Әлемнің бәсекеге қабілетті елдерінде инклюзивті білім беру жалпы білім беру жүйесін дамытудың маңызды бағыттарының бірі ретінде есептеледі. Себебі дамыған халықаралық қауымдастықта инклюзивті білім беру әрбір адамның қандай да бір кемсітушіліксіз білім алу құқығын іске асырудың маңызды құралы ретінде әлдеқашан мойындалған. Біздің еліміз де аталмыш ұстанымды қолдайды. Мұны әрбір баланың сапалы білімге тең қолжетімділігін қамтамасыз етудің білім беру саласын дамытудағы басты міндет болып есептелетіндігі айғақтай түседі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Біздің білім беру жүйеміз қолжетімді әрі инклюзивті болуға тиіс» деп атап өтті .
Инклюзивті білім берудің басты аспектілерінің бірі болып есептелетін инклюзивті саясаттың соңғы жылдары елімізде қарқынды түрде дамып келе жатқандығын да байқауымызға болады. Атап айтар болсақ, бірқатар құжаттар ратификацияланды, заңнамалық және нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізілуде, барлық мүдделі тараптардың қатысуымен әртүрлі деңгейлерде талқылаулар іске асуда.
2021 жылдың 26 маусымында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Заң нормалары арнайы психологиялық-педагогикалық қолдауға мемлекеттік білім беру тапсырысын енгізеді және білім беру ұйымдарындағы психологиялық-педагогикалық қолдау қызметтерінің жұмысын реттейді. Сонымен қатар құжатта білім беру ұйымдары басшыларының білім беру мекемелеріне мүгедектігі бар балаларды қабылдау қағидаларын бұзғаны немесе олар үшін жағдай жасамағаны үшін жауапкершілігі анықталған.
Бұдан бөлек, заңда психологиялық-медициналық-педагогикалық тексеру және консультация бағдарламаларын іске асыру арқылы мүмкіндігі шектеулі балаларды білім беру ортасына қосу үшін әмбебап көзқарас қарастырылған.
Инклюзивті оқыту. Бұл ерекше білім беруді қажет ететін жандарға арналған жүйе. Бүгінде мектеп қабырғасынан өзге, жоғарғы оқу орнында да мұндай мүмкіншіліктер қарастырылған. Мәселен, Түркістан қаласындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде былтыр инклюзивті орталық ашылған. Бүгінде мұнда 39 ерекше қажеттілігі бар студент білім алуда.
–«Олардың мүмкіншіліктері сабақ оқуда, емтихан тапсыруда. Мысалы мен емтиханды жазбаша тапсыра алмаймын десе біз арнайы бағдарлама түзіп, оны ауызша тапсыруға мүмкіндік жасаймыз. Жатақханамен қамтамасыз етеміз. Және олардың жүріп тұруына лифте үлкен мүмкіндік бар»,-дейді Инклюзивті білім беру орталығының меңгерушісі Гүлсара Тоққұлова.
Тұрсын Асырауұлы туа бітті сал ауруына шалдыққан. Медицина бағытында білім алатын студент оқу орнында жасалынып жатқан мүмкіншілікке риза. Себебі өзі секілді тағдырлас жандарға қоғамның үрке қарайтынын жасырмайды. Сондай ақ, университет қабырғасында оқу процессіне бөлек, емтихан жүйесінде де түрлі жағдайлар қарастырылғанын айтады.
«Бұл аталмыш оқу орны мүмкіндігі шектеулі студенттерге оң көзқараспен қарайды. Бізде жоғары сапада білім алуымызға барыша мүмкіндіктер қарастырылған. тек қана білім ретінде емес студенттерді жалпы рухани байыту мақсатында да өте көп үлес қосуда»,- дейді ол.
Айта кетейік, инклюзивті білім беру баршаның сапалы білімге қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған білім беру жүйесін тарату процестерінің бірі болып табылады.
Ерекше қажеттілігі бар балаларға білім беру жақсы инвестиция болып есептеледі. Дүниежүзілік банк баяндамасына сәйкес бұл әлеуметтік қажеттіліктерге шығындарды азайтуға және адамның мемлекетке тәуелділігін төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар инклюзивті білім беру отбасы мүшелерін күтім көрсетуден босатып, өндірістік қызметтің өзге түрлерімен айналысуға немесе өз ісіне уақыт бөлуге мүмкіндік береді. Жалпы халықаралық тәжірибеге сүйенетін болсақ, инклюзивті білім берудің барлық бала үшін пайдасы зор. Себебі ол мектеп пен жоғары оқу орындарында білім беруді жоспарлау мен іске асыру әдістеріне маңызды өзгерістер енгізеді, адам құқығын қамтамасыз ету құралы ретінде қызмет етеді және қоғам мен білім беру саласында демократия мен дербестендіру процестеріне үлес қосады.
Қазақстанда берілген бағдарды ұстана отырып және әлемдік және отандық тәжірибені ескеріп, Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарында инклюзивті білім беру мәселелеріне көп көңіл бөлінді, ондай маңызды міндеттердің бірі ретінде барлық білім беру ұйымдарында инклюзивті білім беру үшін жағдай жасау болып айқындалған.