Сапасы «алтын» «Гранд МИКС»-тің өнімдеріне сұраныс жоғары

image.png

Соңғы жылдары Қазақстанда жиһаз өндірісі айтарлықтай дамып келеді. Өңірлерде жиһаз шығаратын ірі кәсіпорындар мен шағын цехтардың саны артып, еліміз осылайша импорттық жиһаздардан бірте-бірте арылып келеді. Бұл отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілетті екенін білдіреді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылдың басында Халыққа жасаған Үндеуінде экономиканы әртараптандырып, импортқа тәуелділікті барынша азайту керектігін айтқан болатын. Міне, отандық жиһаз кәсіпорындары бүгінде осы үдеден шығып отыр. Біздің жиһаздар елімізде ғана емес сонымен қатар көрші елдерде де үлкен сұранысқа ие. Жыл басынан бері жиһаз өнімдері экспортының негізгі көлемі Қырғызстан, Өзбекстан, Германияға жөнелтілген. Сұранысқа ие тауарлардың қатарында пластмасса мен металдан жасалған және жатын бөлмеге арналған ағаштан дайындалған жиһаз сынды тауарлар бар.  

QazIndustry мамандарының пікірінше, қазақстандық жиһаз жасаушылардың әлеуеті өте үлкен, себебі импорттық өнімді Ресей, Түркия, Беларусь, Қытай және Италиядан жиһаз өнімдерінің сапасы мен дизайны бойынша кем түспейтін отандық тауарлармен алмастыру есебінен ішкі нарықта өзінің қатысуын айтарлықтай кеңейтуге мүмкіндік бар.

«Жиһаз өндіру секторы қарқынды дамып келеді, жаңа компаниялар мен жеке кәсіпкерлер пайда болуда, осылайша отандық нарықта бәсекеге қабілеттілік өсуде. Жылдан жылға елімізде тұрғын үй құрылысы белсенді жүріп жатыр, бұл жиһазға деген қажеттілікті арттырады», - деп атап өтті QazIndustry Салалық даму дирекциясының бас сарапшысы Бейсенбек Баймағұлов. Жыл басынан бері жиһаз кәсіпорындарының саны 1,3 есеге артқан.

Ежелден қолөнерге бейім, темірден түйін түйіп, ағаштан ою ойған шеберлерге бай Түркістан қаласы бүгінде бұл өнерді табыс көзіне айналдырып отырған қаланың бірі. Шаһарда қазіргі таңда жиһаз өндірісі кеңінен етек жая бастады. Оның ішінде жаңадан ашылған кәсіпорындардан бөлек тәуелсіздік жылдарынан кейін-ақ бұл істі қолға алған жиһаз фабрикалары бар. Солардың бірі және бірегейі - «Гранд МИКС» фабрикасы. Бүгінде неше түрлі жиһазарды шығарумен айналысатын кәсіпорынның іртетасы сонау 1998 жылы қаланған. Алғашында шағын цехта жиһаз жасай бастаған Түркістанның тумалары Сабыржан мен Камилжан Исхаковтар қазіргі таңда табысты кәсіпкерлерге айналған. Олар алғашқыда жұмсақ жиһаздарды жасап, өнімдерін базардан саудалаған екен. «Бірлік» ауылынан жер телімін сатып алып, түскен табысқа бірте-бірте жаңа қондырғыларды орната бастайды. Кейін «РИЦ «Максимум» қорынан алынған несиеге тағы да заманауи құрал-жабдықтарды сатып алады. Технологиясы дами бастаған цехта тұтынушылар тарапынан жиһазға деген сұраныста арта түскен. Себебі шеберлердің қолынан шыққан өнімдердің сапасы жоғары, дизайны да шетелдік брендтерден кем түспейді.  Жылдан жиналған тәжірибе мен еңбекке, өз ісіне деген адалдық олардың шағын цехын бүгінде ірі жиһаз фабрикасына айналдырды.  Қазір мұнда 150-ге жуық маман жұмыс істейді. Сұраныс республиканың түкпір-түкпірінен түседі екен. Еліміздің 14 облысы мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларындағы дилерлер арқылы жиһаздары республиканың барлық өңіріне жеткізілуде. Карантин шаралары кезінде кәсіпорын жұмысын тоқтатпады. Себебі Президенттің пәрменімен мемлекет тарапынан жергілікті кәсіпкерлерге қолдау көрсетілді. Бұл қолдаудан «Гранд МИКС» ЖШС-да тыс қалған жоқ. Өндірісін өркендету үшін 2017 жылы Халық банкінен 200 миллион теңге көлемінде несиені 5 жылға 15,5 пайызға алған.  Оның 7 пайызын «Даму» қоры төлеп отыр.  Бұл қаржыға кәсіпкерлер 30-ға жуық станок алған.  «Бүгінгі таңда индустриалды аймақтан қосымша 1 гектар жерге өндірісімізді өркендету үшін кәсіпорын салдық. Биылдан бастап тағы қосымша 1,8 гектар жерге кәсіпорынның жаңа ғимаратын салдық. Құдай бұйыртса, жұмысымыздың өрісі кеңеюде. Қазір бәсекелестік заманы, сондықтан алдағы уақытта ізденісімізді тоқтатпай, керісінше жұмысымызды ширата түсеміз»,- дейді жиһаз фабрикасының басшысы Сабыржан Исхаков. 

Аталмыш сауда орталығының «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автокөлік дәлізі бойына жақын орналасуының өзі еліміздің түкпір-түкпіріне саудаланатын жиһаз өнімінің қолжетімділігін қамтамасыз ететіні сөзсіз.

Қазақстанның көптеген аймағын жиһазбен қам­тамасыз етіп отырған жобаның жалпы құны – 364 миллион теңге. Жиһаз фабрикасы  жылына 150-170 миллион теңгенің дайын өнімін өндіреді. Өткен жылы  кәсіпорын 2,5 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, жиһаз түрін де көбейткен.            

Мұнда жаңа отбасылар үшін қандай жиһаз қажет болса барлығын табуға болады. Яғни, электр жарықтандырумен қамтамасыз етілген екі кісілік ыңғайлы диван, кең шкаф, жаңа орындықтар, асхана жиһазы, стол, үстелдер бар. Бағасы да тұтынушылардың мүмкіндігіне қарай ыңғайлы. Жиһаздарда металл деталдарының қолданылуы сапаны арттыруға мол мүмкіндік береді. Жиһаздарды мекен-жайға жеткізу және құрастырып беру кәсіпорын есебінен жүзеге асырылады.

«Бүгінгі күні 200-ден астам әртүрлі жиһаз шығарамыз. Оның ішінде жатын бөлмесіне арналған төсектің 20 шақты түрін шығарамыз. Ас үй жиһазы, балалар төсегін, прихошка, түрлі шкафтар, ас үй столдарын, жаздық столдарын шығарып жатырмыз. Жұмысшыларымыз соңғы үлгідегі Қытай елiнiң «Nanxing» зауытынан шыққан жаңа технологияларда жұмыс жасайды. Жиһаздардың сапасы Түрік пен Италияның өнімінен кем емес. Сондықтан сұраныс та жақсы. Оның үстіне барлығы заманауи технологиямен жасалады. Қазір дайын өнімді еліміздің барлық аймағына жөнелтіп жатырмыз»,-  дейді кәсіпорны директорының орынбасары Камалжан Юлдашев.

 Кәсіпорында тек өнімдердің ғана сапасына мән берілмей, қызметкерлерге де жайлы жағдай жасалған. Айталық жұмысшылар үшін кәсіпорынға келіп-кетуге арналған тасымалдау көлігі қарастырылған. Сондай-ақ жұмысшылардың көңіл-күйі мен денсаулығына да мән беріледі. Фабрика директорының айтуынша кәсiподақ ұйымы тарапынан жылына 20 жұмысшы «Сарыағаш» шипажайына дем алып келетін көрінеді.  Барлық шығындар кәсіпорын есебiнен жұмысшыларға тегiн қарастырылған. 

  Кез-келген істе тәжірибе маңызды роль атқарады. Сол себепті фабрика басшылығы білмегенін өзгелерден үйренсе, білгендерін өзге әріптестеріне үйретуді дәстүрге айналдырған. Осындай ізденістердің арқасында кәсіпорын осы уақыт аралығында елімізде өткен ірі байқауларда «Ең жақсы корпус мебелі», «Ең жақсы асхана мебелі», «Халық тұтынатын ең үздік тауарлар» номинациялары бойынша үздік деп танылған. 2020 жылы «Grand Miks» жиһаз фабрикасы «Халыққа арналған тауар шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша «Алтын сапа» сыйлығына ие болды.

  Бүгінде кәсіпорын түркістандықтардың мақтанышына айналған. Түркістан қаласы – болашақта тек туризм саласымен аты шыққан қалаға емес, сонымен қатар түрлі бағытта өндірісі дамыған шаһарға айналмақ. Бұған жоғарыда аталған «тіс қаққан», бәсекеге төтеп бере алатын, өндірісі жолға қойылған жиһаз фабрикасының әлбетте қосар үлесі мол болмақ. 

Айта кетейік, 2022 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша елімізде жиһаз өнімдерінің өндіріс көлемі 16,4 миллиард теңгені құраған. Атап айтқанда, қаңқасы металдан жасалған отыруға арналған жиһаз өндірісі 6 пайызға, кеңсеге арналған ағаштан жасалған жиһаз 30,4 пайызға, ас үй жиһазы 33,5 пайызға, сондай-ақ жатын бөлмеге арналған ағаштан жасалған жиһаздар өндірісі 2,2 пайызға артқан.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, жалпы, 2025 жылға дейін жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібінде 12 жобаны іске асыру жоспарланған. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Конституциялық сотқа тікелей жүгіну – конституциялық бақылау органының басты ерекшелігі
  • Заңмен тыйым салынған вейппен күрес тоқтамайды
  • Волонтерлер жемқорлыққа қарсы
  • Жүргізушіге қойылған талапты мопед иелері де сезінсе
  • Алаяқтықтың өте қауіптісі — интернет алаяқтық
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер