Қазақстанда ғана емес, дүниежүзі бойынша жол-көлік оқиғалары мен соның салдарынан болатын өлім мен жарақат фактілері азаймай отыр. Адамдардың көлік құралдарына деген сұранысының арту тенденциясымен қатар, оны пайдалану барысында қоғам өміріне қауіп тудыратын жағдайлардың да көбейгендігін байқауға болады. Соңғы жылдары өзектілігін жоғалтпаған өзекжарды мәселеге Президент Қ.Тоқаев ерекше көңіл бөліп, заң бұзушыларды қатаң жазалауды тапсырды. "Қаладағы өмір сүру сапасының маңызды құрамдас бөлігі - жол қауіпсіздігі. Оң үрдістерге қарамастан, жол-көлік оқиғалары әлі де жиі болып жатыр. Бұл аса маңызды мәселені шешу үшін кешенді шаралар қабылдау қажет. Адамдар - біздің басты байлығымыз",- деген Мемлекет басшысы жол қауіпсіздігін күшейтуді тапсырған болатын.
Президенттің пәрменімен қазіргі таңда барлық ірі қалалар мен ауыл-аймақтардың өзінде жол қауіпсіздігін күшейту мақсатында жол бойына бейнекамералар орнату жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Құрылысы күннен-күнге дамып, жол, логистикасы да кеңейіп келе жатқан Түркістан қаласында да жол қауіпсіздігіне баса назар аударылуда.
Түркістан қаласы облыс орталығы болғаннан бері халықпен бірге көлік саны да көбейгені анық. Осыған орай Түркістан шаһарының тұрғындары мен автокөліктердің жүріп-тұруына қолайлы болуы үшін барлық жағдай жасалып отыр.
Қазіргі таңда қалада «Сергек» жобасы қайта күшейе түскен. Бұл туралы облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқарманының бас маманы мәлім етті.
Қазіргі таңда Түркістан қаласында 200 дана сергек бейнекамерасы жұмыс істеп тұр. Нақтырақ айтқанда 30 жылдамдық өлшегіш және 26 көше қиылысына орнатылған «Сергек» құрылғылары ағымдағы жылдың 1 наурызынан бастап іске қосылған болатын. Атап айтқанда, камералар Түркістан қаласындағы Тауке-хан, Саттарханов даңғылдарында, Қызылорда тас жолындағы "Газпром" АЗС тұсында, Кентау, Атабай, Балтакөл және Шымкент тас жолдарында, сонымен қатар, Жібек Жолы, С.Ерубаев, Б.Майлин, Майкотов, Самара М32 Шымкент, С.Қожанов, Қарадауов, Мега орталығы тұсында, Қазыбек би, Жарылқапов, Алтынсарин, О.Жандосов, Тәуелсіздік 10 жылдық, Бірлік, ШектіТілеу, Әль-фараби, Сандыбай көшелері қиылыстарында орнатылған. Көлігінің жарығы жағылмаған, қауіпсіздік белдігі тағылмаған, жылдамдықты асырған, қандай да бір жол қозғалысы ережесін бұзған жағдайлардың барлығы бейнебақылау камераларының назарынан тыс қалмауда.
Түркістан қалалық полиция департаменті мамандарының айтуынша қалада заң бұзушыларды 26 қиылыс пен жолдардың ең апатты учаскелерінде орналасқан 40 желілік учаскеде камера түсіреді. Ереже бұзышылықты полиция қызметкерлері тексеріп, электронды-цифрлы қолтаңбамен растайды. Протоколды egov.kz және qamqop.qov.kz сайттарынан жүктеп алуға болады.
Әрбір аппараттық-бағдарламалық кешен жол бойындағы жол қозғалысы ережелерін бұзуды жазып қана қоймай, сонымен қатар қаладағы қоғамдық қауіпсіздікті бақылайтын бірнеше тар бағытталған және бақылау камераларынан тұрады.
Жол қозғалысы ережесін сақтаған жүргізушілерге алаңдауға негіз жоқ. Ақпараттық жүйеге түскені және басқа да бұзушылықтар туралы айыппұл туралы нақты ақпараттар қосымша хабарланады.
«Сергек» қоғамдық және жол қауіпсіздігі жүйесі алғаш рет 2017 жылы еліміздің астанасында пайда болды. «Сергек әсері» көлік жүргізу тәртібін жақсартуға және сәйкесінше өліммен аяқталатын жазатайым оқиғаларды азайтуға әсер етеді.
Мамандар жолдағы заң бұзушылықтардың көрсеткіші Түркістан қаласында былтырғы жылмен салыстырғанда биыл едәуір төмендеген дейді.