнімдердің түр-түрін пісіреміз. Мысалы, күніне 50-ден астам торт түрлері, 1000-ға жуық самса шығарылады, одан бөлек үй жағдайындағы түшпара, қуырылған түшпара қолдан бүгіліп дайындалады. Мұның бәрі, сөзсіз қол еңбегін қажет ететіндіктен, бізде шебер қыздар әрқайсысы өзінің үйренген ісін мұқият жасап, алған тапсырысты уақытылы орындап, цехтың берекесін кіргізіп отыр десем болады», –дейді кәсіпкер. 

«Тәтті әлемі» кондитер цехында, әсіресе тақырыптық торттарға деген қызығушылық жоғары екен. Яғни туған күндерге, арнайы іс-шараларға арналған торттар. Тосын сый жасауды ұнататын клиенттер тақырыбына қарай тапсырыс береді, ары қарай шеберлер өздерінің фантазиясына немесе интернет көмегіне жүгініп, ойдағыдай орындап береді. «Шүкір, әзірге ешқандай шағым жоқ. Бәрі риза. Ал клиенттің ризалығы әлбетте істің әрі қарай дамуына шабыт берері сөзсіз. Сөрелерімізде дайын тұрған вупипай, сүтті қыз, сникерс, рафаэлло, пломбир, фисташкалы, құлпынайдан, бананнан әзірленген торттар, профитроли, симит (күнжітпен қапталған түрік нандары), құймақ тағы басқа саналуан нан өнімдері халыққа ұсынылуда. Ал клиенттердің көптеп тартылуының себебі – ол дайындалатын өнім заттарының сапалы және таза табиғи өнімдерден жасалатын болғандықтан деп білемін. Мәселен, миндаль ұнын, жаңғақ түрлерін, кілегей қаймақ сияқты өте қажетті заттарды Шымкент, Астана, Қарағандыдан арнайы алдыртамыз. Өйткені, құрамында сапалы заттар болса, өнім де керемет шығады, халыққа да ұялмай ұсынасың. Осындай ойда болғандықтан, біз ең алдымен өнімнің бәсекеге қабілетті болуын мақсат етеміз», – дейді Жанат Тұрғанбаева. 

Отбасылық кәсіп 2016 жылы басталған және кәсіпкердің әжесі мықты аспаз болған. Осы салада абыройлы еңбек етіп, зейнетке шыққан. Әжесінің қасиеті дарыған інісі идеяны алғаш болып бастапты. Кәсіпкер соныен қатар 

қаладан бірнеше тәттілер сататын сауда орындарының нүктесін және кофеханалар ашқан. 


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Конституциялық сотқа тікелей жүгіну – конституциялық бақылау органының басты ерекшелігі
  • Заңмен тыйым салынған вейппен күрес тоқтамайды
  • Волонтерлер жемқорлыққа қарсы
  • Жүргізушіге қойылған талапты мопед иелері де сезінсе
  • Алаяқтықтың өте қауіптісі — интернет алаяқтық
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер