Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр «Орта білім беру жүйесіндегі өткір проблеманың бірі – мектептердегі орын тапшылығы. 225 мың оқушыға орын жетіспейді. Шұғыл шара қабылдамасақ, 2025 жылға қарай орын тапшылығы 1 миллионға жетеді. Мен 2025 жылға дейін кемінде 800 мектеп салу туралы тапсырма берген болатынмын. Бүгін оның санын бір мыңға жеткізуді міндеттеймін», деген тапсырма берген болатын. Президент мектеп құрылысына мемлекеттік бюджетпен бірге, жеке секторды да тарту керектігін айтып еді.
Демографиясы жылдан-жылға өсіп келе жатқан Түркістан қаласында мектепке сұраныстың артып келе жатқаны рас. Бұл мәселе шаһарда оңынан шешіліп келеді. Әсіресе мұнда үш ауысымды мектептер мен апатты білім ұяларыының саны азайып, су жаңа білім ошақтары ел игілігіне берілуде. Президенттің тапсырмасына сәйкес мектеп салуға жеке инвесторлар да қызығшылық танытып келеді.
Соның бір жарқын дәлелі бүгін Түркістан қаласында 500 орындық мектептің ашылуы. Жаңадан ашылған білім ошағына Тілеу батыр Айтұлының есімі берілді. Инвестор тарапынан бой көтерген мектеп қазіргі заманғы жабдықтармен жабдықталумен қатар оқушыларды сапалы оқытуға барлық жағдай жасалған.
Білім ұясының ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, Израильдің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Эдвин Натан Ябо Глусман және Түркістан қаласы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасова арнайы қатысып, әлеуметтік ғимараттың ашылуымен жиылғандарды құттықтап, мектеп ұжымына жемісті еңбек пен табыс тіледі.
Қазақ халқы «Білімдінің күні жарық» деп жатады, Сол айтпақшы, жаңадан бой көтерген заманауи мектептің ашылу рәсімі ұлттық мереке Республика күнімен сәйкес келіп отыр. Осында оқушылардың оқуына, спортпен шұғылдануына, шығармашылықпен шыңдалуы үшін барлық жағдай жасалған. Күні ертең осы білім беру ұйымынан білім алған жас өрендер еліміздің мақтан тұтатын азаматтарына айналады деп үміттенеміз, - деді облыс әкімінің орынбасары Сәкен Амангелдіұлы.
Өз кезегінде кәсіпкер Сәуле Меңдіғұллақызы білім беруден басқа мектеп үйірмелермен, атап айтқанда шахмат, би, таэквандо, сурет салу, домбыра, вокал, үш маусымдық ыстық тамақпен және көлік тасымалымен жабдықталғанын атап өтті. 500 балаға арналған білім ошағында елу қызметкер жұмыс істейді.
Президент өзінің халыққа Жолдауында: «Білім беру жүйесі- ұлт сапасын сала ұлт сапасын жақсарту ісінде аса маңызды рөл атқарады.Сондықтан, мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек. Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет.»,-деп қадап айтқан еді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада өткен жиында ірі бизнес өкілдерін қоғамды толғандыратын әлеуметтік мәселелерді шешуде шет қалмауға шақырған болатын.
«Адами капиталға, атап айтқанда, заманауи балабақшалар, жайлы мектептер, ауруханалар, іргелі университеттер салуға, туризмді дамытуға инвестиция құю да маңызды. Сіздер қайырымдылық істер жасауды жалғастыра беретіндеріңізге сенімдіміз. Қазір елімізде мектептердің, студенттер жатақханаларының, жастарға арналған спорт ғимараттарының тапшылығы сезіледі. Сіздердің көмектеріңіз ел үшін елеулі болар еді», – деді Президент.
Осы қағиданы берік ұстанған жеке кәсіпкер Сәуле Дәулеталина мектеппен қатар 200 балаға арналған мектеп-балабақшаның да негізін қалап отыр. Дәл осы күні «Тілеу батыр» мектеп бала-бақшасының да түсауы кесілді.
«Бала-бақша менің көңілімнен шықты. Тіпті ғимараттың өзі үлкен махаббатпен салынғаны көрініп тұр. Балабақша білім беру жүйесінің алғашқы сатысы ғой. Сондықтан айтарым білім ордалары кез-келген мемлекет үшін аса маңызды. Биік белестерден көрінуді мақсат тұтатын ел білім жүйесіне көп көңіл бөлуі керек»,- дейді балабақшаны аралап, кішкентай бүлдіршіндермен тілдескен Эдвин Натан Ябо Глусман.
Бала-бақшаның ерекшелігі балалардың денсаулығына жіті көңіл бөлінуінде. Бүгінде мекемеде тұмау және өзге де аурулардың алдын алу үшін тұз кеніші орнатылған. Бұл балалардың денсаулығына жақсы көмектеседі дейді кәсіпкер.
«Сабақ оқу үшін ең алдымен балалардың көңіл-күйі жақсы әрі денсаулығы мықты болуы керек. Сондықтан балабақшада тек балалардың ойын ойнап, тамақ ішуіне ғана жағдай жасамай бірінші кезекті олардың денсаулығына мән беруді жөн санадым. Мұнда тұз шахтасынан бөлек балалардың көңілін сергітетін және жүзуге ынталадыратын бассейн бар. Балаларға үш мезгіл құнарлы тамақ беріледі. Осының барлығы қала бүлдіршіндеріне ақысыз қарастырылған»,- дейді Сәуле Меңдіғұллақызы.
Бала-бақша заманға сай оқу құралдарымен, жиһаздармен жабдықталған. Сондай-ақ мұнда ән және би үйірмелері бар. Бүгінде онда 30-дан астам қызметкер жұмыс жасауда.
Айта кетейік, жалпы облыс орталығында 108 балабақша болса, оның 21-і мемлекеттік, 87-сі жекеменшік. Балабақша тәрбиеленушілерінің саны қазіргі таңда 14993 бүлдіршінді құрайды.